Жаңа төраға сайланды

Аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің кезекті V пленумы болып өтті.

Оған облыстық кеңестің төрағасы Қатимолла Ризуанов, аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров, аудан ардагерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды.

Былтырғы тамыздан бастап аудандық кеңестің төрағасы Тілеген Кәдіров денсаулығына байланысты өз өтінішімен төрағалықтан босаған еді. Осыған орай оның міндетін мемлекеттік қызмет саласы ардагерлері бастауыш ұйымының төрағасы Сағымбай Бектілеуов атқарып келді. Сондықтан пленумда бес ай ішінде кеңес жұмысын жүйелі жүргізіп келе жатқан мемлекеттік қызмет ардагері Сағымбай Сәрсенбайұлын төрағалыққа сайлау жөнінде ұсыныс түсті.

Сөз алған ардагер-мұнайшы З.Бозтаев, Жаңа Қаратон және «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы ардагерлері кеңесінің төрағалары О.Молдашев, М.Исайнова, мемлекеттік қызмет саласы ардагерлері бастауыш ұйымы төрағасының орынбасары С.Мақутов және басқалар С.Бектілеуовтің кандидатурасын қызу қолдады. Күн тәртібіндегі бірінші мәселені талқылаған кеңес мүшелері дауысқа салып, Сағымбай Бектілеуовті бірауыздан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы етіп сайлады.

Екінші мәселе бойынша хабарлама жасаған кеңес төрағасы С.Бектілеуов аудан ардагерлерін ҚР-ның Президенті Қ.Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттап, Ұлы Абайдың 175 жылдығын өз деңгейінде атап өтуге бір кісідей атсалысуға шақырды. Пленумда сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ә.Шәкіров жаңадан сайланған кеңес төрағасын құттықтап, еңбегіне жеміс тіледі. Жиналысты қорытындылаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Ризуанов ардагерлерді С.Бектілеуовке қолдау көрсетуге шақырды.

Бұрынғы төрағаны үйіне барып, абыройлы еңбегі үшін арнайы алғысхатпен марапаттап, құрмет көрсететінін мәлім етті. Кеңес күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты тиісті шешім қабылдады.

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521