Ғылымның тілін қазақша меңгергенге не жетсін!

Ғылым тілі - қиын тіл. Әр ғылымның өзіндік қиындықтары, ерекшеліктері болады.

Қазақтың көзін ашамын деп өзге елдің білім жүйесін көшіріп алып, жаңалық әкелуге әуеспіз. Ана тілдің тұғырын көтеруді ойласақ, тілдік қолданыстың аясын кеңейту қажет. Қазіргі кезде индустрияландырудың негізгі күші математика, химия, физика пәндері болып отыр. Сол пәндердің негізгі бағытын ағылшынша оқыту мемлекеттік тілдің деңгейін төмендетіп жіберді. Кеңес үкіметі кезінде ғылым нәрімен қазақша сусындаған балалардың орыс мектебінде білім алған балалардан озық жүрген кездері болды.

Қазақтың жақсысы кім? Ол - ұлтының тілін, мәдениетін, дәстүрін жақсы біліп, ғылымның негізін қазақша меңгерген адам. Жаһандану заманына аяқ басуымыздың себебінен ана тілімізден бөлек, орыс және ағылшын тілін меңгеру қажеттілігі туындап отыр. Алайда мектеп оқушыларын бастауыш сыныптан бастап ағылшынша оқыту керек дегенді түсінбеймін. Қазіргі балалардың ой-өрісі жоғары және де олар қай тілді болмасын жетік білуге құмар. Десе де, қазақ мектептерінде физика, химия, биология пәндерін ағылшынша оқыту бос әурешілік деп санаймын.

Көптеген зияткерлік мектептерде шет тілдерін оқыту оң нәтиже беріп отыр. Себебі оларда білікті мамандар қызмет атқарады. Оның үстіне ондағы оқушылардың білім деңгейі де айтарлықтай жоғары. Ал жаппай барлық мектептерде пәндерді ағылшынша оқытудан ешқандай пайда таппаймыз. Кей жағдайда оқушылардың білім сапасы стандартқа сай келмей жатады. Мектептерде білім сапасын арттыруда мұғалімдердің білім беру міндетімен қоса, қажырлы еңбегі үлкен рөл атқарады. Ал мұғалім шет тілін оқытумен әлек болып жүргенде оған жүктелген өзге де талаптар орындалмай қалуы мүмкін. Оның үстіне алдағы уақытта кириллицадан латын әліпбиіне көшу оқушыларға айтарлықтай салмақ түсіреді. Біздің мақсатымыз қазақ тілінің дәрежесін асқақтату болса, онда ғылымды да қазақша үйренейік.

А.Жарылғасова,

ҚССР оқу ағарту ісінің озық қызметкері,

методист мұғалім

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521