Республика бойынша қазіргі таңда кәмелеттік жасқа толмағандар арасында есірткіге, электронды темекіге, вейпке деген құмарлық тым көбейіп кетті. Әлеуметтік желіде де вейптің түтінін бұрқыратып тұрған мектеп жасындағы өрімдей ұл-қыздардың бейнесін көрдік. Біздің ауданда да вейп саудасы белең алып, көптеген сауда дүкендерінде ешқандай тексерусіз сатылады. Бірақ, қазір заң шықты. Енді вейпке вип клиент болсаңыз да, рұқсат жоқ. Өйткені, өткен аптада ғана парламент отырысында заң қабылданды.
Әрине, барлығымыз да ата-ана болған соң, балаларымыздың болашағын ойлап, бұл ақжолтай хабарға бөркімізді аспанға атып қуандық. Ал бұл заңды қабылдаудың өзі өте қиынға соққанын мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев былай деп жеткізді:
-Вейп саудасы жылына миллиардтаған қаржы әкеліп отыр. Тиісінше, оның артында үлкен мүдделер жатыр. Ешкім жылына миллиардтап қаржы әкелетін бизнесінен айырылғысы келмейді. Оған қарсы шыққан депутаттарға да ақпараттық шабуылдар жасалды. Бірақ, біз ақыры жеңіп шықтық.
Иә, қабылданған заңның арқасында Қазақстан Республикасының аумағында оны өндіруге, сатуға толықтай тыйым салынды. Заңға қайшы келгенге тағайындалар жазасы да ауыр. Айталық, вейп сатқанға ең жоғарғы 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Әкеліп, таратқан адам 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Қылмыстық топ жасаған немесе аса iрi мөлшерде не бiрнеше рет жасалған дәл осындай әрекеттер үшiн 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Бұл хабар көптеген ата-анаға қуанышты жаңалық болғаны сөзсіз. Өйткені, бұл улы зат балаларымыздың денсаулығын нашарлатып, болашағына балта шабады. Және оны пайдаланған адам тәуелділікке түсіп, жағдайы күрт төмендей түспек. Сондықтан, мұның алдын алу болашағымыз үшін маңызды шешімдердің бірі болды.
Көпшіліктің көкейінде жүрген өзекті мәселені тап басқан халық қалаулыларының бұл әрекетін қарапайым жұрт құптап отыр. Алдағы уақытта да депутаттар халықтың денсаулығына қауіп төндіретін заттардың бәрін заңмен құрықтайды деп сенеміз. Жастарымыздың дені сау, болашағы жарқын болғай.
Е. АХМЕТКӘРІМОВ