Вахташылар қалашығындағы кеш

Ауданымызда «Теңізшевройл» компаниясы және оның сандаған серіктес мекемелері бар. Онда шетелдіктермен қоса еліміздің түкпір-түкпірінен келген жұмысшылар және жергілікті халық мұнай мен газды ел игілігі үшін игеруде тынбастан еңбек етіп жатыр.

ТШО-ның көптеген мердігер мекемелерінде еңбек ететін жұмысшылардың көбі Вахташылар қалашығында . Міне, осы жұмысшыларға Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау үшін және қаттаулы тарихы мен құт-қазынасы бар ауданымыздың 90 жылдық торқалы тойына орай аудан әкімінің бастамасымен өткен жұмада мерекелік шара ұйымдастырылды. Вахташылар қалашығындағы ашық алаңда Жылыой ауданы әкімдігінің Теңіз кеніші бойынша мемлекеттік инспекторы Орақ Бисембиев пен «Сенімді құрылыс» мекемесі бірлесіп, жұмысшылар үшін көңілді кеш өткізуге жағдай жасаған екен. Алаңға кеш түсе, жұмыс күнінен соң жиналған жұмысшылардың қарасы мол болды. Олар үшін аталған мекеме аспаздары ашық аспан астында кәуап пісіріп, кешкі ас ұйымдастырды. Ал аудандық мәдениет үйінің директоры Әлібек Темірханов бастап барған аудан өнерпаздары қалашық тұрғындарына әсем әннен шашу шашып, мың бұралған биді тарту етті. Аудан әкімдігінің Теңіз кеніші бойынша инспекторы Орақ Бисембиев жұмысшыларды өткен Ораза айтпен құттықтады. Сондай-ақ «Сенімді құрылыс» мекемесінің басшылары Халил Керем Эзер, Тарлан Гаджиев, Кевин Бэри жиналған жұртшылықты құттықтады. Мекеменің биылғы жетістіктері мол екенін, алдағы уақытта да осындай табыстарға жете беретіндерін айтып, бүгінгі кешті көңілді өткізіп, жақсы тынығуларына тілектестік білдірді. Ауданға белгілі әншілер Асқар Қоңыров пен Рита Самендирова, Жайна Нұрханова, ән сайыстардан жүлделі орын алып, болашағынан үлкен үміт күттіріп жүрген жас талант Нұрай Ғибрат, «Жем аруы» халықтық би ансамблі және тағы басқа өнерпаздар жұмысшылар қалашығын ән мен биге бөлеп, көпшілікке көңілді кеш сыйлады.

Тілшілерге сұхбат берген «Сенімді құрылыс» мекемесінің үкіметпен қарым-қатынастар бөлімінің басшысы Омер Кесим былай деді:

-Әуелі, осындай мерекені ұйымдастырып отырған аудан әкімі Әлимұхаммед Құттұмұратұлына алғысымды айтқым келеді. Мекемеде өз арамызда Ораза айт, Құрбан айт, Наурыз, Жаңа жыл сияқты мерекелерді, басқа да атаулы күндерді атап өтіп отырамыз. Бірақ аудан өнерпаздарының қатысуымен биыл бірінші рет концерт болып отыр.

-«Сенімді құрылыс» мекемесі туралы бірер сөз...

-«Сенімді құрылыс» компаниясы 2000 жылдан бастап Жылыой өңірінде, Теңізде жұмыс жасап жатыр. ТШО-ның үлкен мердігерлерінің бірі боп саналамыз. Мекемемізде мердігер компанияларды қосқанда 5 мыңнан астам адам еңбек етуде. Халықаралық компания деп те айтуға болады. Бізде Филипиннен, Үндістаннан, Америкадан, Түркиядан көп жұмыскерлер бар. Үшінші буын зауыты бойынша тапсырыс алдық. Алдағы 4-5 жылда осы жобамен айналысамыз. Біздің жұмысшыларымыздың 65-70 пайызы Атырау облысынан, соның ішіндегі үлкен бөлігі жылыойлықтар. 2019 жылы жаңа жұмыс көлемін бастаймыз. Сол кезде тағы да жұмысқа адамдар қабылдаймыз.

-Мекеменің ауданға қосып жатқан инвестициялары жөнінде айта кетсеңіз...

-Аудандағы жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімімен тікелей байланыстамыз. Мысалы, Ораза айында аз қамтылған отбасыларға, мүгедектердің отбасына азық-түлікпен көмектестік.

С.МҰРАТҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген: А.ДОЛЫБЕКОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521