Жаңа әлеуметтік жобалар жүзеге асырылады

Биыл ауданда «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында 12 әлеуметтік жоба жүзеге асырылмақ. Бұл туралы компания өкілдері тоқсан сайын өткізілетін қоғамдық кеңесте хабарлады. Жылдың алғашқы жиналысының басты жаңалығы – енді қоғамдық кеңеске кез-келген тұрғын қатыса алады, яғни кеңестің тұрақты мүшелері болмайды.

«Қоғамдық консультативтік кеңес өз жұмысын жалғастырады. Алайда, оның форматы өзгереді. Енді тұрақты мүшелік болмайды, осы кеңеске қоғам белсенділері, кез-келген тұрғын еркін келіп, ТШО мен әкімшіліктің бірлесе атқарып жатқан жұмыстары туралы нақты ақпарат ала алады», - деді аудан әкімінің орынбасары Гүлнәфис Айшуақова.
Кеңеске аудан әкімінің орынбасары Гүлнәфис Айшуақова, аудандық «Мансап» орталығының директоры Ақылбек Едігеев, Жанаргүл Шарғабаева, Қанат Бимырзаев, Ибрахим Шәкіров, Қалатай Қазанова секілді бірнеше қоғам белсенділері және ТШО компаниясының жауапты өкілдері де қатысты.


Жиында «Теңізшевройлдың» Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің жаңа тағайындалған бас менеджері Айбек Қрамбаев таныстырылды. Ол тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, «ТШО әлеуметтік жауапкершілігі мол компания ретінде Жылыой ауданының әлеуметтік және экономикалық дамуына демеу көрсетуді жалғастырады. Алайда тұрғындардың да белсенділік танытып, өз үлестерін қосулары керек. Осы кездесулер барысында біз бірігіп өзекті мәселелердің шешімдерін бірге табатынымызға үміттенемін» - деп атап өтті ол.

Компания өкілдері жиын барысында соңғы кеңесте қойылған сұрақтарға жауап беріп, өткен жылы «Игілік» ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында салынған жобалар туралы айтып, енді жүзеге асатын жобаларға тоқталды. Мәселен, Құлсары қаласындағы 75 орындық орталық аудандық аурухананың құрылысы аяқталып, әкімшілік балансына берілді. Қазіргі уақытта «Береке» ықшам ауданында 600 орындық мектеп құрылысы жүріп жатыр және де Құрсай өзенінің жағалауын абаттандыру жобасы жартылай аяқталған. Биыл да Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы өз жұмысын жалғастыратын болады. Осы жылы бағдарлама аясында 12 жоба Жылыой ауданында жүзеге асырылады. Оның ішінде, ауданда тіркелген үкіметтік емес ұйымдар да бар.

Атап айтсақ, «Талаптан» қоғамдық қоры жүзеге асыратын қоршаған ортаны қорғау саласында «Су – тіршілік көзі» жобасы және «Зейін-Атырау» ҚҚ-ның 2023 жылы сәтті жүзеге асырылған «Қадам» жобасы да жұмысын жалғастырады. Сонымен қатар, медицина саласында да «Салауатты ана болу» деп аталатын жаңа жоба жүзеге асырылмақшы. Жоба аясында "Қазақстандық жыныстық және репродуктивті денсаулық қауымдастығы" қоғамдық бірлестігі ана болуға дайындалып жатқан әйел адамдарға арнайы курс өткізетін болады. Сонымен қатар, жиын барысында халықты алаңдататын жұмыссыздық мәселесі де талқыланды. Аудандық «Мансап» орталығының директоры Ақылбек Едігеев жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту қарқынына тоқталып, жұмыспен қамту алгоритмін құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да атап өтті. Жиын соңында қатысушылар өз ұсыныс-тілектерін білдірді.

А.ДЕМЕЛҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521