Қыз Данайдың қырғыны

Сұхбатымызды сүйіншілеуден бастайық. Қазақ әдебиеті жаңа туындымен толысты. Бұған, әсіресе, жылыойлықтардың ақсарбас айтар жөні бар. Өйткені сиясы кеппеген «Қыз Данайдың қырғыны» хикаятының өзегінде Жылыойдың тарихы, халқымыздың қасиетті қалпы жатыр.

Бүкіл елге мәлім «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Еңлік - Кебек» ғашықтық жырларымен пара-пар өз өңірімізде де Қыз Данай мен Төремұрат батырдың махаббат оқиғасы бар екенін біреу білсе, біреу білмес.

«Қыз Данайдың қырғыны – қырық қатпарлы, қырық жыл айтыссаң да ұшығына шыға алмайтын күрделі оқиға», «Қыз Данайдың оқиғасының құндылығы әлі күнге дейін сан сұрақтар қойып, соған жауап іздеуге мәжбүр етуінде жатыр» дейді автор туынды туралы. Бұл қандай оқиға, одан туындайтын нендей сауалдар? Мұны сұхбатымызда осы хикаятты жазған жазушы-драматург Нұрлан Қамидің өзі тарқатып бермек.

- Нұрлан аға, Жылыойдың топырағында туған өнерлі перзенттердің бірісіз. Әңгімеміздің әлқиссасы өміріңіз бен өнеріңіз жайлы болсын. Сіздегі жазушылық қасиет қайдан бастау алды?

- Мен 1959 жылы 2 қаңтарда Құлсары қаласында, 5-ші ауылда дүниеге келгенмін. Н.Островский атындағы сегіз жылдық мектепті, сосын Абай атындағы орта мектепті бітірдім. Бала кезімізде жаз бойы далада ойнасақ, қыстың ұзақ кештерінде кітап оқитынбыз, теледидар әлі келе қоймаған кез. Кітапқа құмарлық солай басталды. 5-ші сыныптан бастап қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Сабыр Өтегенов ағайымыз шығарма жазғанда бір сөйлем болса да өз ойыңнан жаз дейтін, сол сөзін малданып, шығарманы еркін тақырыпта ғана жазып жүрдім. Жазуға сөйтіп машықтандым. Бір қызығы, ешқашан журналист болғым келген емес, болып та көрмеппін.

Алғашқы әңгімемді 6-шы сыныпты бітірген жылы жаз кезінде жазғанмын, кейін өңдеп, «Сұрақ» деген атпен кітаптарыма енгіздім. Тұңғыш жарияланған шығармам 1985 жылы «Жалын» альманағының 3-ші санына шыққан әңгімем болды. Жалпы, жиырмасыншы ғасырда үш-ақ әңгіме жазыппын, бәрі де республикалық басылымдарда жарияланды, бір әңгімем жас жазушылардың «Арман қанатында» деп аталатын жинағына енгізілді. Шеберлігіме көңілім толса да, өмір тәжірибем жетпейтінін сезіп, біраз уақыт жазбай кеттім. 90-шы жылдардағы берекесіздіктің салдарынан қарапайым тұрмыстың күрт қиындап кетуіне байланысты жазуға мұршам да болмады. Тек 2001 жылы ғана «Дала» журналының 1-ші санына жаңа әңгімем жарияланды. Жаңа ғасырдың, жаңа мыңжылдықтың басында жаңа шығармам жарық көруін жақсы ырымға балап, қайтадан жаза бастадым. 2003 жылы «Атырау ақын-жазушылары» сериясымен «Кездесу» деп аталатын, 2010 жылы «Көк қақпа», 2015, 2016 жылдары «Қар адамы», «Хан Мөде» жинақтарым жарық көрді. 2017 жылы Шыңғыс Айтматовтың өзім аударған екі роман, бір хикаяты «Тау құлаған» деген атаумен басып шығарылды. Биыл Атырау облыстық әкімдігі мәдениет бөлімінің қолдауымен «Беймезгіл» деп аталатын романымның алғашқы кітабы басылатын болды. Облыс басшылығы мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлескен жобасы бойынша өткен күзде екі ақын, бір жазушы іссапармен осында келгенбіз, соның нәтижесі ретінде «Қыз Данайдың қырғыны» деп аталатын хикаят жаздым, үшеуміздің жазғанымыз бір кітап болып шыққалы жатыр, оны да облыс әкімдігі жүзеге асырмақ.

Толығырақ «Кең Жылой» газетінен оқи аласыздар

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521