Утильдік алым азайғанмен, көлік арзандамай тұр...

Қазіргі таңда халық, әсіресе жүргізушілердің көбі сапалы әрі қымбат көлікті мінгісі келеді. Алайда, оны сатып алуды екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Себебі қымбатшылық қысқан заманда шетелден көлік сатып әкелудің өзі қыруар қаржыны қажет ететінін барлығы біледі.

Соңғы кезде елімізде көлік сатып алу мәселесі - қиын мәселелердің бірі болып келеді. Алайда шешуі күрмеулі мәселе жуырда шешілетінге ұқсамайды. Өйткені көлік мәселесі деген кезде көліктердің қымбаттауы және шет елдік көліктер ғана емес, отандық көліктердің бағасы да шарықтап тұрғаны еске түседі. Көп уақыттан бері халықтың арасында утильдік алым мөлшерін қайта қарау керектігі айтылып келеді. Себебі оның мөлшері өте көп. Тіпті көліктің бағасына жуықтайды. Жыл басында «Утильдік алым мүлдем алынып тасталмақ», «Енді шет елден көлік әкелу тиімді» деген секілді әңгімелер тарады. Өйткені елімізде танымал «Тойота» маркалы автокөлігі Армениядан көптеп ағылуда. Тіптен керек десеңіз, өзіңіз бармай-ақ, жерлестеріміз сол елдерде жүріп-ақ, сізге өзіңіздің қаражатыңызға қарай автокөлікті бүге-шүгесіне дейін таныстырып, қалаған көлігіңізді тауып бере алады. Арасында апатқа түсіп, қалыпқа келтірілгендері де бар. Шет елдегі көліктерді елімізге шекарадан өткізудің оңай жолы табылып, көлік тасушылардың дәурені артты. Әрине, бұл үлкен тәуекел және жауапкершілікті қажет етеді.
Утильдік алымды жинап келген «Оператор РОП»-қа утильдік алым жинауына тыйым салынды. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай бұл жекеменшік компания жойылып, оның функциясы «Жасыл даму» АҚ-ға берілген. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бүкіл келіссөздерден кейін Үкімет утильалымды толықтай жоя алмайтынын, сондықтан оны 50 пайызға арзандатып отырғанын мәлімдеген болатын. Елімізде утилизациялық алым айлық есептік көрсеткішпен есептеледі. Осы жылғы айлық есептік көрсеткіш сәуір айынан бастап 3180-теңгені құрады. Утилизациялық алым көліктің қозғалтқыш көлеміне қарай төленеді. Оның нақты бекітілген кестесі бар. Қабылданған соңғы шыққан мөлшерлемеге сүйенсек, қозғалтқыш көлемі 1 ден 2л дейінгі автокөліктерге бұрын 1 072 050 теңге болса, қазір 556 000 теңге. Ал, бұрын қозғалтқыш көлемі 3л немесе одан көп көлікке 3 522 450болса, қазір 1 828 500 болып бекітіліп екі есе азайған.
Армениядан әкелінетін көліктер көбейген себепті Үкімет еліміздің аумағында заңсыз жүргендігін алға тартып, тиым салды. 10 жұмыс күні ішінде тіркеу қажеттігін айтқанда, көп жерде наразылықтар орын алды. Үкімет оларға арнайы сары нөмір беретін болып шешті. Алайда, бұның да өзінің шарттары бар. Көліктің жылына қарай және рулі оң жақта болмау керектігі және т.б. Бұдан бөлек айналаға көз жүгіртсеңіз толған Ресей елінде тіркеуде тұрған автокөліктер саны күн санап көбеюде. Өйткені Ресейдің, яғни Астрахань т.б қалаларынан көлік әкелу тиімді болып тұр-ақ. Көлік базарлары да Ресейден келген автокөліктерге толы. Мысалы Ресей нөмірлі автокөліктер өз елімізде тіркеуде тұрған автокөліктерден екі есе арзан. Сондықтан да соңғы уақытта Ресей елінде тіркеуде тұрған автокөліктерді алған тиімді болып тұр. Ал ол көліктерді өз елімізде тіркейтін болсақ утилизация алымына және т.б салықтарға тіреледі. Сол себепті жүргізушілер қамсыздандыру полисін төлеп қана жүргенді жөн көреді. Автокөлік нарығы сарапшыларының пікіріне сүйенсек, еліміздегі утилизациялық алымды халықтың әлеуметтік жағдайына қарай қарастыру керек.
Қазір біздің елдегі қымбатшылық бір ғана салаға әсер етсе мейлі ғой, сағат санап өсіп жатқан бағадан қарапайым халықтың қалтасы қағылуда. Өзге мәселелерді айтпағанда, өз елімізде шығатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы тұрақтамай, күн санап көтерілуде. Жеңіл автокөліктің бағалары еселеп көтерілгенде, ауыл шаруашылығына қажетті ауыр техникалардың бағасы қымбаттамайды дейсіз бе? «Бағасы қымбат комбайн, трактор секілді көліктерді сатып алатын диқандар өнім бағасын тұрақты ұстап тұра ала ма?» деген сұрақтар тағы бар. Еліміздегі барлық сала автомобиль саласымен тығыз байланысты. Көліктерге салынатын салық пен алымның өзі барлық тауардың қымбаттауына себеп болары анық...

А.ЖҰМАБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521