Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі

Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі

Ауданда былтырғы жылмен салыстырғанда кәмелет жасына жетпеген қыз балалар арасында ерте жүктіліктің саны артты.

Аудан бойынша Аналар кеңесі мүшелері аудандық «Жастар үйі» ғимаратында мектеп жасындағы қыз балалармен кездесіп, кәмелетке толмаған мектеп оқушылары арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында түсінік жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында қыз бала тәрбиесі мен денсаулығы тақырыбындағы өзекті мәселелер қозғалып, талқыланды.

Ұйымдастырылған іс-шараның бір ерекшелігі, бұл жолғы кездесуге ер балалар да қоса шақырылып, қатысты. Кеңес мүшелері тарапынан берілген ақыл-кеңестің бір ұшы ұл балаларға қарай да бағытталып тұрды. Ер-азаматтың барша қазақ қоғамы және ата-ана алдындағы міндетімен қатар, бірге туған апа-қарындастары алдындағы жауапкершілігінің жоғары екені айтылды. Сондай-ақ өзімен бірге бойжетіп өсіп келе жатқан қатарлас қыз баланың тағдырына да бейжай қарамауы керектігі ескертілді.

-Ауданда былтырғы жылмен салыстырғанда, биыл кәмелеттік жасқа жетпеген қыз балалар арасында ерте жүктіліктің саны артты. Өткен 2019 жылдың 9 айында осындай 27 жағдай тіркелсе, биылғы көрсеткіш 31-ді құрап отыр. Яғни, ерте жастан жоспарсыз жүктілік мәселесі 4 дерекке өсті. Осыған байланысты қылмыстық іс көтеріліп, оқиғаның жай-жапсары анықталды. Сонымен бірге, тұрмыстық-зорлық зомбылыққа ұшыраған әйел адамдар мен жасөспірім балаларға арналған Атырау қаласындағы «Пана» дағдарыс орталығына өткен жылы ауданнан жалпы саны 12 адам орналастырылып, 6 ай мерзімге дейін тұрды. Биылғы жылы да бізге көптеген аналар келіп, көмек сұрады. Дегенмен, осы жылғы орын алған індетке байланысты оларды сараптамадан өткізіп, нәтижесі оң болып шыққандықтан жолдама беру мүмкін болмады. Тек бір әйел адам 4 баласымен орналастырылды - дейді аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы Рысты Мұқанова.

Аналар кеңесінің төрайымы Мұстахима Исаинова өз сөзінде қазақ отбасындағы қыз баланың рөлі мен тәрбиесіне аса басымдық берді. Ертедегі қазақ отбасындағы ана мен қыздың, жеңге мен қайынсіңілінің арасындағы жақындық пен ашықтықты мысал ете отырып, күні бүгінге дейін сол кездегі тағылымды түрде берілген тәрбиенің өз маңыздылығын жоймай келе жатқандығын баса айтты. Осы арқылы көпті көрген ел анасы кездесуге қатысушы жастардың санасына мәнді де мағыналы ой тастады.

Кеңес төрайымының орынбасары Мағрипа Шегенбаева болса, өз заманы мен бүгінгінің жастары арасындағы тәрбиені салыстырмалы түрде сөз етіп, түрлі мысалдар келтірді. Қазіргі бала тәрбиесінде ата-ананың босаңдық танытуының соңы жастардың еркіндікті сезініп, жеңіл өмірге бет алып, ақыр аяғы келеңсіз оқиғаларға әкеліп соқтырып жататын да жеткізді. Аудандық перзентхана меңгерушісі Сәуле Мәмбетова кездесу уақытында сөз сөйлеп, ерте жүктіліктің салдары мен түсік тастаудың соңы қандай қайғылы оқиғаларға душар ететінін түрлі мысалдармен айтып өтті. Кәсіби гинеколог маман ретінде қыз бала гигиенасы мен саулығына да тоқталды.

Кездесу соңында аудан мектептері жанынан құрылған қыздар клубы жетекшілері өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Соған сәйкес алдағы уақытта аудандық «Қыздар клубы» құрылып, жүйелі жұмыс жоспары жасақталып, жүзеге асырылмақ. Болашақта іске асқалы отырған іс-шаралардың негізгі мақсаты қазақтың қаракөз қыздарын әсемдікке, тәрбиелілікке, ұлтжандылыққа, білімділік пен парасаттылыққа баулу болмақ.

Ш.Мұхтарқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521