Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы барлық қазақстандықтар өміріне жаңаша серпін берді. Ол соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалғаны, еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгеріп, жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатырғанын айрықша атап өтті.
Расында да, Мемлекет басшысы атап өткендей азаматтарымыздың бойында жаңа әдет - дағдылар қалыптасып, өзгеше құндылықтар орнығып жатыр. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Президенттің Жемқорлықсыз мемлекет құруға деген ынтасы мен осы бағыттағы батыл бастамалары отандастарымызды, сөз жоқ, разы етеді. Лайықты азаматтар жоғары лауазымды қызметтерге келе бастады. Елдің бірнеше облысын су басқанда халық пен билік бірлесе қимыл жасады. Осы бір сын сағаттарда «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дегенге тағы да көз жеткіздік.
Өзім ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында еселі еңбек еттім. Сондықтан да Жолдауда аграрлық салаға баса назар аударылып, «Ауылым – алтын бесігім» мемлекеттік бағдарламасының іске асып жатырғаны қуантты. Шаруаларды қаржылай қолдау күн тәртібіндегі мәселеге айналды. Бұл бағытта тиісті министрліктер мен әкімдерге нақты тапсырмалар берілді. Көңілге қонымды осындай істер игілігін берсе деп тілейміз.
Тағы бір көтерген мәселе: Үкімет кәсіптік білім беру саласына реформа жасауды қолға алмақ. Экономиканың өсімін қамтамасыз етуде бұл маңызды бастама деп есептеймін.
2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағанын құптаймын. Енді техникалық және кәсіби білім беру жүйесінде де реформа жүзеге асады. Сондай-ақ, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясы насихатталмақ. «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді» деді Мемлекет басшысы.
Біздің аудан үшін аса маңызды - «Таза Қазақстан» іс-шарасы. Оған бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық отандасымыз қатысыпты. Жүздеген мың аула тазартылған. Бір миллион тоннадан астам қоқыс шығарылған.
Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Президент айтқандай, ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады.
Меңдібай Хайруллин,
Еңбек ардагері