«WHATSAPPТА» топ ашып, тор құрған алаяқ

ҚАЗІР АЛАЯҚТЫҚПЕН АҚША ТАБУДЫҢ САН ТҮРЛІ ҚИТҰРТҚЫ АЙЛАСЫ ШЫҚТЫ. ҚУЛЫҒЫНА ҚҰРЫҚ БОЙЛАМАЙТЫН АРАМ ОЙЛЫ ӘККІЛЕР КӘДУІЛГІ ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОНДЫ ДА ӨЗ МАҚСАТЫНА ҰТЫМДЫ ПАЙДАЛАНЫП ҚАЛУДА. ӨТКЕН ЖЫЛЫ А. ЕСІМДІ ӘЙЕЛ АУЫРДЫҢ ҮСТІМЕН, ЖЕҢІЛДІҢ АСТЫМЕН МЫСЫҚТАБАНДАП ЖҮРЕМІН ДЕП ЖҮРГЕНДЕ АҚЫРЫ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНЫ ҚЫЗМЕТКЕРІНІҢ ҚҰРЫҒЫНА ТҮСІП, ӘРЕКЕТІ ӘШКЕРЕЛЕНІП ҚАЛДЫ. ОЛ ОҢАЙ ОЛЖАҒА ҚАРЫҚ БОЛУ ҮШІН ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ КӘДІМГІ «WHATSAPP» МОБИЛЬДІ МЕССЕНДЖЕРІН ПАЙДАЛАНАДЫ.

Оқиға өткен жылдың наурыз айының аяғында басталған еді. Бұрын да істі болып, бірақ жазасын өтеген 47 жастағы жұмыссыз әйел «WhatsApp» желісінен «Вклад Чат Анар» деген чат тобын құрады. Топқа тіркелген әрбір адамды өзінің көрсеткен есеп-шотына ақша салуға шақырады. Есесіне «әрбір салымшының қаржысын қысқа мерзім ішінде 30-50 пайызға көбейтіп, өсімімен қайтаратынын» хабарлап, уәдені үйіп-төгіп тастайды. «WhatsApp» арқылы жұртшылыққа жар салған жарнама жылыойлықтарға да лезде тарайды. Банкідегі депозитке қарағанда екі-үш есе артық пайызбен қайтып келетін «жеңіл» табысқа жұрт расында да сеніп қалды ма, бірте-бірте әлгі әйелдің құрған тобына балға үймелеген арадай топтаса бастайды. Сөйтіп әркім өз жағдайына қарай ақша аударады. Бірақ оның топ емес, алаяқтың құрған қаржылық торы екенін аңқау адамдар қайдан білсін?!

Алаяқ әйел әккі еді. Өзіне сенген аңғал адамдарды адастыру үшін оның алдын ала ойластырып қойған жоспары бар болатын. Ол өзі жақсы араласып жүрген таныс әйелдің Каспий голд есеп-шотын пайдаланады. Әлгі таныс әйелге, алдымен, телефон шалып, хабарласып мән-жайды түсіндіреді. Өзінің карточкасының құлыпталып қалғанын, сондықтан чаттың шарты бойынша ақша аударған адамдардың қаржысын сақтау үшін Кaspi bank карточкасын реквизит ретінде уақытша қолдана тұруға рұқсат сұрайды. Келісімін алған соң алғашқы ойы жүзеге асқанына қуанған алаяқ әрмен қарай бел шеше іске кіріседі. Көп ұзамай «WhatsApp» арқылы топ ашып, шартымен топ мүшелерін жақсылап таныстырады. Онда жоғарыда жазғанымыздай, «көрсетілген реквизит бойынша біреу ақша аударса, оны қысқа мерзім ішінде 30-50 пайыз аралығындағы өсіммен қайтарып алуына болады» деп жалған уәде береді.

Арада біраз уақыт өткенде алғашқы ақшалар түсе бастайды. Оны карточка иесі ұялы телефонындағы Кaspi bank қосымшасы арқылы қабылдап алып, өзге бір есеп-шотқа аударып тұрады. Көп ретте алаяқ әйел ол ақшаларды банкоматтан қолма-қол түсіріп алады. Бір жақсысы, шоттың нағыз иесі өз шотына бейтаныс адамдардың түсіп жатқан ақша сомаларын алғашқы әзірде қағазға түсіріп, есеп жүргізіп тұрады. Сонда мамыр айының басы мен маусымның аяғына дейінгі аралықта барлығы 857 мың теңгеге жуық ақша аударылған екен. Ал оның бір тиынын да қалдырмай алаяқ әйел өзі пайдаланып отырған.

