АСТАНА. KAZINFORM — Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері бейбітшілік ұстанымынан айныған емес. Жаңа Ата заң жобасы да — осы жолдың жалғасы. Бұл туралы заңгер Нұрғазы Әнуарбеков «Референдум-2026» онлайн марафоны барысында айтты.
— Жаңа Конституция жобасының преамбуласында «бейбітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылып» деген жолдар бар. Бұл бейбітшілікті басқа мемлекеттермен ықпалдаса отырып, қамтамасыз ететінімізді көрсетеді. Соңғы жылдарда Қазақстан әлемде «орта держава» ретінде таныла бастады. Бұл — Халықаралық аренада бейбітсүйгіштік іс-әрекетімізді көрсете алғанымыздың нәтижесі. Жаңа Конституция жобасы осы бағытты жалғастыратынымызды көрсетеді, — деді маман.
Сондай-ақ, ол жаңа Ата заң жобасының 73-бабына тоқталды. Онда Конституциялық Сот «халықаралық шарттарды ратификациялағанға дейін олардың Конституцияға сәйкестігін қарайды» және «халықаралық ұйымдар мен олардың органдары шешімдерінің орындалуының Конституцияға сәйкестігін қарайды» деген тармақтар бар. Нұрғазы Әнуарбековтің сөзінше, бұл тармақтардың маңызы зор.
— Болашақта біз қабылдайтын халықаралық міндеттемелер осы жаңа Конституцияның нормаларына сәйкес келуі керек. Алдағы уақытта болуы мүмкін жайттарды ескеріп, осындай механизмдер енгізілуі қажет. Мұндай тәжірибе Германия, Испания тәрізді Еуропа елдерінде бар. Бұл — керек механизм. Өйткені, тежеуші емес, алдын алушы қызметін атқарады, — деп түйіндеді заңгер.



