Бүгінде мемлекеттік қызмет саласына жұмысқа орналасқысы келетін үміткерлерді қызметке қабылдау «еQyzmet» жүйесі арқылы онлайн түрде жүргізіледі. Жаңа жүйе арқылы іріктеуден өткен жас маманның бірі - Самат Ермеков. Ол қазіргі таңда Ақкиізтоғай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы міндетін уақытша атқарушы болып қызмет атқаруда. Осыған орай, біз жаңаша тәсілмен жұмысқа орналасқан ауылдың жас та болса бас болып жүрген маманына бірнеше сауал қойған едік.
- Самат Мырзағалиұлы, жаңа жүйенің іске қосылғанын қайдан білдіңіз?
-Иә, мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жобасы аясында мен Ақкиізтоғай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы лауазымына жұмысқа орналастым. Оның іске қосылғанын аудан әкімінің ресми парақшасынан көріп, арнайы әкім аппаратына барып персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) бөлімінің мамандарынан толық ақпарат алдым. Бұл жерде маған порталға қалай тіркелу керектігі, құжаттарды порталға енгізу жолдары жайлы толық консультативтік көмек берілді. Өздерінде арнайы кабинет жасақталған екен, сол жерде ғаламторға қосылған компьютерде отырып, порталға тіркелдім.
- Бұл жүйенің бұрынғы жүйемен салыстырғанда айырмашылығы қандай?
- Жаңа жүйенің айырмашылығы - бәрі онлайн форматта іске асады. Бұрын біз тестілеуден өту үшін алдын ала жазылып, облыс орталығына барып өтетінбіз. Жаңа жүйенің бір артықшылығы - бұл ауданнан тыс жерге шықпай-ақ онлайн өтінім беріп, барлық кезеңдерге қатыса алуымызда.
- Ал бос орынға конкурс болып жатқанын қайдан білдіңіз?
- Жылыой ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімінен толыққанды ақпарат алғаннан кейін порталды үнемі іздестіріп отырдым. Өзім Ақкиізтоғай ауылының азаматы болғаннан кейін сол өзім тұрып жатқан округтің әкімдігінен бос қызмет орнын қарап жүргенмін. Округ әкімі аппаратының бас маманы лауазымына арнап шыққан хабарламаны көргеннен кейін бос орынға «отклик» бастым. Әрине, конкурстың әр кезеңінен өту оңай болды деп айта алмаймын. Себебі, жеке қасиеттерді бағалау тестілеуінен өткеннен кейін сандық сапалық тестілеу тағы бар. Соңғы тестілеу рәсімдерінде кездесетін сұрақтарды бұрын-соңды білмегесін және интернет жылдамдығына байланысты қиыншылықтар кездесті. Дегенмен бар мүмкіндікті пайдаланып тапсырып шықтым. Ал әңгімелесу кезеңі мен үшін жеңіл өтті деп айта аламын. Себебі, жаңа жүйенің талаптарына сәйкес үміткерге еркін форматта сауалдар қойылады екен. Маған ситуациялық сұрақтар ғана беріліп, алдағы жоспар-мақсаттарым сұралды.
- Бұл жүйенің әлі де жетілдіретін тұстары бар деп есептейсіз бе?
- Әрине, «Көш жүре түзеледі» деген қазақта жақсы сөз бар. Әрбір жаңа басталған жобаның артықшылығы мен кемшілік тұстары да болады. Оны іске қоспай жетілдіру мүмкін емес деп ойлаймын. Себебі, барлығы тәжірибе арқылы келеді деп есептеймін. Жетілдіруді қажет ететін тұстары - менің ойымша конкурс процедурасының ұзақ уақыт алуы. Сол мәселе жолға қойылса жақсы болар еді.
- Мемлекеттік қызметке келуіңізге не себеп болды және алда қандай жоспарыңыз бар?
- Мемлекеттік қызметкер болу – елдің дамуы мен қоғамның әл-ауқатын арттыру жолында маңызды рөл атқаратын жауапты қызмет. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметкер болу дегеніміз - бұл қоғамға қызмет ету деп түсінемін. Осы орайда мен жұмысты өзімнің туып-өскен жерімнен бастауды жөн деп есептедім. Өйткені қазақта «Ел қуатты болмай, бақ тұрақты болмайды» деген нақыл сөз бар. Осы орайда мемлекеттілікті нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін маңызды бастамалар қолға алынуда. Оның ішінде ауылдық жерлерде де ірі-ірі жобалар іске асуда. Сол бастамаларға теңізге тамған тамшыдай болса да өз үлесімді қоссам деймін.
- Әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан Азамат Молдашев,
арнаулы тілшіміз