Жол үстіндегі салғырт әрекеттің соңы кейде үлкен жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Бұған ауданда өткен кезекті профилактикалық тексеру кезінде анықталған жағдай айқын дәлел болды. 2 ақпан күні аудан аумағында жүргізілген бақылау барысында полиция қызметкерлерінің назарына Ақтау қаласына бағыт алған «Газель» жүк автокөлігі ілікті.
Көлік Мұқыр ауылынан 4 бас түйені тасымалдап бара жатқан. Алайда сырт көзге қарапайым көрінетін бұл жүк көліктің артында заң талаптарының өрескел бұзу фактілері анықталды. Тексеру барысында жүргізушінің мал тасымалдауға қойылатын ветеринариялық-санитариялық талаптарды мүлдем сақтамағаны белгілі болды. Сонымен қатар тірі малды тасымалдау кезінде міндетті түрде орындалуы тиіс қауіпсіздік және құжаттық тәртіптер ескерілмеген. Тәртіп сақшылары мұндай салғырттық әрекеттер жол қозғалысы қауіпсіздігіне, сонымен қатар адамдардың денсаулығына да үлкен қауіп төндіруі мүмкіндігін ескертеді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабының 2-бөлігіне (ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларды, талаптарды және ветеринариялық нормативтерді бұзу) сәйкес жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Нәтижесінде құқық бұзушыға 43 250 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Өз кезегінде полицейлер тұрғындарға заңсыз мал тасымалдау, белгіленбеген орындарда бөлшектеу мен малды сою, ен-таңбалары жоқ малдарды саудаға салу деректерін болдырмау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жалғаса беретінін ескертеді. Мал тасымалдау кезінде талаптардың сақталмауы жұқпалы аурулардың таралу қаупін арттырып, қоғамдық қауіпсіздікке тікелей әсер етеді. Сондықтан заңда бұл салаға қатысты талаптар қатаң бекітілген.
А.Талапкер



