Юлиана – Атырау мақтанышы

«Дәстүрді сақтай отырып» атты республикалық фестивальға да қатысып, дипломмен оралды.

Әдемі сөзімен, қазақ қызына тән көркем мінезімен, сұлу жүзімен көптеген байқауларда бақ сынап, талайдың таңдайын қақтырып жүрген Юлиана Новикова аудан әкімі Азамат Бауыржанұлының қабылдауында болды. Ұлты өзге болса да, қазақ тілінің мерейін асқақтатып, ана тілінің қадіріне жете алмай жүргендерге үлгі-өнеге болып, тіл құдіретін ұғындыра білген осынау орыс қызы бүгінде аудан мақтанышына айналып отыр. Қазақтың барлық дерлік салт-дәстүрін сақтап, бүтін бір әулеттің ғана емес, барша жылыойлықтардың сыйлы келіні атанған Юлианаға аудан басшысы өз қолымен сыйлық табыстап, алғысхатпен марапаттады.

Биыл жазда ұлы Абайдың 175 жылдық мерекесіне орай өткізілген «ABAI 175» челенджінде Абайдың «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» өлеңін оқыған Юлиана Новикова облыс бойынша Бас жүлдені қанжығасына байлады. Сондай-ақ облыста өткен «Тіл – парасат» атты этнос өкілдері арасында өткен байқауда 1-орынды иемденді. Ал жақында Астана қаласындағы «Ұлы даланың Ұлтаралық тілі» атты республикалық форумына Атырау облысы атынан қатысып, Қазақстан халқы Ассамблеясының алғысхатымен марапатталды. Айта кету керек, Юлиана осы жылғы қараша айының соңында Шымкент қаласында өткен «Дәстүрді сақтай отырып» атты республикалық фестивальға да қатысып, дипломмен оралды.

Күні кеше Юлиана Новикова Атырауда өткен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIII сессиясында қазақша баяндама жасады. Юлиана Новикова - Жылыой ауданының тумасы. Юлиананың ұлты орыс болғанымен, қазақ тілін еркін меңгерген. Қазақша мәнерлеп оқудан облыс жеңімпазы. Қазіргі кезде «Өркен» балабақшасында тәрбиеші. Кішкентайларға қазақша тәлім береді. Осы жылдың қорытындысымен өткізілген «Жастар сыйлығы – 2019» байқауында «Үздік жас тәрбиеші» номинациясы бойынша Юлиана аудан әкімінің дипломымен марапатталды. Юлиана - қазақтың келіні. Бүгінде Юлиана мен жұбайы Шерханның екі перзенті бар.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521