Құлсары қаласында көшеден кейде жаяу жүгіріп бара жатқан бірен-саран адамдарды көріп қаламыз. Бірақ бұл - өте сирек кездесетін көрініс, соған қарағанда жүгіруді әдетке айналдырғандар қаламызда аз секілді.
Адам денсаулығына аса пайдалы жаттығудың осы түрімен Әлібек Науаров көптен шұғылданады екен. Өзі жүгіріп қана қоймай, өзгелерге де «жүгірсеңіздерші» деп әлеуметтік желі бетінде насихаттап отыратыны тағы бар. Жерлестерін салауатты өмір салтына үндеп, өзінің де тұрақты түрде спортпен айналысқанына іштей риза болып, жақында ғана кәсіби мерекелерін атап өткен мемлекеттік қызметкерге бірнеше сұрақ қойып, сұхбаттастық.
- Әлібек, жүгірумен қай кезден бастап айналысып жүрсіз?
- 2015 жылдан бері айналысамын. Сәл ғана бір үзіліс болды, бірақ осы мемлекеттік қызмет саласына келгелі үзбей шұғылданып жүрмін. Күнде таңертең сағат 6.30-да ұйқыдан тұрған соң, дайындық жаттығуларын жасап, денені қыздырып ап, сағат 7.00-ден бастап сағат 8.00-ге дейін бір сағат жүгіремін. Күндік нормам-3,4 жарым шақырымдай. Жүгіруді аяқтаған соң, турникке тартыламын.
- Өте тамаша. Ал жүгірудің адамға қандай пайдасы бар деп ойлайсыз?
- Өткен ғасырларда көшпенді ата-бабаларымыз өмірін ат үстінде өткізген. Оның өзі нағыз спорт қой. Ал қазіргі ғаламдану дәуіріндегі ұрпақ таңертеңнен кешке дейін компьютер алдында тапжылмай отырады. Тек саусақтың ұшын ғана қозғап, еш қимылсыз отырады. Ғалымдар мұның денсаулыққа зиян екендігін айтып жар салуда. Қозғалмай отырған қағазбасты адамның энергиясы шығындалмайды, қан айналысы, жүрек-өкпе белсенді жұмыс жасамайды. Осыдан түрлі науқастарға ұшырайды, жұмысқа енжар болады, таңертең ерте тұруға қиналады. Мен жүгіріп келген соң өзімді өте сергек сезінемін. Таңғы салқынмен жүгірген соң, ми да негативті ойлардан арылады. Бұл күні бойы шаршамауға, түрлі шешімдерді дұрыс қабылдауға (біздің қызметімізде бұл өте қажет) көмектеседі. Жүгірген адам мен жүгірмеген адамның көңіл күйі мүлдем екі түрлі болады.
-Ал спорттық жаттығулар жасауды үнемі кейінге қалдыра беретін жалқаулау замандастарыңызға не айтасыз?
-Кейбір таныстарыма «Неге жүгірмейсің?» десем, «Стадион алыс», «Жүгіретін ыңғайлы көше жоқ», «Бізде ауа лас» деп түрлі сылтауларды айта бастайды. Жүгіргісі келетін адамға мұның барлығы кедергі емес, жай сылтау ғана. Таңғы 6.30 шамасында Құлсары қаласында ауа таза болады, асфальтты жолмен машиналар көп жүрмейді. Сонсын күніге 1 шақырым жүгірсе де жарайды, ол үшін стадионның қажеті жоқ, әркім өзі тұратын жерден ыңғайлы орын тауып алса болды. Жасыратыны жоқ, кейбіреулер бір адамға болмашыға өкпелеп, кектеніп, ішіне негативті эмоцияларды жинақтайды, өкпелеген адамынан кек алуды, оны қалайда «жеңуді» ойластыра бастайды. Бұл ең бірінші сол адамның өз денсаулығына зиян. Адам біреуді емес, алдымен, өзін жеңуді үйренуі керек. Өзінің жалқаулығын, өз бойындағы теріс қылықтарды жеңе білсе, ғанибет! Бұл жағдайда оған спорт – көмекші. Мәселен , біреулер «...ертең сәтсіз күн екен, арғы күні – сәтті күні бастайын» деп сылтауратады. Ал сіз ойладыңыз ба, жүгіруді жексенбі күні бастап кетіңіз.
-Жүгіру үшін адам оған физикалық жағынан дайын болуы керек. «Өмірі жүгірмеген адам, әсіресе егде адамдар бірден жүгіруді бастап кетсе, тіптен инфаркт алуы мүмкін» дегенді оқығанбыз.
-Әрине, оған, алдымен, дайындалып, инструкциялық ақыл-кеңес алып, дәрігерлермен келісіп алғанның артығы жоқ. Кейбір науқас түрлерімен ауыратын адамдарға мүлдем жүгірумен айналысуға да болмайды. Ал өзіме келсек, мен жайлауда шопан әкеме көмекші боп, шынығып өскенмін. Әкем таңғы 5.00-де ұйқымнан оятып, ат әкелуге жұмсайтын. Ия, шынында да, Әлібек Науаровты қашан көрсеңіз де жайдары, жылышырайлы, сергек жүргенін көреміз. Ендеше, «Жақсыдан үйрен» демекші, айналамыздағы жақсы, позитивті нәрселерден үйренсек, ұтпасақ ұтылмасымыз анық. Әлібек Науаров Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы университеттің тарих факультетінің археология-этнография бөлімін бітірген. 2017 жылдан бері Жылыой ауданы әкімінің баспасөз хатшысы, мемлекеттік қызметші. Ол әкімдік пен журналистер арасында тығыз қарым-қатынас орнатып, керекті деректермен қамтамасыз етіп отырады.
С.ТӘЖІҚЫЗЫ.