ТАЯУДА №19 ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТЕ «ҚЫЗ БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ АТА-АНА ЖАУАПТЫ МА?» АТТЫ ПІКІРТАЛАС БОЛЫП ӨТТІ. АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ТӘРБИЕ ЖӨНІНДЕГІ ӘДІСКЕРЛЕРІ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН БҰЛ ШАРАҒА АУДАН МЕКТЕПТЕРІНІҢ ЖОҒАРҒЫ СЫНЫБЫНДА ОҚИТЫН ҚЫЗ БАЛАЛАР МЕН ОЛАРДЫҢ АНАЛАРЫ ҚАТЫСТЫ.
Пікірталасқа қатысушы топтар үш командаға бөлінді. Олардың арасында аналар да бар. Алғашқы екі топ оқушылары өзара сөз жарысына түсу арқылы тақырыпты кеңінен талқылады. Бірінші топ мүшелері тақырыппен келісетіндіктерін жеткізді. Олар жас бойжеткендердің тәртібіне, ең алдымен, ата-ана жауап беруі керек екендігін айтты. Ал келесі команда мүшелері «қыз бала тәрбиесіне ата-ана жауапты емес» деп есептейтін болып шықты. Қыздар күнделікті қоғам өмірінен алынған мысалдарды келтірді. Ал үшінші топ мүшелері болса, өз пікірлерін білдіру арқылы екі топтың сөзімен келісетіндіктерін немесе келіспейтіндіктерін жеткізді.
Жалпы, аталған тақырып аясында білім беру мекемесі ғимаратында өткен іс-шараның маңызы зор. Мұндағы басты мақсат – кәмелет жасқа толмаған қыз балалар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу, ұлттық тәрбиеге көп көңіл бөлу, мектеп жасындағы қыздардың инабатты да әдепті, арлы да намысшыл боп өсуіне ықпал ету. Сондай-ақ, олардың ұрпақ қамын ойлайтын, ұлт тағдырына бейжай қарамайтын жеке тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау.
Оқушы қыздар арасында ұйымдастырылған пікірталас сайысына аудандық перзентхана меңгерушісі, аудандық мәслихат депутаты, Аналар кеңесінің мүшесі Сәуле Мәмбетова, аудандық емхананың психолог маманы А.Естебаева және Жастар ресурстық орталығының басшысы А.Едігеев пен жергілікті БАҚ өкілдері де қатысты. Сонымен қатар, білім беру мекемелері директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен ұстаздар қоғамдағы ең өзекті мәселеге бағытталған мәнді іс-шараның ойдағыдай өтуіне атсалысты.
Соңында дәл осындай шаралардың аудандағы өзге де мектептер ғимаратында өткізу керектігі сөз болып, жоспарланды. Оған тек, қыз балаларды ғана емес, ер балалар мен әкелерді де қатыстыру керектігі басты назарға алынды.
Ш.МҰХТАРҚЫЗЫ