Жаңа газ құбырлары тартылмақ

«Жылыойгаз» ЖШС-де 2019 жылдың 1 жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды.

Серіктестік директоры Ғалым Жақашев баяндама жасады. «Инвестициялық бағдарламаның мақсаты - тозығы жетіп, физикалық тұрғыда ескірген өндірістік активтерді жаңарту. Атап айтқанда, №1 автоматты газ тарату бекетін заманауи тұрғыда жасақталған, газ өткізу қуаттылығы сағатына 50 000 текше метрді құрайтын автоматты газ тарату бекетіне ауыстыру. Аталған жұмыс қазіргі уақытта басталды. Бұндағы мақсат - апаттардың санын азайту, тұтынушыларға газ құбырлары мен қондырғылары арқылы табиғи газды толассыз жеткізу, газ ысыраптарын азайту»,-деді ол.

2019 жылға бекітілген табиғи газды тасымалдау көлемі 124 000,00 мың текше метр болса, ағымдағы жылдың 1 жартыжылдығының көрсеткіші - 83 279,398 мың текше метрді құраған. Бұл - аудан бойынша табиғи газға деген сұраныстың артқандығын білдіреді.

Серіктестік «бір терезе» принципімен жұмыс жасайды. Яғни, әр тұтынушы «бір терезе» арқылы барлық сұрақтарына нақты жауап ала алады, тапсырыстарын, арыз-шағым, ұсыныстарын бере алады және техникалық шарт, анықтамалар, т.б. тиісті құжаттарды да рәсімдей алады. Нәтижесінде бұрынғыдай әр кабинетті жағалап, әр қызметкерді іздеп жүрудің қажеттілігі жоқ.

Серіктестіктің кеңсесіне келіп, кезек алған тұтынушылар арасында түсініспеушілік туындамас үшін «электрондық кезек» жүйесі орнатылған. Нәтижесінде, әр тұтынушы алаңдамай өз кезегін сол жерде орнатылған теледидар арқылы көріп отырады.

-Жылу беру маусымы алдында газ қондырғыларын пайдалану ережесін аудан тұрғындарына түсіндіру мақсатында ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап қазан айының 7-сі аралығында қауіпсіздік іс-шараларын ұйымдастыру жоспарлануда,-деді серіктестік директоры. Айлық кезінде Майкөмген, Шоқпартоғай, Ақкиізтоғай, Қосшағыл, Тұрғызба, Жаңа Қаратон ауылдарына және Құлсары қаласында тұтынушылармен кездесіп, «Тұрмыста газды қауіпсіз қолдану», «Газ құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздікті сақтау» атты тақырыпта жиын-кеңестер өткізіледі.

Ғалым Жақашев баяндамасында даму жоспарымен де бөлісті. Атап айтсақ, 2019-2020 жылдары игерілмеген жаңа аймақтарды газдандыру жоспарланған. Яғни, Құлсары қаласындағы 5-ықшамауданнан өндірістік аймақта орналасқан «Жылыойстройсервис» ЖШС-і аралығында жерүсті орта қысымды қимасы 325 мм газ құбырын қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ. Нәтижесінде жалпы ұзындығы 1 885,6 метр газ құбыры қимасы 110-315 мм полиэтилен құбырға ауыстырылып, жердің астымен жүргізіледі.

Сонымен қатар, Жаңа Қаратон, Тұрғызба, Қосшағылда өндірістік-әлеуметтік құрылыстардың көбеюіне байланысты жаңа газ жүйелерін тарту мен қосымша жаңа газ реттегіш қондырғылар орнату қажеттігі туындап отыр.

Жаңадан салынатын «Атырау» ықшамауданына ұзындығы 9500 метр төмен қысымды газ құбырын жүргізу жоспарлануда.

Серіктестік қызмет жүйесін заман талабына сай оңтайландыру мақсатында, «Мобильді қосымша» бағдарламасын да енгізуді жоспарлап отыр. Тұтынушы өз ұялы телефонына «Мобильді қосымшаны» жүктеу арқылы кез келген уақытта өзінің тұтынған газ есебін, көрсетілген өзге қызмет, төлемақылар жөнінде ақпараттарды көріп, төлем жасай алады, сонымен қатар есеп құралының көрсеткіштерін жүктеп алады.

Сондай-ақ, кез келген ескерту, мәлімдеме, хабарламаларды біліп отыру үшін ұялы телефонға смс-хабарлама ретінде жолдау қызметін қосу жоспарлануда.

Директор бұдан әрі қоғамдық тыңдауға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Ж.Шаңқанова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521