Бүгінде өмірден өткен жанның артынан берілетін садақалар үлкен тойға айналып бара жатқанын көз көріп, құлақ естіп жүр. Халық арасында күннен күнге талас-тартыс туындап, ысырапшылдық белең алып бара жатыр. Осы мәселе аясында «Ысырапшылдыққа жол беріле бере ме, садақа жасау дастарқанын неге жеңілдетпеске, салт-дәстүріміз бойынша қалай өтуі керек еді» деген секілді сауалдар көптің көкейінде жүргені рас.
Міне, осы мәселелердің біржақты шешімін табу үшін Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы марқұмның өмірден өткеннен кейінгі садақа беру мәдениетін бір ізге түсіру үшін республика бойынша ортақ құжат қабылдады. Оны бекіту жиыны ғалымдардың, ақсақалдардың, елге, дінге жаны ашитын жанашыр адамдардың қатысуымен өтіп, ас беру мәдениетіндегі реттілікті бірауыздан қабылдаған болатын. Бүгінде бұл құжат арқылы еліміздің әр өңірінде үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп бастады. Сонымен қатар, қайтқан жанның қабіріне зәулім мазар тұрғызу да бәсекеге айналып бара жатқаны жасырын емес. Сол үшін «Зират және зиярат» атты құжат та бекітілді. Өйткені халық арасында бұл мәселе де жарысқа айналып, шамасы келгендер үлкен бейітке айналдырып, одан әрі мешітке ұқсатып тұрғызып жатқаны хақ.
Ас беру мәдениеті - осыған дейін де жиі талқыланып келген қоғамдағы өзекті мәселенің бірі. Алайда сөз жүзінде қанша айтылып жүргенімен, іске келгенде орындалмай қалып қойып жатқаны рас. Сол үшін облыстан ат басын бұрып аудан халқы үшін арнайы келген Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы бұл мәселеге нақты тоқталып, көп нәрсеге тоқтау қоятын уақыттың келгенін баса айтты. Бұл мәселе Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің ұйымдастыруымен «Ас беру мәдениеті» тақырыбында өткен аудандық семинарда кеңінен қозғалды. Онда ҚМДБ қабылдаған құжат аясында о дүниелік болған жанның артынан жасалатын дастарханның үлгісі көрсетіліп, жиналғандарға ұсынылды. Семинарға облыстың бас имамынан басқа облыстық ардагерлер кеңесінің хатшысы Мәлік Абылайхайыров, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Бақтыбек Таубаев, аудан әкімі орынбасары Нұрболат Сарманов, ауданның ақсақалдар алқасы мен аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің басшылары мен мүшелері қатысты.
Әрине, басқарманың бұл бастамасын бірнеше аудандар іс жүзінде жүзеге асырып бастады. Айталық көрші Мақат ауданының ақсақалдарынан бастап, кәсіпкерлер, оның ішінде мейрамхана иелері мен аудан халқы бірауыздан ысырапшылдыққа тосқауыл қойып, осы құжаттың негізінде ғана садақадағы дастарқан жаю мәдениетін қолдады.О дүниелік болған жанға арналған кәделер қаладағы мейрамханаларда да өтіп жататыны жасырын емес. Бірақ арнайы шақырыла тұрса да, қаладағы мейрамхана иелері – кәсіпкерлердің бірде-біреуінің семинарға келмеуі көңілге қаяу салды.
- Атырау қаласы имамдарының, ардагерлер мен зиялы қауымның қатысуымен ҚМДБ-ның ғұламалар кеңесінің 15-отырысында «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты үндеуді бірауыздан қабылдады. Бұл - мұсылманның дүниеден өтуі, жерлеуі, ас беру дәстүріне негізделген жаңа пәтуа. Ол құжатта айтылған мәселелерді іске асыруға шақырады. Ал, құжат бойынша негізгі мәселеге тоқталсақ:
1) Садақада, яғни құдайы аста дастарқан барынша қарапайым болып, асхана және мейрамхана басшыларына қала халқының садақа өткізу қадесінде ысырапшылдыққа жол бермеуге шақыру;
2) Жаназадан бір күн бұрын қонақасы берілетін болса оны мейрамханада емес, үйде қарапайым өткізу және таң атқанға дейін отыру міндет емес екенін ескеру;
3) Садақаны сөз жарысқа айналдырмау, барлық адамның бірдей сөйлеу керек емес екендігі, артық әңгіменің айтылмауы;
4) Жаназа намазының алдында митинг жасауды доғару, мәйітті себепсіз күттіру дұрыс емес екендігі, бір адамның мәйіттің сақадаларын хабарласа жеткілікті екендігі;
5) Қабір басына құлпытас қоюға рұқсат, алайда құлпытасқа мүсінін ойып, бейнесін салудың қате екендігі және осы сынды мәселелердің дұрыс не дұрыс емес екендігі сөз болды,-деді Асылбек Ұтысханұлы.
Еліміз үшін маңызы бар мәселе бойынша өз пікірін білдірген облыстық ардагерлер кеңесінің хатшысы Мәлік Абылайхайыров:
-Бұл - үлкен шаруа. Өйткені ысырапшылдықты мен өзім қолдамаймын. Халықтың арасында мақтанушылық басым. Мұның арты неге апарып соғатынын да білмейміз. Сол үшін бұл мәселеге тыйым салу керек деп ойлаймын. Қазір барлығы бар, Құдайға шүкір. Кейде садақа дастарқанынан тәттілер мен салаттарға дейін көріп жатамыз. Мұсылман елі үшін бұл дұрыс емес. Мәйіт жатқан үйде ас берілмеу де керек сияқты. Қайғы жұтып отырған шаңыраққа одан сайын ауыртпашылық салуды қоюымыз керек, - деді.
Жиын барысында облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысханұлына қатысушылар арасынан көкейінде жүрген көп сауалдар қойылып, толыққанды жауап та берілді. «Ас беру мәдениетін» «Садақа өткізу мәдениеті» деп ауыстыруды ұсынған ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрдәулет Ақназаровқа бас имам:
-Әрине, біз мұны мүфтиятқа жеткіземіз. Алайда, батыста оны «садақа» деп айтамыз. Еліміздің солтүстігінде «құдай-тамақ» десе, басқа өңірлерде «хатым» деп жатады. Әр жерде әртүрлі болғандықтан, «Ас беру мәдениеті» деп ортақ қойылды. Егер құжатты Атырау облысы үшін ғана шығарсақ, онда, әрине, «Садақа өткізу мәдениеті» деп атауға болар еді. Дегенмен де, атауда тұрған ештеңе жоқ. Асылы оның ішінде, -деп түсіндіре кетті.
Семинар соңында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Бақтыбек Таубаев сөз сөйлеп, өз пікірін ортаға салды. Бас имам осы басқосуда айтылған өзекті мәселелер халық арасына кеңінен таратылып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілсе деген өтінішін білдірді.
Д.ДЕРБІС