Жаңа Қаратон жарқын келбетке ие болмақ

Мамандық бойынша, лауазымды қызмет табылмады деп, қол қусырып жүре беруге болмайды.

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының соңғы күнінде «Nur Otan» партиясы атынан аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер Кеңес Рейимов пен Дүйсенбай Бохаев ауданға қарасты Жаңа Қаратон кентінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуде әдеттегідей партияның бес жылға жасақталған сайлауалды бағдарламасы түсіндіріліп, өзекті бағыттары таныстырылды.

Жүздесу барысында алдымен кандидаттар жиынға қатысушыларға өздерін таныстырып, келгендегі мақсаттарын баяндады. - Негізінен, кез келген партияның сайлауалды бағдарламасы халықтың үніне құлақ асумен, олардың айтқан ойларына ден қою барысында жасақталып, ұсыныс ретінде жоспарға енгізіледі. Осы жолғы бес жылға жобаланған бағдарламада Қаратон кентіне толықтай асфальт жолдар төселіп, көшелерге жарық шамдар жүргізу қарастырылып отыр, – дейді үміткерлер. Кандидаттардың айтуы бойынша, бағдарламаның басым бағыттарынан хабардар болған тұрғындар, түсіндіру жұмыстары аяқталған соң, біртіндеп сұрақ жолдауға кірісті. Бірі өзінің жеке бас мұқтаждығын көпшіліктің көзінше жасырмай айтса, енді бірі қоғамдағы түйтілді мәселелерге тоқталып өтті.

Дәл қазіргі сәтте аудан тұрғындарының өзекті мәселесіне айналып отырған қиындық, бұл – жұмыссыздық. Тұрғындар өздерінің жоғарғы оқу орнын аяқтап, қолдарына күректей дипломын алса да, әлі күнге жұмыс таппай жүрген балаларына алаңдаулы. Үлкен қалада білім алып, туған жеріне келгенде мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, сенделетін перзенттерінің болашағы кім-кімді болса да толғандырмай қоймайтыны әсте белгілі.

- Қазіргі заман – өте тез заман. Мамандық бойынша, лауазымды қызмет табылмады деп, қол қусырып жүре беруге болмайды. «Нұр Отан» партиясы атынан үміткер Рейимов Кеңес:- Жұмыс жоқ деп біреуге телміріп отыру, бүгінгі заманның талабына өте қайшы келеді, әрі жастарымыздың жалқаулыққа бет бұрып бара жатқандығы менің көңіліме келеді. Қазір мемлекет жұмыс істеймін деген адамға барлық жағдайды жасап қойған. Керек болса, бір кәсіп иесі атансын деп әр түрлі жобалар аясында оқыту шараларын ұйымдастырып, керек десеңіз, қайтарымсыз гранттар да бөлуде. Тек біз осы жасалып жатқан игілікті бастамаларды іліп әкетіп, өмір сүрудің көзін таба білуіміз қажет. Сонда ғана нарықтық экономика ағымына қарай, бәсекеге қабілетті, табысты мамандарды көптеп даярлай аламыз. Кәсіпкер болу деген, өзіңмен қоса, өзгелерді де жұмыспен қамту. Бұл не деген сөз? Егер ауданда кәсіп ашушылар көбейсе, жұмыссыз азаматтардың да саны азаяды деген сөз. Сондықтан, сіздер ата-аналар, баланы мектеп кезінен өзі қаламайтын салаға бағыттап, олар үшін шешім қабылдағанша, келешегіне кедергі келтірмей, қиыншылықсыз күн кешетін жолды көрсетсеңіздер екен – деді кездесу барысында.

Сондай-ақ, кездесуде кент ішіндегі ірілі-ұсақты проблемалар айтылып кейбірі тіпті уақыт күттірмей өз шешімі табылатыны белгілі болды.

Айтылған пікірлер мен ұсыныстарды үміткерлер тиісті органдарға жеткізетіндерін айтып, саяси науқан аяқталған соң бір нәтиже боларына сендірді. Осыған сәйкес, мәселердің барлығы өз ретімен, оң шешілуі үшін ең әуелі тұрғындарды партияға дауыс беруге шақырды.

Ш.Хамитова

"Nur Otan" партиясының Атырау облысы Жылыой ауданы

сайлау қоры қаражатының есебінен төленді

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521