Бұл ескерткіш-бюст Жұмекен Нәжімеденов атындағы №2 орта мектептің алдына орнатылған.
Қазақстан Республикасы Гимнінің авторларының бірі Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, талантты ақын Жұмекен Нәжімеденов екенін еске алғанда кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді. Терең ой, биік парасат иесі ақынның туғанына 85 жыл толуы республикамызда атап өтілуде. Өткен аптада Атырау қаласында ескерткіш-бюст ашылды.
Кеуде мүсіннің авторы - жылыойлық дарынды мүсінші Серік Мәтениязов. Жерлес мүсінші, суретші ағамыздың шабытпен сомдалған туындылары тек ауданымызда ғана емес, облысымыздың әр түкпірінде қойылған. Бұл жолы да ақын бюстісінің сәтті жасалғаны көрініп тұр. Қарапайым да ойлы кескіні бірден жүрекке жылылық ұялатады. Жасыратыны жоқ, соңғы кезде талантсыз мүсіншілердің олақ қолынан шыққан олпы-солпы ескерткіштер көбейіп кетті. Дінмұхамед Қонаевқа, Мәншүк Мәметоваға салынған ескерткіштер әлеуметтік желілерде біраз шу туғызды. Дарынсыз авторлардың жарымжан туындылары үшін желге шашылған ақшалар мен қайран текке кеткен есіл уақыт-ай дейтінсің ондайда. Ал жылыойлық мүсіншінің туындысы әлгі жетесіз «мүсіншілерге» «міне, нағыз өнер туындысы осындай болуы керек» деп тұрғандай.
Бұл ескерткіш-бюст Жұмекен Нәжімеденов атындағы №2 орта мектептің алдына орнатылған. Ескерткіш-бюстті қою идеясы мемлекет және қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегеновтің қолдауымен жүзеге асты. Атырау қаласында өткен салтанатты ашылу рәсіміне бір топ зиялы қауым өкілі қатысты. Кеудемүсіннің тұсаукесер лентасын қызы Әйкен, Ғарифолла Есім, Марат Азбанбаев пен Сәрсенбай Еңсегенов қиды. Ақын ескерткішінің ақ жамылғысы түсірілді.
Сөз сөйлегендердің бірі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшы Ақылбек Рысқалиев ескерткіш туралы айтты.
-Кеңестік үкімет 1956 жылы ұлан байтақ қазақ жерінің солтүстік аймағындағы Ақмола, Петропавл, Павлодар, Қостанай, Қарағанды облыстарын Қазақ Республикасы құрамынан бөлуге әрекеттенді. Осы кезде Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов қазақ жастарының ойы мен бойын кернеген «туған жерді талауға бермейміз» деген өр рухын сөз бен сазға сыйғыза білді. Өнердің өміршеңдігі оның өзектілігінде екенін уақыт көрсетіп отыр. Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын дүниеге келген әннің кейін Гимнге айналуы соның дәлелі. Ал оның авторларының арасында Жұмекен атамыздың болуы – біз үшін зор мақтаныш! Ендеше, қуаныш құтты болсын! – деді ол.
Сондай-ақ, салтанатты жиында ақын Ақұштап Бақтыгереева, Қадыр Жүсіп және басқалар сөз сөйледі. Одан әрі жиналған зиялы қауым мектептегі Ж.Нәжімеденовке арналған мұражаймен танысты. Мұнда ақынның өзі пайдаланған дүниелері, қолжазбалары мен 7 томдық шығармалар жинағы қойылған.
Одан әрі Салтанат сарайы алдындағы ақын ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Сол күні Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгеріне арналған «Ж.Нәжімеденов және қазақ поэзиясының көркемдік даму бағыттары» атты халықаралық ғылыми-теориялық онлайн конференция өтті. Оған белгілі ақын-жазушылармен қатар, Қытай, Түркия, Әзербайжан елдерінен келген ғалымдар қатысты.
С.Тәжіқызы