Іссапар жоспарына сәйкес аудан әкімі Жұмабек Қаражанов аудан аумағындағы барлық ауылдық округтердің тұрғындарымен есептік кездесулер өткізіп, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық даму барысын қорытындылады. Аудан басшысының халықпен кездесуі Қара Арна ауылында жалғасын тапты.
Жиын барысында аудан әкімі Қара Арна ауылдық округінен жиылған тұрғындар алдында ауылдың өткен жыл ішіндегі даму көрсеткіштерін таныстырып, атқарылған жұмыстар туралы баяндап өтті. Ашық алаңда тұрғындар байланыс желісін күшейту, инфрақұрылымды жақсарту мәселелері, автотұрақтардың дұрыс орналасуы және жол бойына «лежачий полицейский» орнату жөніндегі ұсыныстары мен мәліметтерін жеткізді. Сонымен қатар абаттандыру, жолдарды таза күтіп-ұстау, ауыз су жүйелерін жаңғырту, мал шаруашылығын қолдау бағытындағы нақты шаралар да кеңінен сөз болды.
Атап айтқанда, ауылдағы интернеттің әлсіздігі мен ауыз су мәселесі тұрғындарды алаңдатып отырғаны белгілі болды. Ауыл ақсақалдарының бірі: «Тұрғызба ауылы мен Қара Арна арасын жалғайтын көпір (мост) салынса, сондай-ақ интернет мәселесі де шешімін тапса», - деген өз ұсынысын жеткізді.
Тұрғындарға уайым тудырып отырған келесі тақырып, бұралқы иттердің шектен тыс қаптап, тіпті адамдарға, әсіресе балаларға ұмтылуы жиілеп жатқанын атап өтті. Дүйім халық жергілікті атқарушы органдардың тарапынан еш әрекет болмай жатқанын айтып, осы мәселеге аса назар қоюды сұрады. Халықтың айтуынша, қаңғыбас иттер әсіресе адамдар көп жиналатын дүкен, балабақша мен мектептердің маңында топ-тобымен өріп жүреді. Оның ішінде «иелері бар, бірақ босатып жіберген иттер де жетерлік»-дейді олар.
Сонымен қатар тағы бір тұрғын ауылдағы медициналық қызметтің сапасына алаңдаушылық білдіріп, қазіргі таңда дәрігерлердің аздығын, шұғыл жағдайларда тұрғындардың Атырау қаласына жіберілетінін айтты. Бұл мәселе де аудан басшысының ерекше бақылауына алынды.
Бұдан бөлек, жолдардың жай-күйі, ауыл ішіне тал егу, көгалдандыру мәселелері де кеңінен қозғалды. Тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, ауылдың болашағына қатысты нақты бастамаларын тілге тиек етті.
Аудан әкімі көтерілген барлық сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Ол өз кезегінде айтылған мәселелердің барлығы алдағы жұмыс жоспарына енгізілетінін атап өтті. Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, жергілікті билік пен ауыл тұрғындары арасындағы өзара байланыс пен сенімді нығайтуға серпін берді.
Осылайша, аудан бойынша өткізілген есеп беру кездесулері ауылдардың дамуына жаңа күш беріп, жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындар арасындағы өзара ынтымақтастықты күшейтуге ықпал етті.
А.Ерденқызы