Әрине, топтағы ойын шарты бойынша адамдарды алдап, өзіне тарту үшін алғашқы әзірде олардың ақшасына пайыз қосып, қайтарып беріп тұрған. Мәселен, жылойлық К. есімді тұрғын алғашқыда 20 мың тең салып, онысын 4-5 күннен кейін 26 мың теңге өсіммен алады. Риза болған К. сол күні тағы 21 мың теңге аударып жібереді де, онысы үш күннен кейін 30 мың тең болып оралады. «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, К. енді осы отыздықты көбейтуді көздейді де, сол бойда топта көрсетілген реквизитке кері аударады. Бірақ 30 мың теңге қайтып иесін таппайды. Сол кеткеннен мол кетеді.

Алаяққа алданып, ең көп ақша салған жәбірленушінің бірі Г. есімді әйел. Ол өзінің таныс құрбысына соңғы кездері қарызының көбейіп кеткенін айтып, мұңын шағады. Ол болса «Вклад Чат Анар» чатына кіруге ұсыныс жасайды. Оның «админінің» халықтан ақша алып, қысқа мерзім ішінде пайызымен қайтарып жатқанын жеткізеді. «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» дегендей, бұл жағымды жаңалыққа елең ете қалған Г. көп ойланып жатпастан бірден қолындағы бар қаржысын көбейтіп алуды көздейді. Ол әрекетімен, әрине, қарызынан құтылып қалуды ойласа керек. Алайда алаяқтың айласы оның мақсатын іске асыруға мұрға бермейтінін қайдан білсін?! Жаздың жайма шуақ бір күнінде Г. танысы арқылы топтың чатында көрсетілген есеп-шотқа бар жиған-терген 340 мың теңгесін аударып жібереді. 340 мың бір аптаға жетер-жетпес уақытта 510 мың теңге өсіммен кері қайтуы тиіс еді. Бірақ аударған ақша ізім-қайым жоқ болады.

Ал Ш. деген бір азамат чаттағы ойынның шарты бойынша, ең алдымен, 84 мың теңге ақша салады да, кейін тағы 73500 теңге аударып жібереді. Салған қаражатының әрқайсысына бес күннің ішінде 50

пайыз өсім қосылып, 157 мың теңгесі 236 250 теңге болып қайтуы тиіс-ті. Алайда ақшалары бес күн түгілі бес айдың ішінде де кері оралмады. Пайыздық пайда таппақ тұрмақ, Ш. шарт бойынша екі бөліп салған теңгелерін қайтып ала алмай, әуре-сарсаңға түсті.

Әрине, топтағы торға түсіп қалған жәбірленушілер жалғыз бұл емес. Қылмыстық іс материалдарына саралап қарап отырсақ, алданғандар - 10 шақты адам. Олардың ақшасын алдап алған алаяқ басым көпшілігін қайтармай кеткені кейін тергеу кезінде анықталды. Атап айтқанда, алғашқы «жемтігінен» 340 мың теңгені қалтаға басып алғаннан кейін көп ұзамай өзгелерден 105 мың, енді біреуден 157 мың 500 теңге түссе, кейбіреулер жағдайына қарай 10 500 теңге де аударған. Бір сөзбен айтқанда, торға түскен тоғыз адамнан ұзын саны 857 мың теңгені алаяқтық жолмен аудартып алып, қайтармай кеткені белгілі болды.

Ақшасын межелі мерзім ішінде кері ала алмаған топ мүшелері ақыры құқық қорғау органына жүгінеді. Сол сәтте алаяқ әйелдің барлық қылмыстық әрекеті әшкере болды. Әрине, алдын ала тергеу амалдары кезінде ол бірқатар жәбірленушінің қаражатын жартылай болса да қайтарды. Бірақ бұл айыпкердің заң алдындағы жауапкершіліктен құтылуына септігін тигізбегені анық.

