Жаңа №6 мектептің қадасы қағылды

Құлсары қаласында №6 жалпы білім беретін орта мектептің жаңа оқу орны ғимаратының құрылысы басталды.

«Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» әлеуметтік инфрақұрылымдық бағдарламасымен қаржыландырылатын бұл игілікті жобаға тапсырыс беруші облыстық Құрылыс басқармасы болса, құрылыс жұмыстарын жүргізетін басты мердігер мекеме ауданның «Орлан» ЖШС болып табылады.

6mektep

580 орындық мектептің құрылысына ТШО 2 млрд. теңге қаражат жұмсағалы отыр. 2021 жылдың сәуір айында ол толықтай пайдалануға берілуі тиісті. Осыған байланысты өткен сәрсенбі күні аталған жаңа білім ордасы құрылысының қадасын қағу рәсімі болып өтті. Оған аудан әкімі Азамат Бекет, ТШО мен мердігер мекеменің басшылары, жетекші мамандары, мәслихат депутаттары, ұстаздар мен ата-аналар қатысты.

6mektep2

Салтанатты сәтте құттықтау сөз сөйлеген аудан басшысы Азамат Бауыржанұлы елімізде балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бағдарламалар жасақталғанын, жаңа мектеп құрылысы - соның бір парасы екенін атап өтті. Бұл ретте ескі мектеп мұғалімдері мен ата-аналар үшін бүгінгі күн аса маңызды. Сондықтан оларды жаңа оқу орны ғимараты құрылысының басталуымен шын жүректен құттықтап, құрылысшыларға сәттілік тіледі.

6mektep3

Осы істің басы-қасында ТШО-ның күрделі жобалар менеджері Рама Каптамени жүрді. Алайда ол қызмет бабымен осы салтанатқа келе алмады. Сондықтан компания атынан сөз алған Нұрлан Мұратов ТШО басшыларының сәлемін жеткізді. Ол «Игілік» бағдарламасымен ауданда 90-ға тарта жоба жүзеге асқанын мақтан тұта келіп, жалпы аймаққа 1,8 млрд. АҚШ долларынан астам қаржы жұмсағанын мәлім етті.

Оның айтуынша, құрылыс жұмыстары кезінде сәулеттік бақылауды «Шыңдау» ЖШС жүзеге асырса, «ПСК Даму» ЖШС жобаның техникалық қадағалауына қатысады. Болашақ мектептің қадасын қағу бақыты аудан әкімі Азамат Бекет, ТШО өкілі Нұрлан Мұратұлы және «Орлан» ЖШС-нің директоры Кенжебек Мырзағалиевтерге бұйырды. Олар «Жылыой ауданы әкімдігі», «Теңізшевройл» ЖШС», «Орлан» ЖШС» деген жазуы бар алғашқы кірпіштерді қалап, оқу орны іргетасының тұсауын кесті.

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521