Жаңа қосымша келушілердің мәртебесін анықтауға мүмкіндік береді

«Ashyq» қосымшасына атыраулық кәсіпкерлер де қызығушылық таныта бастады

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Атыраудағы филиалының баспасөз хатшысы Әсел Тұяқбаева «Ashyq» жобасына жергілікті кәсіпкерлер қызығушылық білдіріп жатқанын айтады. Айтуынша, бизнес өкілдеріне «қызыл» және «сары» аймақтарда «Ashyq» қосымшасының арқасында жұмыс істеуге болады. Бұл санатта қонақ үйлер мен халыққа қызмет көрсету орталықтары, банктер, мемлекеттік органдар мен медицина орталықтары бар.

– Ashyq – кәсіпкерлерге карантин кезінде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін қосымша. Мобильді қосымша қоғамдық орындарға баратын адамдарды тіркеп, кәсіп иесіне коронавируспен ауырған адамдар туралы ақпарат береді. Қандай да бір мекемеге кірмес бұрын пайдаланушы арнайы QR-кодты сканерлейді де, оны кіреберісте тұрған әкімшіге көрсетеді. Код әлгі адамның статусын анықтайды. Азаматтардың статусы денсаулық сақтау министрлігіндегі мәліметтер базасымен салыстырғаннан кейін белгілі болады. Мекеменің QR-кодын сканерлегеннде келген адамның статусы түрлі-түсті форматта көрсетіледі. «Қызыл» статус – адам вирус жұқтырды деген сөз. Яғни, оның тапсырған ПТР-тесті оң нәтиже көрсеткен. Мұндай статустағы адамдар үйден шықпауы тиіс. «Сары» статус – келушінің ауру жұқтырғандармен байланыста болғанын білдіреді. Оларға үй маңындағы азық-түлік дүкендеріне немесе дәріханаларға баруға рұқсат етілген. «Көк» түс шықса, ПТР-тест міндетті саналатын орындарды қоспағанда, жүріп-тұруға ешқандай шектеу жоқ деген сөз, – дейді ол.

Атырауда алғаш болып «Ashyq» жобасын енгізген «Infinity Fitness» фитнес орталығының басшысы Динала Чалиева өз тарапынан қызығушылық білдіріп, жергілікті кәсіпкерлер палатасымен кеңескенін айтады.

– Алматыдағы әріптестерімнен локдаунға қарамастан осы жобаның арқасында олардың қалыпты жұмыс жасағанын естідім. Мен де олардан қалғым келмеді. Әрі, бұл халықтың денсаулығын қорғау үшін де қажет. Жаңа қосымша орталыққа келушілердің мәртебесін анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, коронавирустың бар-жоғына тапсырылған сынамасы оң нәтиже көрсеткен тұрғындарға қызыл түс жанады. Олар қоғамдық орындарға уақытша кіре алмайды. Ал, көк немесе жасыл түс жанса, кіруге рұқсат бар, – дейді ол.

Фитнес орталығына келуші Әсел Балғабаева ұялы телефонына «Ashyq» қосымшасын жүктеп алғанын және оны қолдану өте ыңғайлы екенін айтады. Тіпті, телефон болмаған күннің өзінде жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН/ИИН) енгізу арқылы да мәртебені оп-оңай анықтауға болады. Жоба қатысушылары QR-код алу үшін infokazakhstan.kz сайтына өтініш беруі керек.

Сондай-ақ, қосымша сұрақтар бойынша Telegram мессенджеріндегі @support_ashyq_bot қызметіне немесе өңірлік кәсіпкерлер палатасының 8(7122)763657, 87025001308 (Еркінбек), 87075093088 (Еркебұлан) нөмірлеріне хабарласуға болады. Жалпы, еліміз бойынша балалар демалыс лагерьлері мен балаларды сауықтыру орталықтары, көрмелер, ірі сауда орталықтарындағы фудкорттар мен жоғары оқу орындары да бар. Бүгінде өңірлерде 48 кинотеатр жұмысын бастады. Жуырда жобаға театрлар қосылмақ.

Айта кетейік, 27 сәуірдегі дерекке сәйкес, Ashyq жобасына қатысушылардың жалпы саны – 1 658, ал қосымшаны қолданушылар 378 мыңнан астам адамды құрайды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521