Артур мүмкіндігі шектеулі болса да ойлау қабілеті жақсы дамыған.
Өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл сайын артып келеді. Әрбір еріктінің басты міндеті - өз еркімен ақысыз көмек көрсету. Жыл өткен сайын еріктілерге ерекше көзқарас қалыптасып келеді. Бүгінде осы еріктілердің күшімен жасалған тағы бір игі істің куәсі болдық.
Жылыой ауданындағы Шоқпартоғай елді мекені тұрғыны Артур Кенжалиев туабітті сал ауруымен ауырады. Осы мүмкіндігі шектеулі жанның әлеуетке айтқан мұң мұқтажы мен тілегі бүгінде Жылыой халқының және еріктілердің жұмылуымен жүзеге асып отыр. Қазір жалғызбасты анасы екеуі мүгедектікке және оны қараушысына берілетін 35 мың жәрдемақымен ғана күн көріп отырған екен. Артур мүмкіндігі шектеулі болса да ойлау қабілеті жақсы дамыған. Сөйлеген сөзі түсініксіз болса да, анасы тілін түсініп үйренген. Әлеуметтік желі арқылы өзіне көмек керектігін, соның ішінде ескі үйде тұратынын, үйінде жуынатын жер де жоқтығын жеткізген. Анасының айтуынша, баласы қазіргі таңда 30 жастан асқан, жыл сайын көтеру, жуындыру өте қиындай түскен.
Аудандағы халық арасынан шыққан ерікті топтар бұл жағдайға бейжай қарамай халықтан жиналған қаражатқа Артурдың бітпей тұрған үйіне жаңдан жөндеу жасап, кермелі төбесін тартып, жылу жүйелерін жүргізіп, кәріз жүйесін орнатып берді. Еріктілерді ұйымдастырушы Азамат Сатыбалдиев өздерінің жүрек жылуы атынан құралған еріктілер екенін, Артур бауырымыздың сұрауы бойынша осы игі істерді өз еркімізбен жасап беріп отырмыз. Осыған атсалысқан барша Жылыой халқына, осы жерде жұмыс жасап жүрген барша еріктілерге ризашылығын білдірді. Артур да барынша еріктілерге өз ризашылығын былай жеткізді.
«Еріктілерге көп рахмет ризамын. Олар менің бүкіл жағдайымды жасап жатыр. Қандай көмекті де менімен ақылдасып жасап жатыр». Ерікті болу-ерлік жасаған мен пара пар десек артық емес.
Айзада Долыбекова