Аудандағы әлеуметтік маңызы бар үш құрылыс нысанының қазіргі ахуалына «Amanat» партиясындағы Партиялық бақылау комиссиясы мүшелері арнайы зерделеу жұмыстарын жүргізді. Комиссия мүшелері Құлсары қаласындағы көлік қатынасын жалғайтын маңызды 2 көпір және Бақашыдағы су арнасын реттеу құрылғысын қарап, мердігер ұйым жетекшілерінен тікелей ақпарат алды.

Осы тұста алғашқы нысандардың бірі болып И.Тайманов көшесіндегі көпір құрылысына жауапты «Құрылыс Тайм Контракт» ЖШС компаниясының бөлім жетекшісі Болат Әжімбеков құрылыс жұмыстарының қарқыны туралы баяндады:
- Біз жұмысты 25 қарашада толық аяқтап, асфальт төсеуге кірісеміз. Ең бастысы жол уақытында аяқталып, тұрғындар үшін қозғалысқа қолайлы болмақ,-деді Б.Әжімбеков.
Сондай-ақ комиссия тарапынан құрылыс сапасы, материалдар сәйкестігі және жұмысшыларға жасалған жағдай да зерделенді.
Екінші нысан Ұ.Әбірахманов көшесіндегі көпір жолы жұмыстары.Бұған дейінгі жобаның кешігуіне байланысты жаңа мердігер ретінде “Құрылыс KZ 2019” ЖШС жұмысқа қосылған. Компания директоры Есенгелді Бекежанов комиссияға жағдайды егжей-тегжейлі түсіндірді.
- Бұған дейінгі мердігер “Марс Строй“ ЖШС жұмысты аяқтамай кеткендіктен, біз осы нысанды қайта қолға алдық. Мемлекет қаржысы бөлінбей тұрғандықтан, жұмысты тоқтатпас үшін 57 миллион теңгені өз қаражатымнан салдым. Жұмысты қолға алғаныма 20 күн ғана болды. Көпірді жыл соңына дейін толық аяқтаймыз деген жоспар бар,-деді. Бұл нысан аудан тұрғындары үшін аса маңызды, себебі ықшам аудандар арасындағы қозғалыс пен көлік тасымалының негізгі артериясы болып саналады.
Үшінші зерделенген нысан – Бақашыдағы Жем өзені арнасы бойына орнатылған су деңгейін реттейтін құрылғы. Жобаны жүзеге асырып жатқан “Сап-Ин-Вест”ЖШС басшысы Бақытжан Ғалымжанов жаңа гидротехникалық шешімдер туралы мәлімет берді.
- Біз өзен арнасына екі шлюз орнатып жатырмыз. Келесі жылы су деңгейі көтерілген кезде артық суды Құрсай бағытына жіберіп, қалғанын Жем өзені арқылы реттеп отыратын болады. Ауданды екі шлюз арқылы тұрақты түрде сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады,-деді ол.
А.Ерденқызы



