Мас күйінде көлік айдау заңға қайшы

Көлік жүргізу

Қазір заң қатайды. Автокөлікті мас күйінде жүргізген жүргізушілердің алды алты-жеті жылға, соңы үш жылға дейін көлік басқару құқығынан айрылып жатыр. Өкінішке орай, олардың арасында ішіп алса, бұрынғы «әніне» қайта басатын азаматтар да аз емес. Ал ондай құқық бұзушыларға екінші мәрте тағайындалатын жаза да қатаң.

Айталық, С. есімді азамат өткен маусым айының 21-інде күннің ыстығынан шөл басатын сусын іздеп, қала орталығындағы бір дүкеннің ішінен екі бөтелке сыра сатып алады. Осы екі «Кружка свежего»-ның қызуының өзі оның темір тұлпардың тізгініне жармасуына жетіп жатыр еді. Сыраның буына масайған ол бірден ауылдық округке баруға бел буады. Ол үшін, әрине, көлік керек. Бір жақсысы, оған көп ойлануға тура келмеді. Қаладағы бір мейрамхананың алдында апасының темір тұлпары тұр еді. Көп кідірмей «Chevrolet Cruze» автокөлігін мініп алған жігіт, ауылға қарай желдей жүйткіп бара жатты.

Алайда сыра ішкен сабаз алысқа ұзамады. Махамбет даңғылының бойында желдей ескен жеңіл көлікті жол-патрульдік полиция қызметкері тоқтатты. Жүргізуші мен автокөліктің құжаттарын тексергенде рөлдегі жігіттің «правосы» болмай шықты. Оның үстіне, аузынан алкогольдің иісі шығып тұрды. Жол тәртіп сақшысына «жүргізушіні» көліктен түсіріп алып, орталық ауруханаға апаруына тура келді.

-Сол жерде медициналық куәландырудан өткізген кезде оның алкогольдік ішімдік ішкені, «жеңіл» дәрежеде масаң күйде екені белгілі болды. Оның үстіне, осыған дейін де, яғни 2017 жылдың 18 қарашасында автокөлікті алкогольдік ішімдік ішкен мас күйінде жүргізгені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, Атырау қалалық арнайы мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен 3 жыл мерзімге жүргізушілік құқығынан айрылғаны анықталды. Сол жерде хаттама толтырылып, енді үстінен қылмыстық іс көтерілді. Дәлірек айтқанда, ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігінде көрсетілген: «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы болып табылатын қылмыстық әрекетін жасағаны» үшін жауапқа тартылды. Ісі сотқа жолданып, аудандық соттың үкімімен азамат С. бір жылға бас бостандығынан айрылды, - дейді аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Серікқали Тасқалиев.

Өкінішке орай, бұл дерек жалғыз мұнымен шектелмейді. Аудан аумағындағы бір ауылдық округте тұратын қырықтың қырқасынан әлдеқашан асып кеткен Ж. есімді азамат осыған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған еді. 2019 жылдың 6 желтоқсаны күні автокөлікті мас күйінде айдағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, аудандық соттың қаулысымен 3 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айрылған-ды. Бірақ одан тиісті нәтиже шығармады.

Сол күні Ж-ның үйіне көрші ауданнан қонақ жігіт келеді. Оның құрметіне екеуі дастархан басында бір шөлмек арақты қылдай қылып бөліп, ішіп алады. Бір уақытта оны анасы дүкенге жұмсайды. Міне, сол сәтте өзінің мас екенін әрі «правосының» жоқтығын біле тұра қасақана көлік рөліне отырады. Әрине, сол жерде екеулеп дүкенге жаяу барып келсе, еш нәрсе де болмас еді. Өкінішке орай, бір шөлмектің буы оған ойлануға мұрға бермеді. Үйінің ауласында тұрған «Ваз 2115» маркалы автокөлікті қыздырып алған ол ауыл ішімен қозғалып келе жатты. Қасындағы алдыңғы жолаушы жақ орындықта қонақ жігіт отырған-ды. Кең көшеге шыққан соң жүйтки жөнелген мас «жүргізуші» автокөліктің басқару жүйесін игере алмай қалады. Ақыры ауылдағы бір мейрамханаға тиесілі электр бағанасына келіп соқтығысады. Жол-көлік оқиғасының салдарынан бәрінен де бұрын қасындағы жолаушы зардап шекті. Ол дене жарақатын алып, аудандық орталық ауруханадан бір-ақ шықты. Абырой болғанда аман қалды. Ал оқиға орнына келген жол-патрульдік полиция қызметкері құжаттарын талап етеді. Жүргізушілік куәлігінен әлдеқашан айрылған сабазда «право» қайдан болсын?! Оның үстіне аузынан арақтың иісі мүңк ете түскені. Сол бойда ауруханаға апарып, медициналық куәландырудан өткізгенде «жеңіл» дәрежелі мас күйде екендігі анықталды.

-Аталған дерек бойынша құқық бұзушының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ауыл мейрамханасына тиесілі электр бағанасының бүлінуіне байланысты иесіне 150 000 теңге материалдық шығын келтірілді. Бұдан басқа, жол-көлік оқиғасы салдарынан дене жарақатын алған азаматқа сот-медициналық сараптама тағайындалып, ондағы қорытындыға сәйкес, «Жәбірленушінің денесінде бетінің көптеген сызаттары (царапина) түріндегі дене жарақаттары анықталды. Олар қаулыда көрсетілген уақытта, қатты доғал және қатты қыры бар заттардың әсерінен алынған, ...денсаулығының қысқа мерзімге бұзылу белгілері бар «Жеңіл» дәрежелі зиян келтірілген болып бағаланады», - деп көрсетілген. Сондықтан құқық бұзушы Ж-ға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 2-бөлігінде көрсетілген қылмыстық іс көтеріліп, сотқа жолданды. Яғни, заң тілімен айтқанда: «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы болып табылатын абайсызда өзге мүлікті бүлдіруге, сол сияқты адамның денсаулығына жеңіл зиян келтiруге алып келген әрекет болып табылатын қылмыстық әрекетін жасаған». Аудандық соттың үкімімен айыпкер бір жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. - дейді бөлім бастығының орынбасары С.Тасқалиев.

Бұл ішіп алса, қасақана көлік рөліне жармасып, бұрынғы ескі әдетіне қайта басатын кейбір сабаздарға ащы сабақ болса керек.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521