Жаңа Қаратонда өзекті мәселе көп

Осы аптаның сейсенбісі күні Жаңа Қаратон кенті әкімінің халық алдындағы есеп беруіне келген тұрғындар мол болды.

Кент әкімінің міндетін атқарушы Сара Исақанова өткен 2018 жылы жасалған жұмыстар туралы ел алдында есеп беріп, биылғы 2019 жылы жасалатын жұмыс жоспарымен таныстырып, баяндама жасады. Жүзеге асқан жобалар туралы нақты деректер мен дәйектер экран арқылы көрсетіліп тұрды.

Баяндамадан соң кент тұрғындары өз ұсыныстары мен өткір пікірлерін айта бастады. Алдымен, сөз алған залда отырған ардагер қария Әбіл Бабасов бірнеше мәселе туралы айтты.

 - Ауыл тазалығын ретке келтіру керек ,- деді ол,- Екіншіден,осы кент аумағында түйе, жылқы бағатын көптеген шаруа қожалықтары бар, солар шұбат, қымыз, басқа да өнімдерін неге ауыл тұрғындарына сатпайды? Үшіншіден, кент көшелерімен ауыр жүк машиналарын жүргізбеу керек. Осы кенттің өзінде 50 шақты дизельмен жүретін машина бар, бұлар – мұнай компанияларында жұмыс жасайтындар, солардың кесірінен күнде түтін мен шаң жұтып отырмыз. Ауыр машиналар жүруге болмайтыны туралы арнайы жол белгісі қойылуы керек. Кент тұрғындары шөп өртейді, жел жақтан бұрқыраған түтіннен демалу мүмкін емес. Осындай келеңсіздіктерге тыйым салынуы керек.

Бұған кент әкімі міндетін атқарушы С. Исақанова жауап берді. Ол «Жол белгілері қойылу үшін құжаттар жасақталып жатқанын, ал ауыл тазалығын сақтау үшін мекемелер, мектеп үнемі атсалысып, көшелер тазаланатын, оны бақылауға полиция да жұмылдырылып отырғанын» айтты.

Залдан бір апай көшеде тазалық жоқтығын айта кеп, тұрғындардың жиналған қоқыстарын арнаулы мекеменің 20 күнде бір алып кететінін, есік алдында жарықтың жоқтығын, сондай-ақ нан бағасының қымбаттығын айтып шағынды.

Тұрғындар сауалына «Жылыой-тазалық» ЖШС директоры Бауыржан Абдрахманов жауап берді. Ол кей тұрғындардың келісімшартта көрсетілмеген сынған жиһаз, сынған мұздатқышқа дейін қоқыс тастайтынын, үйілген мал көңін алып кетуді міндеттеп, орынсыз талап қоятынын баяндады. Ал келісім-шартта бұлар көрсетілмеген екен.

Бұдан кейін де тұрғындар бірінен соң бірі сөз алып, өтініш, арыздарын айта бастады. Бір тұрғын электр жарығының мардымсыз екендігін жеткізіп, су тазартылса екен десе, енді бір тұрғын кенттегі мешіт қасындағы өздері тұратын жердің сазды , батпақ екенін, жауын-шашынды күндері жаяу жүрудің қиындығын айтты.

Есеп беру жиналысында газ бағасының қымбаттығы мен сапасы туралы да реніш айтылды. Бұған «Жылыойгаз» мекемесінің бас инженері Мейрам Досжанов жауап берді. Ол газ бағасының тарифі ТШО-мен келісім негізінде бекітіліп кеткендігін түсіндірді. Ал газ сапасы нашар деген ренішке ТШО-ның зертханада газ құрамына 5 күн сайын тексеру жүргізіп отырады деген уәжбен жауап қайтарды.

Тұрғындар көтерген тағы бір мәселе - техникалық су жайы. Тал суғаруға, тұрмыста пайдалануға берілмесе де, мол судың далада текке төгіліп жатқаны туралы сөз болды. Канализация жүйесін жөндеуге келетін жұмысшылардың құрал-жабдықтарының жеткіліксіздігін, тіптен шелекке дейін тұрғындардың өзінен сұрап алатынын айтып, бір тұрғын реніш білдірсе, енді бірі тазалық жұмысын атқарып жүрген жұмысшылардың еңбекақысы мардымсыз екендігін айтып, олардың жалақысын көтеруді сұрады. Көше тазалығында жүрген 1 ғана трактор екендігін, көліктерінің «алау-далау боп жүретін» ескілігін, тазалықшылардың небәрі 28 мың теңге алатынын жеткізді ол. Тазалыққа байланысты бір тұрғын ауылдастарына қарата мынадай пікір білдірді: «Өзіміз де мәдениетті болуымыз керек. Көптеген тұрғындар алып кететін көлік келуін күтпей, қоқыстарын далаға қояды, содан оны ит, мал шашады».

Залдан бір кісі тағы бір өзекті мәселені көтерді. Ол жастардың жұмыссыздығын, ірі өндірістік компаниялардың еңбек келісімшартын тек бір жылға жасап, жұмысшыларды қалған уақытында шығарып жіберетініне қынжылыс білдірді.

Кенттегі қиын мәселенің бірі жарықтың әлсіздігі болса, бір апай электр есептегіш құралды ауыстыруға байланысты көрген қиыншылығын ренжи жеткізді. Ол есептегіш құралды ауыстыру мәселесімен арнаулы мекемеге барғанда есік алдында отырған күзетші мен координатордың басшыға кіргізбегенін, осылайша табанынан таусылып, әбден әуре-сарсаңға түскенін айтты. «Сол кезде қан қысымым көтеріліп, ауырып та қалдым» деп шағынды әйел адам.

Тағы бір жаңақаратондық тұрғын кентте бос жүрген иттердің көптігін, содан қорыққаннан сабақтан келетін балаларын өзі күтіп алатынын, көшелерінің батпақ екендігін айтты. «Міне, осы кентке көшіп келгенімізге 19 жыл болды, әлі батпақ кешіп жүрміз, батпақтың кесірінен балаларымызға аяқкиім шақ келмейді»,- деді ол.

Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е. Смағұлов бұған дейін көптеген көшелерге жол төселгенін, енді 18 шақырымдық жол салу жобасы қаралып жатқанын баяндады.

Ия, жаңақаратондықтар жарыса айтқан ұсыныс көп болды. Аудан әкімі Азамат Бекет жиналысты қорытындылап сөз сөйлегенде оның барлығы хаттамаға жазылғанын, халықтың бұл ұсыныс, өтініштері түгел ескеріліп, соған сай жұмыстар жасалатынын айтты. Алайда кез келген жобаның бірден жүзеге аспайтынын, оған қаржы қарастырылатынын, сондықтан бұл белгілі бір мерзімді қажет ететіндігін айтып та түсіндірді. Кент ардагерлер ұйымының жетекшісі Оразғали Молдашев бұған дейін кент әкімі болған Қаржау Шарғабаев жұмысына оң баға бере отырып, ризашылығын білдірді.

С.Тәжіқызы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521