«Жақсылық жасаудан шаршама»

Түбірі «адам» деген сөзден пайда болған «Адамгершілік» деген ұғым бар.

Биік әрі қасиетті ұғым болғандықтан біз осы сөзді бас әріптермен жаздық. Адам екенсің, ендеше адамгершілігің де болуы қажет деген де жазылмаған заң бар.

Бірде бір таныс шопыр досымыз мынадай әңгіме айтып берген.

-Баяғыда қала ішінде машинаммен келе жатсам, жолдың жиегінде құлап жатқан бір бейтаныс қызды көрдім,- деп бастады ол әңгімесін.- Қасымен олай-бұлай көліктер шұбырып жатыр, біреуі кідіріп «мына бейшараға не болды екен?» деп ойламайтын тәрізді. Мен дереу автокөлігімді тоқтатып, бойжеткеннің қасына жүгіріп бардым. Тамырын ұстап қарап ем, соғып тұр екен, бірақ көзін ашпай ес-түссіз жатыр. Дереу «Жедел жәрдемге» телефон соқтым, дәрігерлер де келді. Кетуге ыңғайланып едім, «Тұра тұрыңыз, қазір полицейлер келеді» ,-деді бірі. Айтқандай тәртіп сақшылары да келді. Келді де мені тергей бастады.

Байқауымша, мені көлігімен қызды қағып кетті деп күдіктеніп тұр. Мен көлігіммен қақпағанымды, жерде құлап жатқан соң көмектесуге тоқтағанымды айттым. «Оны анықтаймыз, қыз есін жинаған соң болған оқиғаны өз аузынан естуіміз қажет, оған дейін сіз бізбен бірге боласыз»,-десті. «Ал егер қыз жазатайым ауруханада олай-пұлай боп кетсе не болмақ?»,- деп үрейлене сұрадым. «Онда сіз жауапкершілікке тартыласыз»,-дегені. Жазықсыздан жазықсыз, қараптан қарап кінәлі атанып шыға келемін бе деп тұла бойымды аздап үрей билегені рас. Бірақ ақ екенім Құдайға ғана аян. «Аққа Құдай жақ» дегендей, арымның таза екені белгілі болған соң өрекпіген көңілімді бастым. Амалсыз әлгілерге ілесіп ауруханаға келдім. Бейтаныс қызды қатаң аурулар бөліміне алып кетіп, дәрігерлер жедел емдей бастады. Қабылдау бөлмесінде күтіп отырмыз. Мұндайда уақыт та өтпейді ғой. Минуттар, секундтар да сарылып әрең өтуде. 4 сағаттай отырдық . Бір кезде «сырқат есін жинады» деген қуанышты хабар келіп жетті. Сәлден соң палатаға барып, бейтаныс қызбен тілдестік. «Жол бойында келе жатып кенеттен ауырдым, өзімді жайсыз сезініп, басым айналып құлап түстім. Ешқандай көлік мені қаққан жоқ, мына кісінің мүлдем жазығы жоқ»,-деді қыз. Сондағы қуанғанымды көрсеңіз! Полицейлер «Осыны растап жазып беріңіз» деген соң, ауырып, қиналып жатса да әлгі мыңболғыр қыз анықтаманы жазып берді,-деп аяқтады әңгімесін жүргізуші .

- Сол сәтте қыздың көзінен ризашылығын байқадым. Рахметін айтты. Ал мен жазықсыз кінәлі болмағаным өз басыма үлкен олжа болып қуанып жөніме кеттім. Сонда деймін-ау, егер қыз куәлік ете алмағанда не болар еді?- деп басын шайқады ақкөңіл ақеден азамат.

Осы әңгіме көпке дейін ойымнан кетпей жүрді. Адамдар «адамгершілік» деген ұғымды ұмытпасы анық. Алайда біреуге жақсылық жасауды қаперіне де алмайтын қарау, тек қарақан басын ғана ойлайтын өзімшіл, біреуді қулық-сұмдықпен алдағысы кеп тұратын арамза, біреудің жетістігін көре алмайтын қызғаншақ, біреуді сыртынан ғайбаттайтын өсекші пенделер аз емес-ау.

Осындайлардың кесірінен түбірі адам деген сөзден тұратын адамгершілік деген ұғым қоғамда, өмірде жоғалып кететін тәрізді алаң күй кешесің. Бірақ жарық пен көлеңкенің жоғалмайтыны тәрізді жақсылық пен жамандық майдандасқан өмірде осынау биік ұғымның да жоғалмасы анық!

Қазақтың талантты ақын қызы Фариза Оңғарсынова апамен телефон арқылы тілдесетінмін. Адамгершілігі бір басына ғана емес күллі алашқа жетіп-артылған, қалам ұстаған күллі жастарға қамқор болған апатайым сонда ерінбей-жалықпай әңгімемді тыңдап отыратын. Мен атақты адаммын, уақытым жоқ деп бәлсінбейтін. Ең бірінші қарт ата-анамның қал-жағдайын сұрайтын. Осы күні ақынның соншалықты қарапайымдылығына таңғаламын. Солайша бір әңгімелесіп (апам - Астанада, мен - Құлсарыда) отырғанымызда адамгершілік туралы сөз қозғадық.

-Апа-ау, мен біреулерге өзімше жақсылық жасаймын, ал кейбіреулер сол жақсылығыма жамандықпен жауап береді және ондайлар аз емес. Бұл қалай?-дедім.

- Ия, жақсылыққа жамандықпен жауап беретіндер бар,- деп күлді ол. -Бірақ сен оған қарама, адамдарға жақсылық жасай бер!

Ұстаз санайтын ұлы ақынның осы ұлағатты сөзін әлі күнге ұстанып келемін. Жоғарыда әңгіме айтқан жүргізуші жігіттің сөзінен налығандықты байқадым. Жас жігіт «біреуге жақсылық жасаймын деп басым пәлеге ұрынуға қалды, енді ондайды қояйын» деп те ойлауы мүмкін. Алайда өмірде жақсылыққа жамандықпен жауап беретін немесе адамгершілігі жоқ адамдар ғана емес, адамгершілігі мол адамдар да көп. Сондықтан ақын апа айтқандай, «Жақсылық жасаудан жалықпайық!»

С.ТӘЖІҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521