«Құқықтық көмек» – тұрғындар үшін!

Құқықтық тәрбие

Елімізге белгілі құқықтанушы Абзал Құспан ауданымызда болды.  «Құқықтық көмек» жобасы аясында ауданымызда азаматтарды қабылдау өтіп, жалпы саны 33 адамға құқықтық көмек көрсетілді.Кездесуге тұрғындар тек жеке басының қамын емес, ауданға ортақ  мәселелерді  де көтере келген. Мысалы, Төлеубаева Райсаның айтуынша, ауданда онкологиялық ауруға шалдыққандар саны жағынан ел бойынша алғашқы орында.

- Сізбен 2016 жылы кездескенбіз. Ол кезде мәселеміздің оң шешімін табуға көп көмек көрсеткен едіңіз. Қазір де сізге үміт артып келіп отырмын. Ауданда 2,5 мың адам онкологиялық дертке шалдыққан. Экологиялық ахуал күннен-күнге нашарлап бара жатыр. Қазақстанның экономикасына қыруар қаржы құйып отырған ауданның халқы не себепті зардап шегуі керек, – деп базынасын білдірді ол. Тағы бір айта кететін мәселе - аудан орталығы Құлсары қаласының аумағында мұнай өнімдерін өңдейтін шағын зауыттардың болуы. Соның салдарынан Жылыойда аллергия, қан қысымы аурулары үйреншікті нәрсеге айналған.

Аудандық санитарлық эпидемиологиялық қадағалау бөлімі санитарлық аумақ бекітпегендіктен, шағын зауытқа жақын жерлерге тұрғын үйлер салуға жер телімдері бөлініп кеткен. Адвокат Абзал Құспан бұл мәселені Атырау облысы әкімінің қатысуымен өтетін жиында қозғайтынын айтты.

- Мұндай мәселелер облыстық әкімдік деңгейінде шешілуі керек деп есептеймін. Сондықтан да бұл жерде ең бірінші уәкілетті органдар жұмыс жасауы керек, – деді А. Құспан.

Тұрғындардың талабы - тұрғын үйлерін апатты деп тану. Ауданның тағы бір тұрғыны тозығы жеткен үй мәселесі бойынша  жүгінді. Жергілікті билік пен бағалау мекемесі 2021 жылы тозығы жеткен үйлердің тұрғындарымен кездесу ұйымдастырған. Бұл жерде қолданыстағы заңнамаға сәйкес бағалау компаниясының шығыны тұрғындар тарапынан өтелуі керек екен.Осы мәселе төңірегінде орын алған олқылыққа байланысты сөз алған қала әкімінің міндетін атқарушы Адинов Қадыржан, биыл жергілікті атқарушы орган тарапынан, тозығы жеткен үйлерді апатты деп тану үшін сараптамаға қаражат қарастырып отырғанын айтты.

- Қала аумағында орналасқан тозығы жеткен 132 үйді апатты деп тану үшін сараптама тағайындалады. Бұл жұмыстардың қаражатын толықтай әкімдік өз мойынына алып отыр. Егер үйлеріңіз апатты деп танылса, заң шеңберінде тозығы жеткен үй тұрғындарына берілетін категорияға сәйкес кезекке қойыласыздар, – деп түсіндірді қала әкімінің міндетін атқарушы.

- Жалпы бұл мәселе облыстың бірнеше ауданына тән екенін байқадық. Облыс көлемінде, облыс әкімінің деңгейінде шешіледі деп ойлаймын. Мұндай келеңсіздіктер қайталанбас үшін осы мәселені Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа жеткізіп, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныс жасаймын, – деді Абзал Құспан.

Осыған ұқсас мәселемен келген тағы бір азамат, Құлсары қаласының тұрғыны Жұмақұлова Жұмагүлдің айтуынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша алған баспанасын жекешелендіріп алғысы келеді.

- 2019 жылы мемлекеттік бағдарламамен жалдамалы пәтерге ие болдық. Енді бұл пәтерді заңдастырғым келеді. Бірақ ол бағдарлама күшін жойды. Осының шешу жолдарын айтсаңыз, заң шеңберінде кеңес берсеңіз, – деді тұрғын.

Заңгер Абзал Құспанның айтуынша -  бұл барлық ауданға ортақ мәселе.

- Тұрғындардың бір ғана өтініші – баспананы жекешелендіру. Бұл мәселе тікелей үкіметтің араласуымен шешілетін мәселе. Сол себепті де аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі осы жағдай бойынша толық талдау қорытындысын  жіберсеңіздер, – деді құқықтанушы.

Жалпы AMANAT партиясының бастамасымен ұйымдастырылған қабылдауларға төрт ауданнан жалпы саны жүзге жуық адам қатысты.

 

Өз тілшіміз

Фото : Ашық дереккөз

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521