Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес үстіміздегі жылдан бастап барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесуінің жаңа тәсілдері айқындалып, жүйеге енген болатын. Осыған сәйкес, өткен аптада аудан әкімі Халел Жамалов Жем ауылдық округінің тұрғындарымен бекітілген кестеге сай кездесу өткізді.
№4 жалпы орта білім беретін мектеп акт залында өткен жиналысқа аудандық мәслихат хатшысы С. Таласов, ауыл әкімі Д.Айтпенбет, дербес бөлім басшылары және округтің белсенді азаматтары қатысты.
Аудан басшысы ең алдымен, кездесуге қатысушыларға маусым айының 5-ші жұлдызында өткізілетін жалпыұлттық референдумның ережесін, қоғам үшін маңыздылығы мен ерекшелігін айтып өтті. Тұрғындарды белсенді түрде референдумға қатысып, өз дауыстарын беруге шақырды.
Осы өтетін референдум аясында Президенттің бастамасымен жүзеге асатын өзгерістер – Жаңа Қазақстанның тұрақты дамуы жолындағы аса маңызды қадам болып отыр. Жаңаша саяси реформалардың тұжырымдамалық негіздері 9 бағытты қамтиды. Қысқаша тоқталып өтсем, олар: Президенттің өкілеттілігін шектеу, пропорционалды және мажоритарлы аралас сайлау жүйесін енгізу, Парламентті қалыптастыру тәртібі мен функцияларын қайта жасақтау, сот жүйесінің тәуелсіздігі мен ашықтығы және т.б. Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаттарын партиялық тізіммен сайлау тоқталып, мажоритарлық жүйеге көшіріледі және мәслихат төрағасы қызметі енгізіледі. Ал әкімдер мен орынбасарлардың партия филиалдарында қызмет атқаруына заңнамалық түрде тыйым салынады, - деді аудан басшысы Х.Жамалұлы өз сөзінде. Сондай-ақ, ол облыс және аудан әкімдерін тікелей сайлауын алдағы 2023 жылы өткізу үшін барлық шаралардың жасалуы керек деген ел Президентінің тапсырмасын да тілге тиек етті.
Әкім одан соң Жем ауылдық округінде алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың тізбегіне тоқталды. Тиісті іс-шаралардың жүзеге асуы үшін жасақталған жобалар мен бағдарламаларды, бөлінген қаражат сомасын тұрғындарға жария етті. Соның ішінде, биыл Тұрғызба ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде мәдениет үйінің құрылысы басталатынын да хабарлады. Содан соң сөз кезегі ұсыныстары мен пікірлерін білдіру үшін тұрғындарға берілді.
Ауылдағы ағайынның референдумнан соң Жаңа Қазақстанның экономикалық жағдайының артып, одан әрі жан-жақты дами беретіндігінен үміті зор. Оның ішінде өздері мекен еткен туған ауылдарының өзекті мәселелері де шешіліп, ретке келетініне сенім білдіруде. Тұрғындардың пікірінше, ауыл әкімдерінің, аудандық мәслихат депутаттарының сырт адам емес, ауылдың ішкі проблемасын бес саусағындай білетін, қолынан іс келетін азаматтардан болғаны жөн екен. Олармен бірлесіп жұмыс жасау ауылдағы белсенді азаматтар үшін де қолайлы әрі жеңіл, нәтижелі көрінеді.
Ауыл халқының барлығы дерлік мал ұстап, ата кәсіппен күн көріп отырғандар. Мұндағы тұрғындар үшін төрт түлік - табыс көзі, ішсе сусын, кисе киім, сатса пұл. Сондықтан да олар ең бірінші ауыл шаруашылығы саласына көп көңіл бөлінсе, бюджеттен бөлінетін қаражат мөлшері ұлғайтылып, ысырапсыз пайдаланылса дейді. Тұрғызбалықтар ең бастысы, мал және егін шаруашылығына жеткілікті етіп, Жемнен келетін суды ұтымды пайдалану керек деген пікір білдірді. Халықтың айтуынша, биыл өзен суы жақсы тасығанымен, тиісті жерлеріне жетпей, далаға кетіп жатыр екен. Сондықтан, Жем бойына бөгеттер салып, көрші ауылмен арадағы текетіресті шешіп, өзен суын халықтың бәрі де шаруашылыққа теңдей пайдалану керек деді ауыл тұрғындары. Сонымен бірге, салынған бөгеттерді қадағалауды, қарауды аудан немесе ауыл әкімдіктерінің балансына өткізу керектігін айтты. Өйткені, бөгет тұрбаларын белгісіз біреулердің ұрлап, бұзып кету фактілері жиі орын алатын көрінеді.
Ауылдағы тағы бір өзекті проблема – жарық мәселесі. Жалпы, тоқ көзінің әлсіздігі, жарық сымдары мен трансформаторларының ауа райының қолайсыз күндеріне шыдас бермейтіндігі, ескіріп, тозғандығын тұрғындар ренжи баяндады. Жиын кезінде бұл мәселенің де шешілетіндігі айтылды.
Қатысушылар тарапынан әкімге қойылған сұрақтар, ұсыныстар көп болды және оларға тиісінше жауап берілді.
Ш.ХАМИТОВА