Жүйкені тоздырған дәріхана

Жақында Құлсары қаласындағы Махамбет даңғылы бойындағы бір дәріханаға кірдім.

Асығыс болғандықтан жолшыбай тездетіп дәрі-дәрмек сатып алып, жұмысыма да үлгеруге үмітім зор еді. Дәріхананың қос терезесінің бірінде фармацевт қызмет көрсетуде. Кезекте небәрі 4 адамның тұрғанын көрген соң асықсам да күтуге бел будым. Күтпейін десем, таң атпай кенеттен пайда болған ауруы түскір безілдетіп барады. Байқаймын, кезекте тұрғандардың бәрі де әлденеге ренішті, қабақтары түнеріңкі.

Бәрінің де мен сияқты асығыс екені байқалады, бірақ клиенттер асығып тұр екен деп сатушы асығар емес. Бір қартаң әйелдің рецепт қағазына шұқшиып, асықпай әр әрпін ежіктеп оқиды, есіней ойланады. Содан соң мамырлай басып, әр сөреден асықпай керекті дәріні іздейді. Біресе шкафты ашып қарап, біресе әр қорапты бір түртіп тұрғанда 10 минут өтті. Одан соң дәріні таба алмаған болуы керек, қайтып келіп, дәрігер жазып берген қағазға қайтадан үңілді. Одан асықпай тағы бір дәріні іздеп, әр сөрені жағалап жүріп алды. Оның іш пыстырарлық сылбыр жүрісіне шыдамай кеткен бір клиент «Неге тездетпейсіздер?» деп дауыстап жіберді. Кезекте тұрған басқалар да ренжіп күңкілдей бастады. Бұл уақытта есік ашылып, тағы екі-үш кісі келіп кезекке тұрды. Клиенттердің ренішінен соң көрші бөлмеден бір дәрігер шығып, екінші терезенің қақпағын ашты. Кезекте тұрғандар екіге жарылып, сол терезеге ұмтылған. Бірақ бұл дәріханашы да ұйқыдан жаңа ғана оянғандай енжар. Бір қыз бала, сірә, сырқаты жанына батып тұрған болуы керек, басын қос қолдап ұстап, жерге жүрелей отыра кетті. Дәріханаға келгендердің көбі ашуланып, қолдарын бір сілтеп, дәнеңе сатып алмастан есікті сарт жауып шығып кетіп жатыр. Жарты сағат бойы күтіп, жүйкемді тоздырдым ғой, не де болса ақырына дейін шыдайын деп өліп-талып терезеге де жеттім. Жеткенім бар болсын, «Ондай дәрі бізде жо-о-оқ си-и-ияқты»,- деп жайбасар сатушы аспанға қарады, жүзінен сол дәріні толып жатқан қораптардың арасынан іздеуге ерініп тұрғаны аңғарылады. Клиенттердің жүйкелерін тоздырғаны, ренжігендері әлгі екі ақ желеңді сабаздың қаперіне де кіріп шығар емес. «Күл болмасаңдар, бүл болыңдар» деген безбүйректікті, қатыгездікті оқуға болатын еді жүздерінен. Әрине, егер дәріхананың атын газетімізге жазсақ, «Біз керемет сапалы жұмыс жасаймыз. Клиенттеріміздің алтын уақытын бағалаймыз. Сіздер біздің беделімізге нұқсан келтіріп, жала жаптыңыздар» деп аттандап шыға келері даусыз. Дәріханаға сырқатына ем болатын шипа іздеп барғандар әлгіндей клиент алдындағы жауапкершілігін сезінбейтін безбүйрек мамандардың кесірінен ауруына ауру жамап қайтатыны анық.

Әрине, біз жүйкемізді жүндей тоздырған дәріхананың атын атамадық. Алайда халыққа сапалы, ыждағатты қызмет көрсететін кейбір үздік дәріханалардың атын атап, оларды басқаларына үлгі еткіміз келеді. Құлсары қаласындағы «Шипа» дәріханасына қай кезде барсақ та жоғымызды тауып, жолымызға гүл біткендей разы боп шығамыз. Дәріхана сатушыларының сапалы әрі тез қызмет көрсететініне клиенттері риза. Бұл дегеніңіз - халықтың алтын уақытын бағалау, онсыз да асығыс жүретін қазіргі заманауи адамдардың қай салада болмасын табысқа жетуіне мүмкіндік беру, демек, еліміздің дамуына үлес қосу. Халыққа сапалы қызмет көрсетіп отырған дәріхананың бірі - ықшамауданда орналасқан «Академия здоровье» дәріханасы. Мұнда қай кезде бас сұқсаңыз да сізді мәдениетті де сыпайы провизор, фармацевт мамандар жылы жүзбен қарсы алады. Дәрі-дәрмектер бағасының қолжетімділігі өз алдына, керекті дәріңізді тез арада тауып беріп, ақыл-кеңестерін де аямайды. Бірде осы дәріханаға көш құлаш рецептімен бардық. Сырқаттанып қалған жетпіс алты жастағы анама емханада дәрі-дәрмек жазып берген еді. Есіктен кірген қарт кісіні көріп, фармацевттер амандасып, орындық ұсынды. Сонда 1 маман іздеп келген ұзын-шұбақ дәрілер тізімін қарап, тауып беріп, бізге бағаларын салыстырып, тіптен нұсқамаларды оқып шығуға жағдай жасап уақыт бөлсе, екінші маман басқа клиенттерге жедел қызмет көрсетіп жатты. Ал мұндай сапалы қызмет көрсетілетін дәріханаларда жүйкеңіз тозбай, жаныңыз жадырап шығады. Екі түрлі дәріхана- екі түрлі қызмет. Ал сіз, оқырман, Құлсары қаласындағы қай дәріхананың қызметіне көңіліңіз толады? Ал қай дәріханадан жүйкеңіз жүндей түтіліп шығады?

С.ТӘЖІҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521