Қыстың көзі қырауда қыз бала қайда бармақ?

Анасынан айырылған жылыойлық 14 жасар қыз баланың тағдыры аянышты-ақ.

Әке-шешесі жоқ жасөспірім мына қыс көзі қырауда қайда барып, кімді паналайды? Қыз баланың өмірі аудандағы құзырлы органдарды алаңдатып отыр. Оны қолына алатын не туысқаны жоқ, өзінің туған нағашылары да бас тартыпты. Жетімін жылатпаған халықпыз ғой, өз отбасына қабылдауға ниеттілер ауданымызда да табылып қалар деген үмітпен қолымызға қалам алдық.

Біз мұны мысал ретінде келтіріп отырмыз. Теледидардан көрген боларсыздар, біреу ғана емес, бірнеше, тіптен оншақты жетім баланы үйіне әкеліп, өз балаларымен қосып бағып отырған қазақстандық отбасылар бар. Ал баланы мұндай жолмен асырап алуды патронаттық тәрбие дейді. Ал патронаттық тәрбие жөнінде оқырмандарға түсіндіріп өтсек, мәселенің түйіні шешіліп қалар, бәлкім.

... Сонымен патронаттық тәрбие дегеніміз не?

Өзегінен шыққан өз перзентін ғана емес, өзгенің де баласын бауырына басып, бағып-қағуға дайын жандар жетерлік. Мұндай тәрбиені елімізде патронаттық тәрбие деп атайды. Патронаттық тәрбие - баланы жаңа отбасына бейімдеудің бір түрі. Патронаттық тәрбиеге бала алатын отбасы, алдымен, білім бөлімінің қорғаншы және қамқоршылық органына қажетті құжаттар тізбесі бойынша құжаттарын жинап өткізеді. Жинақталған құжат бойынша патронаттық тәрбиеге бала алатын отбасы білім бөліміне үміткер ретінде тіркеледі. ]

Қандай құжаттар тапсыру керек?

Азаматтар өзінің тұрғылықты жері бойынша органға жетім баланы немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы патронаттық тәрбиеге алуды қалайтыны туралы жазбаша өтініш жазады. Сондай-ақ тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын тексеріп-қарауды жүргізу туралы өтініш білдіреді. Жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмесі мен неке қию куәлігінің көшірмесін тапсырады. Ал егер үміткер некеде болмаса, некеде жоқ екенін растайтын анықтама ұсынады. Сонымен қатар жақын туыстарының баланы тәрбиеге алуға қарсылығы жоқ екені жөнінде жазбаша келісімі мен кемінде үш көршінің ұсыным хатын, жұмыс орнынан анықтама мен мінездеме, жиынтық табыс мөлшері туралы анықтама, отбасы жағдайы туралы анықтама, ерлі-зайыптылардың денсаулық, оның ішінде психикалық жағдайы туралы, есірткіге, алкогольге тәуелді еместігі, өкпе-құрт, тері аурулары және АҚТҚ орталықтарында есепте тұрмайтындықтары туралы анықтамаларды, сотты болмағандықтарын растайтын анықтама, тұрғын үй-жайға меншік құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын растайтын құжат пен өмірбаяндарын өткізу керек.

Патронаттық тәрбиешілерге мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Әрбір баланы асырап-бағуға ай сайын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгіленген тәртіппен белгіленген мөлшерде ақшалай қаражат төленеді. Қорғаншы және қамқоршы органдар патронаттық тәрбиешілерге қажетті көмек көрсетуге, баланың өмірі мен тәрбиесі үшін қалыпты жағдай жасауға жәрдемдесуге міндетті және патронаттық тәрбиешілерге жүктелген баланы асырап-бағуға, тәрбиелеу және білім беру жөніндегі міндеттердің орындалуын бақылауды жүзеге асыруға құқылы. Тілге тиек ететін жайт, егер бала 18-ге толса немесе тәрбиешімен бала тіл табыса алмаған жағдайда қорғаншы және қамқоршы органы патронаттық тәрбиеге бала алған отбасымен келісімшартты бұзып, мемлекет тарапынан берілетін қаржы тоқтатылады. Сондай-ақ осы жерде айта кететін бір жайт, патронаттық тәрбиешілерге берілген бала алиментке, зейнетақыға, жәрдемақыға және басқа да әлеуметтік төлемдерге құқығын, сондай-ақ тұрғын үй-жайға, меншік құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын сақтайды.

P.S. Жетімді жеткіземін деген отбасы құжат жинаудан да қашпасы анық. Ал «Мені қашан алып кетер екен?» деп көзі жәутеңдеп отырған қыз бала мейірімі шексіз жандардың махаббатына ертерек бөленсе екен дейміз.

П.ҚИЗАТОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521