Заң білмеген зар илейді

Жүкті әйелдердің құқығын қорғау мақсатында 44-бапқа өзгеріс енгізілді.

Өткен аптада облыстық мемлекеттік еңбек инспекторлары ауданға арнайы іс-сапармен келді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында ауданның мекеме-кәсіпорын басшылары, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары иелері, мемлекеттік мекемелердің жауапты қызметкерлері, балабақша меңгерушілерімен семинар өткізіп, Еңбек кодексіне енгізілген толықтырулар мен заңнамадағы жаңа өзгерістер бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Аудан әкімдігінің аппарат басшысы Аманқос Нұғыман семинарды ашып, қатысушыларды спикерлермен және жиналыстың өту тәртібімен таныстырды. Онда жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы әлі күнге орын алатын түсініспеушілік даулардың заңдылығын ұғынып, өз сауалдарына нақты жауаптар алуға мүмкіндік берілді. Күн тәртібіне сәйкес мемлекеттік және оларға жартылай теңестірілген мекемелер қызметкерлерінің, кәсіпорындар мен жеке ұйымдар жұмыскерлерінің қатысуымен

Еңбек кодексіне 2020 жылдың 4 мамырында енгізілген өзгерістермен таныстыру, еңбек шарттарын электронды форматта тіркеу жолдарын көрсету, қажеттілік туындаған жағдайда азаматтарды жеке қабылдау мәселесі сөз болды. Еңбек инспекциясы басқармасының инспекторлары Самал Үбіғалиева мен Гүлдана Мұханова бұған дейін облысқа қарасты өзге де аудандарға жұмыс барысымен аяқ басқанын, Жылыойға соңынан табан тірегендерін айтады. Мұның өзіндік себебі де жоқ емес. Себебі, Жылыой ауданы еңбек шартын электронды нұсқада тіркеушілер арасында ең төменгі көрсеткішті көрсетіп отыр.

-Қазіргі таңда 90-нан астам заң баптары және тармақтарына жаңашылдықтар енгізілді. Дәл қазіргі жиынға мемлекеттік дербес бөлімдердің кадр және есепші мамандарын арнайы шақыртып отырмыз. Өйткені, еңбек қатынастарының бұзылуына итермелейтін бірден-бір себеп кадр бөлімі мамандарының бұйрықтарды уақытында шығармауы немесе есепшілердің төлемдерді уақытынан кешіктіріп төлеуі. Бұған дейін тиісті жұмысты кешіктіріп жүзеге асырғаны үшін қолданыстағы заңға сәйкес ескерту берумен ғана шектеліп келсе, ағымдағы жылдың 16 мамырында күшіне енген заң бойынша әкімшілік жаза қарастырылып, тек жеке кәсіпкерлер емес, еңбек қатынастарын бұзған мемлекеттік орган қызметкері де қатаң жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынатын болады. Біраз мекемелердің мұндай заңдылықтың қазірде күшінде екенінен бейхабар болғандығынан түсініспеушіліктер мен көптеген сұрақтар туындап жатады. Біздің барлық аудандарды аралап, түсініктеме берудегі мақсатымыз да осы. Алдағы уақытта орын алуы мүмкін осындай келеңсіздіктердің алдын алу, сіздерді хабардар ету, - деп іссапарының мәнісін түсіндіріп өтті спикер Самал Жалғасқызы.

Әрмен қарай 2018 жылдан бастап еңбек шарттарын электронды форматта енгізу жоба ретінде ұсынылып, көпшілігі бұған аса мән бере қоймағандығы айтылды. Сондай-ақ, ол түрлі пункттерге тарамдалып, жұмысты күрделендіріп жіберді. Жоба заң аясында күшіне енген соң, кедергі келтіретін тұстары алынып тасталып, жұмыс жасауға ыңғайлы бөлімдері қалдырылып, ықшамдалған.

Қағазбастылықтың салдарынан көптеген жұмысшылардың еңбек кітапшасы жоғалып немесе қолды болып жатады. Мұның ақыры қызметкердің еңбек өтілін өтеген әр мекеменің табалдырығын тоздырып, құжатты қайта жасақтауына әкеп соқтырады. Ал электронды нұсқада тіркелген болса жұмысшының бұрын-соңды еңбек еткен орындары мен ол турасында маңызды деген мәліметтер сақтаулы тұрады. Егер жаңа қызметке орналасу қажеттілігі туындаған жағдайда түйіндеме даярлап жүрмей-ақ арнайы жеке бас кілті (ключ) арқылы сақталған электронды нұсқада барлық мағлұматты кадр бөлімі меңгерушісіне, басшыға жедел көрсетіп беруіне болады. Бір жағынан бұл цифрландырудың жаңа тәсілі болып есептеледі.

-Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің бірнеше баптарына енгізілген өзгерістерге сәйкес, егер түнгі ауысым уақыты мен мереке күндері қатар келіп қалған жағдайда жұмысшыға екі бөлек ақы төленеді. Сондай-ақ декреттік демалысқа шыққан қызметкердің орнына уақытша алынған маманды негізгі қызметкер жұмысына қайта кірісемін деген хабар беретін болса, ешқандай ескертусіз және өтемақы төлемей бұйрық арқылы бірден жұмыстан босата алады. Егер белгілі бір қызметкердің мойнында отбасындағы мүмкіндігі шектеулі жанның күтімі міндетті болса, анықтама арқылы басшы оған нақты жұмыс атқара алатын уақытына дейін қызмет ұсынуға міндетті. Сонымен қатар, ең жақын туыстары деп саналатын ата-анасы, ата-әжесі, туған бауырлары және жолдасы немесе жұбайы қаза болған жағдайда 5 күн мөлшерде ақысыз күн беруге тиісті. Бұдан бұрын жолдасы немесе жұбайының жақын туыстары қайтыс болған кезде мұндай жеңілдік қарастырылмаса, енді заңға сәйкес қызметкер бұл қайғылы жағдайда өзіне тиісті күнді ала алады. Яғни, осы себеппен жұмыстан босатылуға мүмкіндігі бар. 124-бапқа сай әскерге кеткен қызметкердің орны сақталуға тиіс. Егер жұмысшы әскерден келісімен бір ай ішінде өз орнына оралмаса, ол бұйрық арқылы ескертусіз жұмыстан шығарылатын болады. Еңбек кодексінің 111-бабына сәйкес, маман өзіне жүктелген қосымша жұмысты атқара алмайтынын түсінсе, заң жүзінде міндеттен бас тарта алады. Жұмысшы алғашқы уақытта жұмыстан шығатынын 1 ай бұрын ескертіп, кейіннен белгілі бір себеппен райынан бас тартса, сол 1 айдың ішінде жұмыстан шықпайтындығы жөнінде хабарлап, орнында қалуға құқылы. Жүкті әйелдердің құқығын қорғау мақсатында 44-бапқа өзгеріс енгізілді. Соған сәйкес жүктілігі 12 аптадан асқан қызметкер орташа айлық жалақысына орай басқа лауазымға ауыса алады. Егер қарсылық туындаса, арызын жазып, декреттік демалысқа шығуға мүмкіндігі бар, - деді осы және өзге де заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы таныстырған инспектор Гүлдана Жұмабекқызы.

Әрине, қатысушылар тарапынан көптеген сұрақтар жолданды. Оған еңбек инспекторлары тұшымды жауап берді.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521