заң қазақша «сөйлесін» десеңіз...

Ана тіліміздің мұңын айтып, мәселесін көтеріп жүрген азаматтар аз емес. Олардың негізгі мақсаты - қазақ тіліне деген лайықты құрметті қалыптастыру, мемлекеттік мәртебесінің сөз жүзінде қалмай, тәжірибелік тұрғыдан жүзеге асуына жағдай жасау. Бірақ сол бір асыл мұратқа жету арманға айналып келеді. Өйткені, барша халық ұйысып, тіліміздің болашағына алаңдайтын жанашыр жандар қатары көбейгенде ғана оның абыройы шын мәнінде арта түсері анық.

Өкінішке қарай, қазақ тілінің қазіргі жағдайы өз статусына сай болмай тұр. Және бұған өзге емес, өз ана тілінде сөйлемей, қазақ тілін қажетті қатынас құралына айналдыра алмай отырған өзіміз кінәліміз. Себебі, қазақ тілі, ең алдымен, қазаққа керек! Мемлекеттік тілдің құқық, сот саласындағы бүгінгі көрінісін, кемшіліктері мен қателіктерін тұрақты түрде жазып, түбегейлі көрсету жеткіліксіз. Бұған дейін бұл мәселе биік мінберлерден жиі айтылды. Ал қазір сөзден іске көшетін кез туды. Айталық, соңғы жылдары заңдардың 99,8 пайызының орысша жазылып, кейіннен қазақшаға аударылатыны аз сыналған жоқ. Түпнұсқа өзге тілде болған соң, құқықтық құжаттардың аудармасы әлсіз, мағынасы түсініксіз, терминдері бірізді болмайтыны кім-кімге де белгілі. Соның кесірінен заңдарды қолданғанда орысша нұсқасын парақтап жатамыз.

Ендігі жерде заңдардың тек мемлекеттік тілде дайындалуына басымдық берген абзал. Оған біздің әлеуетіміз де, құқықтық біліміміз де жетеді. Жыл сайын заң, құқық саласында білім алып жатқан қаншама түлек тәжірибе алаңына қосылады. Қазақ, орыс тілдерін былай қойғанда, жастардың ағылшын, қытай, француз сияқты әлемдік тілдерді еркін меңгеріп, жетік сөйлейтініне таңданасың. Осындай сауатты, білікті заңгерлердің қазақша заң дайындай алмауы мүмкін емес.

Егер ниет пен талап болса, отандық заң саласындағы шығармашылық қызметті жандандыруға жастардың қабілеті мен білімі жетеді. Сол сияқты сот саласындағы мемлекеттік тілдің үлесін арттыру азаматтардың қалауына байланысты екенін айта кеткен жөн. Ата Заңымыздың 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Сол сияқты ҚР «Тіл туралы» заңының 4-бабында, Азаматтық процестік кодексінің 30-бабында да сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдайларда басқа тілдерде қолданылатыны» көрсетілген. Яғни, өз арызын, шағымын, сұрағын қазақ тілінде жазуға, жолдауға ешқандай заңдық кедергі жоқ. Бірақ, соны біле тұра кейбір азаматтар әлі күнге сотқа орыс тілінде жүгініп жатады. Ал шағым сотқа қай тілде түссе, іс сол тілде қаралады. Міне, соттар қазақша сөйлеуі үшін жылдар бойы қалыптасқан осы әдеттерден арылу керек. Бұл мәселе кезек күттірмейді.

Айталық, заңгерлер мен адвокаттар, тергеушілер істі орыс тілде рәсімдесе, орысша жетік білмесе де оған қарсылық танытпайтын жандар арамызда әлі де бар. Мұндай азаматтардың кейбірі «арыз орыс тілінде жазылса, тез, сапалы қаралады» деген қате пайымды басшылыққа алады. Шындығында арыздың қай тілде жазылғаны істің қаралуына, қорытындысына еш әсер етпейді. Аудандық сотта қазақ тілінің мерейін өсіріп, қолданыс аясын кеңейту мақсатында қолданылып жатқан шаралар бір сәтке де толастаған емес. Соның арқасында соттағы барлық құжаттар мемлекеттік тілде дайындалып, істердің басым бөлігі қазақша қаралады. Алдағы уақытта да мемлекеттік тілде жүргізілетін сот процесін арттырып, кемшіліктерді дер кезінде түзетуге күш салатын боламыз.

Гүлзада Жанғазиева,

аудандық сот әкімшісінің жетекші маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT