Өткен жылғы табиғи апат ауданымыз үшін ұмытылмас оқиға болғаны рас. Сол күндердің салқыны әлі күнге дейін желдей есіп, жылыойлықтардың жүрегінде сақталды. Қаламыздың тең жар- ты бөлігін су басып, қаншама үй мен инфрақұрылымдық нысан зардап шекті. Соның бірі – «Достық» ықшам ауданындағы Ерболат Омаров пен Келбатыр Төлесінов көшелерін қосатын Құрсай өзегіндегі көпір еді. Арна толы тасқын судың кедергісіз ағуы үшін ескі көпір бұзылған болатын. Бүгінде қала халқының қатынасы үшін маңызды саналатын көпір қайта қалпына келтіріліп, жуырда ғана тұрғындар игілігіне берілді. Оны «СК-ҚазӘлем» ЖШС тұрғызып, құрылыс жұмыстарын жүзеге асырған еді.
Жоспар бойынша өткен жылдың қыркүйек айында басталуы тиіс жоба желтоқсан айында қолға алынды. Себеп: қаланың осы бөлігін байланыс, ғаламтормен қамтып отырған телекоммуникациялық желінің көпір үстімен өтуі біраз қолбайлау болды. Оған қажетті материалдар Ресейден жеткізіліп, 40 жұмысшы мен 20 техника жұмылдырылып, құрылыс 6 ай уақыт ішінде аяқталды. Қазіргі таңда көпір үсті ұзындығы – 33 метрді, жалпы ұзындығы – 238 метрді, ал ені 17,1 метрді құрайды. Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне арнайы келіп, Жылыой жұртшылығын жаңа көпірдің ашылуымен құттықтаған қала әкімі Қадыржан Адинов жиналғандарға ақжарма тілегін жеткізіп:
-Құрметті қауым, қадірлі ағайын! Бүгін, міне, тұрғындардың көптен күткен жаңа көпірдің ашылу шарасына жиналып отырмыз. Әрине, бұл жергілікті халықтың қауіпсіздігін арттыруға және өңір инфрақұрылымын жақсартуға, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық дамуға үлкен үлес қосқалы тұр. Бұл игі жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барша жұмысшыларға, инженерлерге, жанашырларға алғысым шексіз,-деді өз сөзінде.
Жергілікті автомобиль жүргізушілері үшін маңызы зор жолдың алқызыл лентасын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Гайдар Арыстанов пен «Достық» ықшам ауданы тұрғыны Мұхаммедқали Үркенбаев кесті. Және көпірдің тарихына тоқталған тұрғын:
- Өздеріңіз білесіздер, бұл сонау 1985-1986 жылдары ауданымызда Теңіз мұнай кен орны ашылып жатқан кезде уақытша салынған көпір еді. Әлі есімде, осы жерде құрылысы жүрді. Өткен жылы нысан көз алдымызда құлап, айналадағы жұртқа қауіп төндірді. Оған дейін осы маңдағы тұрғындар болып «осы көпірді жөндеу керек, бұл бізге сын болады» деп жиі айтатынбыз. Ақыры тасқын суға шыдас бермей екіге бөлінді. Десек те, халыққа қырық жылға тарта қалтқысыз қызмет еткен оған өкпеміз жоқ. Енді, міне, бұл көпір қайта қалпына келтіріліп, бұрынғысынан да асып түсті. Жасыратыны жоқ, жұмыс сәл кешікті. Оған себеп те жоқ емес. Не де болса қуаныштымыз,-деді ризашылығын білдіріп.
Бұған дейін көпір жұмысы әлеуметтік желіде сынға ұшырап, тұрғындар оған қажетті бөліктің қирағанын жарыса жазған еді. Оны аудандық жолаушылар көлігі және автомо- бильдер жолдары бөлімінің басшысы Бекет Бозжігітов те растады.
-Көпірдің астында ұзына бойы орналасатын «балка» деген бөлігі болады. Ол мердігердің қателігінен, яғни, дұрыс қоймауына байланысты қыс мезгілінде ығысып кетіп, бір жағына құлап, сынған еді. Бұған оның тиісті талап бойынша тұрмауы – себеп. Тігінен тұруы ке- рек нәрсе жанынан қойылған ғой. Кейіннен мердігер мекеме бұл мәселені өз есебінен шешіп, қайта ауыстырды. Сондықтан алаңдамауға болады,-деді ел ішін дүрліктірген әңгімеге нүкте қойып.
Бүгінде автокөлік көпірі халықтың сұранысы негізінде техникалық түрде ашылды. Мұнда көліктер қатынай алғанмен қажетті жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