Соңғы уақытта қалада аялдамаларды бүлдіріп кету дерегі жиілеген. Вандализм фактілері көбейіп, қоғамдық мүлікке қасақана зиян келтіру жағдайлары тіркелуде. Құқық бұзушылар анықталған жағдайда олар заң аясында жауапкершілікке тартылатыны ескертілгенімен мәселе әлі де өзекті күйінде қалып отыр.
Аялдама - күн сайын жүздеген адам пайдаланатын әлеуметтік нысан. Таңғы асығыс сәтте жұмысқа баратын тұрғын да, мектепке жүгірген оқушы да, кешкісін үйіне қайтқан қария да осында аялдайды. Бірақ желден қорғайтын әйнегі сынған, іші қоқысқа толып бүлінген аялдамада жолаушылар қалай қоғамдық көлікті күте алады?! Өкінішке қарай мұндай көрініске көзіміз үйреніп кеткендей... Осы уақытқа дейін қала ішіне 85 аялдама орнатылған. Оның 5-еуі заманауи үлгідегі, жылы аялдамалар. Алайда кейбір аялдамалар көп уақыт өтпей жатып бүлініп, сынып жатады. Оған дәлел Балуан Шолақ көшесі бойында орналасқан аялдаманың әйнегі сынғанына бірнеше айдың жүзі болды. Әлі күнге дейін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеген. Бұл салдардың емес, салғырттықтың нәтижесі.
Иә, мәселенің бір ұшы –вандализмде. Ортақ мүлікті әдейі бүлдіретіндер бар екені жасырын емес. Әлеуметтік желілерде «Махамбет» даңғылы мен «Береке» ықшам ауданында орналасқан жылы аялдаманың ішін бүлдіргені жөнінде бейнежазба тараған болатын. Полиция қызметкерлері тексеру барысында кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қоқысты арнайы жәшікке тастамай, қоғамдық орынды ластағанын анықтаған еді. Аталған дерек бойынша ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 435-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, ата-аналарына 15137 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Тәртіп тек сөзбен емес, арнайы бақылаумен орнайды дейді мамандар. Қазіргі таңда қала бойынша 954 бейнебақылау камерасы орнатылған. Нәтижесінде 2025 жылы 240-қа жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Ал биыл қаңтар айының өзінде 21 құқық бұзушылық тіркелген. Осы тұста айта кететін жәйт, бақылау болғанымен қоғамдық мүлікке қол сұғу әлі де тыйылмай тұр. Демек камера орнату жеткіліксіз, жазаның бұлтартпай орындалуы маңызды. Аялдаманы бүлдірген адам оның жәй ғана темір мен әйнек емес, халықтың игілігіне салынған ортақ дүние екенін түсіну керек -дейді жауаптылар.
Сонымен қатар қаланы көркейту бағытында бірқатар шаралар да қолға алынуда. Бұл туралы қала әкімі аппаратының бас маманы Еркебұлан Қаржаубаев айтты. Оның сөзінше, шаһарды күтіп- ұстау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы қала көшелеріне 167-ге жуық жаңа орындық орнатылған. Ал, биыл 280-ге жуық көшеге жарық шамдарын тарту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, санитарлық тазалық жұмыстары қатаң бақылауға алынып, абаттандыру шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
– Қоғамдық орындардың тазалығы мен сақталуы – баршамызға ортақ міндет. Егер қоғамдық ортаны ластау немесе мүлікті бүлдіру фактілері анықталған жағдайда заң аясында әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын тұрғындардың қаперіне салғым келеді,-деді Еркебұлан Қаржаубаев.
Қорытындылай айтқанда, қоғамдық мүлік – барша тұрғынға ортақ игілік. Оны сақтау да, күтіп ұстау да әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз. Вандализммен күресте тек бақылау камералары мен айыппұл жеткіліксіз, ең бастысы – тұрғындардың саналы көзқарасы мен жауапкершілігі. Қаланың тазалығы мен көркі әрбір адамның әрекетінен басталады. Сондықтан ортақ дүниеге жанашырлықпен қарау – бәрімізге ортақ парыз.
А.Мейрамбайқызы




