Қазіргі таңда Қазақстанда отбасы институтының беделін арттыру, нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бірақ жалпыұлттық іс-шаралар жоспары шеңберінде аз қамтылған, көпбалалы, қиын жағдайға тап болған отбасыларға жәрдемдесетін орталықтардың көптігіне қарамастан, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың саны азаймай тұр.
Отбасындағы болар-болмас түсініспеушіліктен басталып арты зорлық-зомбылыққа ұласатын әрекеттерден зәбір көретіндердің басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Қылмыстық статистика бойынша елімізде соңғы үш жылда тұрмыстық әлімжеттік көрген әйелдердің көрсеткіші 25 пайыздан асқан. Ішкі істер министрлігі соңғы он жылда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істің күрт көбейгенін мәлімдейді. Отбасы ішіндегі зорлық-зомбылықтан әйелдерден бөлек, балаларға да күш көрсету тыйылмай тұр. Бұл туралы ЮНИСЕФ пен Қазақстан арасындағы біріккен зерттеулерде ересектердің 75 пайызы балаларды тәрбиелеу мақсатында таяқтайтыны жазылған. Елімізде 14 жасқа дейінгі балалар әрбір екінші отбасыда зәбір көретіні, мектеп оқушыларының үштен екісі қатарластарынан не болмаса мектеп мұғалімдерінен кемсітуге не зорлық-зомбылыққа ұшырайтыны анықталған. Негізінен зорлық-зомбылықтың ең көп көрсеткіші балалар үйі мен арнайы интернат мекемелерінде кездесетіні байқалған. Үстіміздегі жылдың 11 айында аудандық полиция бөлімінің 102 желісіне отбасы тұрмыстық саласына қатысты 306 хабарламалар тіркеліп, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73 бабымен-259, 73-1 бабымен-21, 73-2 бабымен-26 тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылған. Жергілікті полиция қызметі бөлімшесімен отбасы тұрмыстық саласындағы қылмыстарды болдырмау мақсатында 326 тұлға профилактикалық есепке алынды. Қазақстан Республикасының 2009 жылы 4 желтосандағы № 214-IV «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңының 20 бабына сай 289 тұлға қорғау нұсқамасы бойынша, ал соттың «мінез құлқына ерекше талаптар белгілеу» туралы қаулысы бойынша 37 тұлға профилактикалық есепке қойылып, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, отбасы тұрмыстық қатынастар саласында жанұялық жанжал салдарынан заңды некедегі жолдасы М.Р. есімді Құлсары қаласының тұрғыны үстінен әйелі К.Д-ден кәмелетке толмаған 1(бір) баласын ұрып зәбір көрсеткендігі туралы арыз түсірген. Осы арыз негізінде Учаскелік полиция инспекторымен ҚР ҚК-нің 73-1б 1-1-бабымен хаттама толтырылып, қажетті құжаттары жинақталып сотқа жолданды. Соттың шешімімен 3 тәулікке қамауға алынды. Әйелінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолдасының үстінен қорғау нұсқамасы шығарылып, аудандық полиция бөліміне есепке алынды. Сондай-ақ, азаматша К.Д жанұялық жанжал салдарынан кәмелетке толмаған бір баласымен Атырау қаласында ашылған «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесіне» орналастырылды. Сондай-ақ, 2023 жылдың 19-маусым күні Полиция бөліміне Тұрғызба селосының тұрғыны К.А. келіп, дәл сол күні 18:00 шамасында өз үйінде заңды некедегі жолдасы Ж.А. өз қолымен денесінен ұрып соғып, дене жарақатын салғаны туралы арызданған. Осы жанұялық жанжалға байланысты аудан тұрғыны К.А-ны кәмелет жасқа толмаған 4 баласымен «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету» бөлімшесіне орналастырды. Жоғарыда көрсетілген фактілер алақандай ғана Жылыойдың өзінде болып жатқан сорақы жағдайлар. Бұл құзырлы мекемеге белгілі болған отбасылық қылмыстар. Ал жұрттан ұялып, ағайын-туыстан арланып «бақытым» деп тапқан күйеуінен көрген зәбірді жасырып жүрген әйелдер қаншама?
Таяуда ғана жұртшылықтың жүрегін ұшырған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бешімбаевтың қатыгездік қылмыстық ісінен де қазақ қоғамындағы көп шындықтың барын аңғаруға болады. Жанары жанып тұрған аяулы жарын айуандықпен өлтірген шендінің ісін ақтауға бола ма? Салтанат Нүкенованың өлімен соң әлеуметтік желіде әйелдер қауымы қайта бас көтеріп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдату туралы петицияны қайта жандандырып, қол жинай бастады. «Ерім» деп сенім артқан қорғаушысы қорлап жатса, өз-өздерін қорғамағанда әйелдерді кім қорғасын?!
Ел Президенті былтырғы Жолдауында әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырды. Бұл туралы Мәжілісте де арнайы жиын өткізіліп, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы талқыланған. Нәтижесінде, «отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу» туралы заңға сәйкес, зорлық-зомбылық физикалық, психологиялық, жыныстық және экономикалық болып бөлінген. Яғни әрбір жәбірленуші қол жұмсау әрекетінің алдын алып, құқық қорғау органдарына жүгіне алады. Бірақ көпшілік зорлық-зомбылық құрбандары әртүрлі жағдайларға байланысты полицияға шағым-арыз түсірмей жатады. Сондықтан көптеген жәбірлеушілер жазаға ілікпейді. Жалпы, Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық көрсетілген.
Ш.Хамитова
"Мақаланың жалғасын "Кең Жылой" басылымынан оқи аласыз"