Жұмасұлу жаңа жылда баспаналы болды

Кешке жиналған кәсіпкерлер  жаңа пәтер иесіне көрімдік ретінде өз сыйларын берді.

Тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларды қолдау қашан да маңызды. Сондықтан игілікті шара биыл да кәсіпкерлер балында жалғасын тауып отыр. Ауданымыздағы «Эко-Техникс» ЖШС-ның директоры Михаил Титов баспанасыз жүрген аудан тұрғыны Жұмасұлу Боловаға Құлсары қаласындағы 3-ықшамауданнан 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Осы сәтте кешке жиналған кәсіпкерлер де қарап қалмай жаңа пәтер иесіне көрімдік ретінде өз сыйларын берді. Атап айтсақ кәсіпкер Әмин Нұрбаев жаңа үйге тегін жиһаз жасап, тарту ететінін айтты. Кәсіпкер Мәриям Бегаисова 2 бірдей кілем сыйласа, кәсіпкер Ақтілек Бақытова тоңазытқыш тарту етті. Ауданымызға арнай қонақ болып келген Қуаныш Шонбай 200 мың теңге табыс етті. Сонымен қатар басқа да кәсіпкерлер қаржылай сыйлықтарын табыстап жатты.

Жұмасұлу пәтердің кілтін қолына алып тұрып, көз жасына ерік берді. Бұл оның жанарынан тамған қуаныш тамшылары болатын. Жұмасұлу 2 бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Өз баспанасы болмағандықтан балаларымен бірге бірнеше жылдан бері өзгелердің баспанасын паналауына туралы келіпті. Тұрмыс тауқыметін көрген ол жартылай жетімдердің бірін мектеп-интернатқа беріпті. Міне енді оның отбасындағы қиындықтар артта қалды. Ол өз кезегінде жаңа өмірге жолдама сыйлаған ауданымыздағы кәсіпкерлерге шексіз ризашылығын білдірді.

Өткен жылы «Кәсіпкерлер балы - 2018» шарасында өткізілген аукционда жиналған қаражат ауданымыздағы шағын сарайда 7 баланы өзі тәрбиелеп, өсіріп отырған Марат есімді азаматқа үй салып беруге жұмсалған болатын. Оның жолдасы былтыр дүниеден өткен. Осы кеште олқиын уақытта бас сүйеп, баспана салып беруге қолдау көрсеткен аудан кәсіпкерлеріне алғысын айтты. Осылайша биыл да кәсіпкерлердің бас қосқан кеші қайырымдылық шарасымен ұласып, Жаңа жыл қарсаңында тағы да бір жанұяға қуаныш сыйлады.

-Биыл аудан әкімдігінің қолдауымен «Кәсіпкерлер форумы» үшінші рет ұйымдастырылды. Осы форум аясында «Кәсіпкерлер балын» жылда өткізіп келеміз. Бұл жердегі басты мақсат – кәсіпкерлерді ынталандыру, яғни мотивация беру. Қоғамдық шараларға тарта отырып әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында ауызбіршілікті қалыптастыру,-дейді «Жылыой кәсіпкерлері» қоғамдық бірлестігінің директоры Қуаныш Аязбаев.

Қ.Нұртайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521