Өткен аптада "Кең Жылыой" мәдениет үйінде "Нұр Отан" партиясының аудандық филиалының ұйымдастыруымен қоғамдық тыңдау өтті.
Сынған терезелер теориясы
Алдыңғы кезекте "Жылыой-тазалық" ЖШС-ның директоры Бауыржан Абдрахманов атқарған жұмыстары туралы есебін берді. Ол өз сөзінде ауданнан жылына 100 мың текше метр қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт құрылысы басталғанын. Зауыт салатын қаржының 30 пайызын мекеме өзі тапса, ал қалған 70 пайызына инвестиция тартылмақ. Зауыт іске қосылғанда 40 адам жұмыспен қамтылады. Аудан әкімі биыл аудан тазалығын қамтамасыз етуге қаражат екі есеге өсірілгенін, сонымен қатар аталған мекемеге мемлекет қаражатына сатып алынған 25 арнайы автокөлік сенімгерлікпен беріліп отырғанын атап өтті. Мекеме басшысын осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға, сонымен қатар тікелей тазалықпен айналысатын жұмысшылардың санын көбейтуге шақырды. Мекме басшысын «сынған терезелер теориясына» сәйкес жұмыс жасауға шақырды. «Егер ғимараттың бір терезесі сынып, жөнделмесе, біраз уақыттан кейін ғимараттың бірде-бір бүтін терезесі де қалмайды. Сондықтан шашылған қоқысты міндетті түрде уақтылы жинап отыру керек. Сонда ғана тұрғындарды таза жерде өмір сүруге тәрбиелей аламыз» деп түсіндірді Азамат Бауыржанұлы. Мекеме басшысына тұрғындар сауалдар қойды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Кәдіров тазалықты қадағалайтын арнайы санитарлық полиция қажеттігін жеткізді. Облыстық мәслихат депутаты Айтпай Сисенов осыдан екі жыл бұрын тазалық қызметі үшін төлемақы жеке тұрғындар үшін 200 теңгеге көтерілгенін, ол баға қаншалықты өзін ақтап отырғанын сұрады. Мекеме басшысы жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектердің қымбаттап кетуіне байланысты мекеме одан ешқандай пайда көріп отырмағанын айтты.
Төлелер судан тазартылады
Келесі кезекте "Жылыой су" ЖШС директорының орынбасары Шаттық Есмұқашев атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ол қазіргі кезде мекемеде мамандар тапшылығы, құдықтардың қақпақтарының ұрлануы туралы мәселелерді көтерді. Сонымен қатар қаламызда салынып жатқан тұрғын үйлердің көбеюіне байланысты қосымша су қазандықтарын салу керектігін алға тартты. «Достық» ықшамауданы тұрғыны Жанаргүл Шарғабаева 5-учаскеде Құрсай өзегінен «Достық» ықшамауданына өтетін жаяу көпір маңындағы құдықтың ашық жатқанына 2 жылға жуық уақыт болғанын ашына айтты. Тұрғындар балалар түсіп кетпес үшін құдықты қолдарына ілінген қаңалтырмен бүркеп қойып отырған көрінеді. Мекеме басшысы мен қала әкімінің орынбасары аталған мәселеден бейхабар екенін айтып, шарасын алуға уәде берді. Сонымен қатар ауыз су желісіне қосылғанда «Жылыой су» мекемесінен көрсетілетін қызмет бағасына орай газет бетіне түсінік беру сұралды. 3-ықшамаудан тұрғындарының бірі төлелер суынан толып тұрғанын жеткізді. Аудан әкімі ТШО компаниясының демеушілігімен үйлердің жертөлелерін кәріз судан тазалап, кәріз құбырларына жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатырғанын, дегенмен бұл тек бір реттік екенін, кейін тұрғындар өздері ПИК құрып, әрі қарай ортақ мүліктерін күтіп ұстауы керектігін түсіндірді.
Қалаішілік автобустар 21.00-ге дейін жүру керек
"Автостоянка - А" ЖШС өкілі Екпін Садықов қалаішілік автобустардың қызметі туралы баяндады. Тұрғындар автобустардың кешкі мезгілде, яғни сағат 20.00-ден кейін жүрмейтіндігін айтты. Аталған мекеме өкілі мен автобус жүргізушілері сағат кешкі сегізден кейін жолаушылар автобусқа көп мінбейтінін алға тартты. Сол себептен бос жүру оларға тиімсіз екенін жеткізді. Автобус жүргізушілері аялдамалардың талапқа сай еместігін, 50 теңге жол жүру бағасының төмен екендігін айтып, шағымданды. Аудан әкімі халықты тасымалдау бойынша автобустар тендер шарттарында көрсетілген уақыт бойынша жүруге міндетті екенін айтып, заңды талап орындалмаған жағдайда шарасы алынатыны туралы ескерту жасады. Ал жол жүру бағасына орай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Ернар Ысмағұл жауап берді. Оның айтуынша, жүргізушілер нақты шығындарын есептеп әкеліп, ұсыныстарын беру керек. "ТеңізАвтоКөлік" ЖШС өкілі ауылдық округтерге жолаушылар тасымалы бағытындағы қызметі туралы әңгімелеп өтті. «Достық» ықшамауданы тұрғыны Ж.Шарғабаева №3 маршрут тоқтап қалғанын, осы маршрутты №2 автобус маршрутына қосуды ұсынды. "ТеңізАвтоКөлік" ЖШС өкілі бұл ұсыныспен келісіп, алдағы уақытты №2 автобустың маршруты ұзартылатын болып келісілді. Дара кәсіпкер "Сүгіров" көшедегі жасыл желектерді қорғау бағытында жүргізілген жұмыстар туралы есебін берді. Оның айтуынша, жыл басынан бері 159 қараусыз мал қамалып, иелеріне айыппұл салынған.
Қ.Нұртайұлы.