Жүкті келіншегін ұрып-соғып...

Аудан аумағындағы бір ауылдық жерде жаңадан отау құрған жас жұбайлар тұрып жатты.

Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтыны анық. Бірақ бір күні арадағы келіспеушіліктің арты үлкен жанжалға ұласса керек.Ашуға булыққан күйеуі шектен шығып, келіншегіне қол жұмсап, ұрып-соқты. Нәзік жанның аяғының ауыр екеніне де қараған жоқ.

Бірақ жас келін оны аяқсыз қалдыра алмады. Өзінің құқығын қорғап, құқық қорғау органдарына шағымданды. Ақыры аудандық соттың қаулысымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бес тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.

Соққының әсерінен келіншектің денсаулығына біраз кінәрат та келді. Оның үстіне жүктілігі де жеңіл өтпеді. Сондықтан біраз емделіп, көптеген дәрі-дәрмек сатып алуына тура келді. Жұмыссыз жүрген нәзік жанға мұның барлығы оңай тиген жоқ. Амалсыздан аудандық сотқа талап арыз жазып, күйеуінен емдеуге кетіп жатқан 200 мың теңге шығынды өндіруді талап етті.

Арыз сот өндірісіне түскеннен кейін мәселеге медиатор араласты. Ол екі жасты татуластыруға тырысты. Бірақ тәні де, жаны да жарақаттанған келіншек алған бетінен қайтпады. Күйеуінен талап еткен ақшадан бас тартпады. Көп ұзамай олардың арасында медиациялық келісім жасалды. Оны судья ұйғарыммен бекітті. Оның шарты бойынша жауапкер талапкердің талап еткен қаржысын 50 мың теңгеден бөліп төлеп, төрт айда құтылатын болды. Есесіне соңғысы өзінің талап арызынан бас тартуға келісімін берді.

А.Балмұханова,

аудандық соттың судьясы,

Е.Бисекенұлы,

өз тілшіміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521