Ақыры алаяқ әйелдің қылмыстық ісі бойынша тергеу аяқталып, аудандық сотқа жолданды. Сотта әйел жасаған әрекетіне өкініп, өз кінәсін толықтай мойындап, жауап берді. Жұрттың ақшасын өз пайдасына жаратқанын, жасаған кінәсін толықтай мойындайтынын, алдағы уақытта алдап алған ақшаларын кейін қайтарып беретінін, жасөспірім баласы бар екенін алға тартып, өзіне жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Ал істі қараған судья А.Асалов айыпкердің кінәсі оның соттағы берген жауабымен қатар, жәбірленушілердің айғақтарымен, қылмыстық істегі куәнің сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде берген жауабымен, сондай-ақ, сотқа дейінгі жинақталған құжаттармен, яғни заттай дәлелдемені қылмыстық іске тіркеу туралы, қарап-тексеру жүргізу туралы хаттамалармен, фото кестелермен және қылмыстық істегі басқа да дәлелдемелермен толық бекітіледі деп тапты. Өйткені сотталушы қысқа мерзім ішінде «ақшаны пайызымен көбейтіп беремін» деп бірнеше адамды алдап, аталған мән-жайды алаяқтық жасау тәсілі ретінде пайдаланып, жұртты шындыққа жанаспайтын көрінеу жалған мәліметтерге сендіріп, пайдакүнемдік пиғылмен жәбірленушілердің ақшаларын алаяқтық жолмен алдап алып, өз пайдасына жаратып жүргені сотта толығымен өз дәлелін тапты.

-Сотталушының іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігінің 4) тармағымен, 190-бабының 3-бөлігінің 4) тармақтарымен, дұрыс дәрежеленген. Өйткені ол «Алаяқтық» (сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену) және «Алаяқтық» ( сенімді теріс пайдалану жолымен бірнеше рет бөтен мүлікке құқықты иемдену) болып табылатын қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекетті жасаған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қылмыстардың бiрнеше рет жасалуын және жиынтығын саралау туралы» 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 11 нормативтiк қаулысының 4-тармағына сай, адам ҚК-нің бір бөлігімен қарастырылған қылмысты бірнеше рет жасаған кезде, белгілері ҚК-нің жалғасқан қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін бабының диспозициясымен қамтылмайтын өзге бөлігінде көзделген басқа қылмысты жасаған жағдайда, оның әрекеттері ҚК бабының неғұрлым қатаң жаза белгіленетін бөлігі бойынша саралауға жатады. Бұл ретте адамның жасаған барлық әрекеттерінің белгілері айыптауда және үкімде көрсетілуге тиіс.Сондықтан, айыпкердің қылмыстық құқық бұзушылық әрекеттері ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 4) тармағымен толық қамтылады. Ол - «Алаяқтық» деп аталады. Онда«сенімді теріс пайдалану жолымен бірнеше рет бөтен мүлікке құқықты иемдену» болып табылатын қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекетті жасағаны көрсетілген,-дейді аудандық соттың судьясы А.Асалов.

Аудандық сот үкімімен алаяқ әйел Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігінің 4-тармағымен кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Жаза өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылатын болды және пробация бөлімінің қатаң қадағалауында болады. Ал ақшаларын даулап сотқа талап арыз берген жәбірленушілердің пайдасына қалған 444 500 теңге өндіруге шешім қабылданды.

Аудандық сотта алаяқтыққа қатысты қаралып жатқан қылмыстық іс жалғыз бұл емес. Аудандық соттың төрағасы Б. Жұмабаевтың берген мәліметіне сүйенсек, онда өткен жылғы 12 айдың ішінде сотта 23 қылмыстық іс қаралған. Оның 13-іне соңғы нүкте қойылып, 11 алаяқтың үстінен үкім шыққан екен. Қалған істер қаралу үстінде.

Осының өзінен-ақ көп нәрсе түюге болады. Демек ауданымызда түлкідей құбылған алаяқтар да аз емес. Сондықтан «ақшаңды пайызбен көбейтіп беремін!» дегендерден аулақ жүріп, аса сақ болғанға не жетсін?!

І.ҚАРАТАЕВА,

аудандық соттың жетекші маманы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT