Жаңа Қаратон кентінде аудандық мәслихат депутаттарының сайлауы өтуде

Аудандық мәслихат депутаттарын сайлау - аудан тұрғындарының жергілікті басқаруға қатысып, өз өкілін таңдауға мүмкіндік алатын маңызды демократиялық сәт болып отыр. Жылыойлықтар болашақ депутаттарын өздері сайлап, маңызды науқанда белсенділік көрсетуде.

      Бұл күні Жаңа Қаратон кентіндегі №22 және №23 жалпы орта білім беретін мектептерінде орналасқан №103 және №104 сайлау учаскелерінде дауыс беру қарқынды түрде жалғасуда. Түске дейінгі мәлімет бойынша, екі учаскені қосқанда 1000-ға жуық сайлаушы өз таңдауын жасап үлгерген.
     Сайлау барысы ашық әрі заң талаптарына сай ұйымдастырылған. Учаскелерде барлық қажетті жағдай жасалып, комиссия мүшелері мен байқаушылар өз міндеттерін атқаруда. Сайлаушылардың көпшілігі таңертеңгі уақыттан бастап келіп, белсенділік танытқан. Бұл жөнінде №104 сайлау учаскесінің төрайымы Злиха Аязбаева:
-Иә, тұрғындардың дауыс беру белсенділігі жоғары деңгейде әрі бүгінгі сайлау бірқалыпты өтуде. Таңғы 7-де алғашқы сайлаушылар келіп, өз таңдауларын жасады. Қазіргі уақытта халықтың ағыны үзілген жоқ. Әсіресе түске дейінгі уақытта тұрғындардың келуі артты. Қарт адамдар да, жастар да азаматтық борышын орындауға асығып жатыр. Бұл елдің саяси мәдениетінің жоғарылағанын көрсетеді,-дейді ойын білдіріп. 
    Сайлау учаскелерінде дауыс беру процесін байқаушылар мен кандидаттардың сенімді өкілдері бақылап отыр. Ешқандай заң бұзушылық тіркелмеген. Мүгедектігі бар немесе жасы ұлғайған азаматтарға арнайы үйіне барып дауыс беру мүмкіндігі ұсынылған. Ал тұрғындар бұл сайлаудың маңыздылығын ерекше атап өтуде. Себебі сайлауға қатысу аудандық мәслихат депутаттары жергілікті әлеуметтік мәселелерді шешу, ауылдар мен кенттің инфрақұрылымдық дамуына атсалысу, халықтың пікірін билікке жеткізу сынды маңызды рөл атқаратыны мәлім.

Диана Ізбасарқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT