Өзендер - елдің өзегі

ken-zhyloi.kz

Соңғы жылдары Қазақстанның 2 миллионнан астам халқы бар батыс өңірінің даму әлеуеті Жайық-Каспий бассейніндегі су тапшылығы кезеңінің созылып кетуіне байланысты айтарлықтай зардап шекті. Антропогендік қызмет, ірі мұнай өндіруші және мұнай өңдеуші компаниялардың суды технологиялық қажеттіліктерге қайталама пайдалануының кең тәжірибесі болмай отыр.

Ресей аумағында Трансшекаралық су ағындарын қорғау және қолдану жөніндегі халықаралық конвенцияны айналып өтіп, су қоймаларының салынуы, Жайық өзені бассейнінің экологиялық ахуалының тым нашарлауына әкеліп отыр және бұл әлде де жалғаса бермек. Су тапшылығының салдары Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы елді мекендерді сумен қамту проблемаларына әкелді, шектеулі шабындықтар мен жайылымдардың шөлейттенуі байқалады, ауыл тұрғындары жем мен мал суару көздерінің болмауы себебінен үй малынан сатып құтылуға мәжбүр. Сондай-ақ, Жайық өзенінің жайылмасы түгелдей тозған және Каспий теңізінің бекіре тұқымдас балықтарының уылдырық шашуы үшін өз сапасын жоғалтқан.

Ғалымдардың пікірінше, жайылмалы ормандардың тозуы себебінен соңғы он бес жылда уылдырық шашатын жерлердің ауданы 80%-ға, яғни 958 гектардан 197 гектарға дейін қысқарды, бұл Жайық өзенімен, Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтардың азаюына әкелді. Су кодексінің 20-бабына сәйкес, осыдан 17 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 21.01.2004 жылғы №59 қаулысымен ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілерінің қатарына Каспий теңізі, Балқаш, Зайсан, Алакөл көлдері және Ертіс өзені кірді. Алайда, ұзындығы бойынша Еуропадағы үшінші өзен болып табылатын және суының көлемі үш жыл бойы орташа көп жылдық көрсеткіштен үш есе төмен болып отырған, Жайық өзені бұл тізімге кірмеген.

Айта кету керек, Жайық өзенімен қатар өңірдің Жем, Ойыл және Сағыз өзендерінде де өте аз ағын байқалады. Бұл жағдайдың басты себептерінің бірі Ақтөбе облысы аумағында өз бетінше салынған бөгеттер болып табылады («Бұқа», «Тәй-Тәй Қаракесек» және Кенжалы, Қиял өзендеріндегі бөгеттері). Олар су шаруашылығы нысаны ретінде ресми тіркелмеген. Өз кезегінде, аталған өзендердің де өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында үлкен маңызы бар және үкіметтік органдар тарапынан оларды сақтап қалу шараларын қажет етеді. Жайық өзенінің мүшкіл жағдайына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 26 қаңтарда ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде ерекше назар аударып, су ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану бойынша тисті шаралар қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар, Жайық өзенін сауықтыру жөніндегі қолданыстағы бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыру және жаңасын әзірлеу процесі қисынсыз ұзаққа созылып, қандай да бір оң және көзге көрінетін нәтижелер бермеді, ал бұл өзеннің толықтай тартылып кету қаупін төндіреді. Өзен суының тартылу жылдамдығы жыл сайын артып келеді. Депутаттармен осы мәселені шешу бойынша Үкіметке бірнеше рет сауалдар жіберілді, бірақ бүгінгі күнге дейін тиімді шаралар қабылданған жоқ. Осы айтылғандарды негізге ала отырып, келесіні ұсынамыз:

-Жайық-Каспий бассейнінде су шаруашылығы жағдайын жақсарту бойынша қабылданып жатқан нақты шаралар, оның ішінде шекаралас мемлекетпен бірлесе су тапшылығы мәселесін шешу бойынша қабылданған шаралар туралы толық ақпарат беру;

-Ресей Федерациясынан көктем мезгілінде келетін судың көлемін көбейту мәселесін шешуді;

-жергілікті атқарушы органдарға заңсыз салынған су қоймалары мен бөгеттерді анықтау және өзендердің арналарын, каналдарды, өзен сағаларын салынды ағаштардан, қамыс-қоғалардан, өзге де қоқыстардан тазарту бағытында тиісті шаралар қабылдауды тапсыруды;

- Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілерінің қатарына қосуды, өйткені ол өңірдің қоршаған ортасы мен экономикасына басым әсер етеді, сондықтан шаруашылық қызметті реттеудің ерекше құқықтық режимін талап етеді;

- Атырау қаласын «Астрахан-Маңғыстау» су құбырына қосу мәселесін қарастыруды;

-Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі 2021-2024 жылдарға арналған Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының бағдарламасын оған гидротехникалық құрылыстар салу мен су қоймаларының жұмыс режимін мақұлдауды қоса отырып түзету және жүзеге асыру процесін жеделдету;

-Қазақстан Республикасы Су кодексінің 103-бабына сәйкес, өңірдің ірі өнеркәсіптік нысандарының айналмалы сумен қамту жүйесіне көшуі жоспарын әзірлеу;

-теңіз суын тұшыту арқылы технологиялық қажеттіліктерге пайдалануды; - Жайық өзенінен тұтынатын су көлемінің мөлшерін азайту үшін қосымша жер асты суын пайдалану мәселесін қарастыруды;

-Шағын Сағыз, Ойыл, Жем өзендерін сақтау бағдарламасын әзірлеу. Баяндалғанды ескере отырып, қойылған мәселелердің толық қаралуын қамтамасыз етуді сұраймыз.

Сондай-ақ, Парламент Мәжілісі Регламентінің 153-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрі жауапты Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында беруі қажет деп есептейміз.

Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521