Қырық құрау шарбақ Құлсары көркіне сын

Өкінішке орай, бұл қаланың Орталық ескі ықшамауданына ғана тән көрініс емес.

Өткен ғасырдың 85-86-жылдары болуы керек, «Теңіз астанасы» атанған Құлсары поселкесіне қала мәртебесін беру жөнінде мәселе көтеріліп, аудан орталығында қызу құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жергілікті билік өкілдері біз тұратын 8, 9-учаскелерді аралап, жер үйлердің барлығы бұзылатындығын, оның орнына зәулім-зәулім көпқабатты үйлер салынатындығын ескертіп, ауыл жағалап жүрді. Оны естіген біздің балалық қиялымыз құс қанаты жетпеген қиырға самғап, сәулетті де дәулетті қаламыздың келешегін көз алдымызға елестетіп, небір армандарға берілуші едік.

Міне, бүгін сол кездегі қиялымызға қанат бітірген қаламыздың көшесінде жүрміз? Бірақ біз ойлағандай, біз күткендегідей сән-салтанаты келіскен шырайлы шаһар емес. Кейбір көңілге көлеңке түсірер жайттарды көріп тұрып, бақытты балалық шақтағы балғын арманымыздың көпшілігі орындалмай қалғанына қатты қынжыламыз. Сондайда қала атанғанына 20 жылға аяқ басқан шаһарымыз «Теңіз астанасы» деген атқа лайық па деген ойға еріксіз берілесің. Егер солай болса, онда алтын көмбенің үстінде отырған қаламыз неге Теңізден жыл сайын бірнеше ондаған тонна қара алтынды теңіздей тасытып, толассыз өндіріп жатқан «Теңізшевройл» ЖШС-мен бірге дамып, гүлденбейді?

Зәулім көпқабатты үйлер салынбақ түгілі, өткен ғасырдың 50-60-жылдарында мұнайшылар қалашығы ретінде тұрғызылған қосқабатты ескі үйлер де әлі күнге Құлсарының Орталық ықшамауданында «сән түзеп» тұр. Бұл ескі үйлердің ішінде әжетхана, канализация жүйесі мүлдем жоқтығы өз алдына, сыртқы түрі мен маңындағы көшелерінің сиқы, тазалығы да сын көтермейді. Жылдардың артқан ауыр жүгімен қосқабатты ғимараттар отырып, әбден тозығы жетіп, төменгі қабаты жерге кіріп кеткені соншалық, тіпті кейбірінің подъезінің есігінен еңкейіп кіруге тура келеді. Тура сол өткен ғасырда мұнай іздеп көшіп-қонып жүрген бұрғышы мен мұнайшылардың тұрып келген жертөлесін еске түсіреді. Қаланың осы Орталық ескі ықшамауданының көрінісіне қарап-ақ Құлсарының сәулеті сонау 50-60-жылдардың көлеңкесінде қалып қойғандай күй кешесің.

«Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, онсыз да жылдар бойы жөндеу көрмей, сырты қотыр-қотыр болып тұрған қосқабатты ескі үйлердің айналасын қалай болса солай қоршап тастаған қисайған ағаш шарбақтар да бұзып тұр. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей, бірінші қабатта тұратын тұрғындар пәтерінің қалаған жерінен сыртқа есік шығарып, дуалмен не қолына түскен құрылыс материалдарымен қоршай салған. Қоршау үшін әркім ескі сынған тақтайлар, майысқан қаңылтырлар тәрізді кез-келген материалды ретсіз жапсыра берген. Оның қала көркіне, мәдениетіне тигізіп жатқан салдары қандай? Онымен ешкімнің шаруасы жоқ. Мұндай шоқпыт шарбақтармен қоршалған қос қабатты үйлерді аралап жүрсеңіз адасып та кетесіз.

Біз қос қабатты үйлерді қырық құрау шарбақпен қоршап тастағандардың ісі қаншалықты заңға сәйкес екендігін білу мақсатында Құлсары қаласының әкімдігіне хабарласқан болатынбыз.

-Заңдылық тұрғысынан алғанда, қосқабатты үй тұрғындарының бұлайша өз беттерімен дуал тұрғызып, үй айналасын қоршап, шарбақ салып алуларына ешқандай құқығы жоқ. Өйткені кондоминиум ретінде ондай үйлер ортақ меншік болып саналады. Көп қабатты үйлердің маңын заң бойынша тек көгалдандыруға және абаттандыруға ғана рұқсат етіледі. Ал біздің жағдайда, тұрғындар қала көркін кетіріп қана тұрған жоқ, өрт қауіпсіздігін сақтауға да кедергі келтіріп отыр. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», егер сол үйлердің бірінен тілсіз жау бой көтере қалса, онда шарбақпен қоршалған тар көшелермен өрт сөндіру көліктері өте алмайды. Болашақта мұндай үй иелеріне ескерту жасап, заңға сәйкес тиісті шарасын алу жоспарда бар. Тек қазіргі карантиндік қиын кезеңде бұл шараны кідіртіп отырмыз,- дейді Құлсары қаласы әкімінің орынбасары Қадыржан Адинов.

Құлсары қаласының басты орталық көшесі – Махамбет даңғылының бойындағы үйлердің іргесінде де шоқпыт-шоқпыт шарбақтар қарынға жабысқан талақтай болып тұр. Жылда сыртқы беті демеуші кәсіпкерлердің көмегімен майланып, сырланатын ғимараттардың сәнін осындай ойқы-шойқы шарбақтар кетіруде. «Румия» сауда үйінен бастап, «Ақсүйрік» дүкеніне дейінгі аралықты жүріп өтсеңіз, тасжолдың қарсы бетінде тұрған ескі қосқабатты үйлердің маңындағы тозған ағаш пен тот басқан қаңылтырдан тұрғызылған аулалар көзге аса жұпыны көрінеді. Соған қарап «Біз қалада тұрамыз ба, жоқ па?!» - деген ойға еріксіз ораласың.

Өзге қалалардан сырты алым-жұлым шарбақпен қоршалған көпқабатты үйлерді көрмейміз. Заңында қаладағы көп қабатты ғимараттар қоршалмауға тиіс. Кешегі бала кезімізде қиялмен көз алдымызға елестеткен Құлсары қаласының бүгінгі сиқы осындай ма еді?! «Теңіз мұнайы астанасының» аты қала болғанымен, заты сол ХХ ғасырдың бел ортасында қалып қойғаны қатты қынжылтады.

Өкінішке орай, бұл қаланың Орталық ескі ықшамауданына ғана тән көрініс емес. Мұндай бейберекетсіз шарбақпен қоршалған қосқабатты ескі үйлер Құлсарының өзге учаскелерінде де баршылық. Сондықтан Құлсары қаласы әкімдігі жуық арада оларды заңға сәйкес реттестіріп, қаланың көркін қашырып, көшелерді тарылтқан аула иелеріне қоршауларды алдыртса нұр үстіне нұр болар еді.

Ербол Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT