Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов Ақкиізтоғай ауылдық округінің халқымен кездесіп, аумақта жүріп жатқан негізгі жұмыстар туралы ақпарат берді. Тұрғындар тарапынан электр бағаналарын жаңарту, жұмыссыздық, қоғамдық көлік бағыты, дәрігерлік амбулаториядағы жылу жүйесі, сондай-ақ Аралтөбе маңындағы су қоймасының салынуына қатысты бірқатар маңызды сұрақтарын ортаға салды.
Аудан әкімі Ақкиізтоғай ауылында көптеген түйткілді мәселелердің кезең-кезеңімен шешіліп келе жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда асфальт жолдары салынып, көше жарығы орнатылуда, автомобиль жолдарының екінші кезеңі атқарылып жатыр. Сонымен бірге жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдеріне инфрақұрылым тарту жұмыстары бақылауда екені жеткізілді. Кездесу соңында әкім тұрғындар өтінішімен дәрігерлік амбулатория мен Жеңіс саябағын аралап, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті тапсырмалар берді.
Кезекті кездесу, Майкөмген ауылдық округінде жалғасын тапты. Басқосуда алдымен ұзындығы 4,4 шақырым болатын жаңа жолдың құрылысы толық аяқталғаны айтылып, енді аялдамалар орнату, жол белгілерін қою және жол таңбаларын сызу жұмыстары жүргізілетіні хабарланды. Тұрғындар теміржол маңын қоршау, көше жарығын жақсарту, мектеп оқушыларын тасымалдау, жайылым жерлерді белгілеу сияқты мәселелерді көтерді. Әрбір сауал бойынша заң аясында түсініктеме беріліп, тиісті жауаптар ұсынылды.
Екі ауылдық округте өткен ашық форматтағы кездесулер халықпен өзара тиімді байланыс орнатуға, ортақ мәселелерді бірлесе шешуге мүмкіндік берді.
А.Талапкер



