Әулиені әлдилеген қасиетті топыраққа Бас мүфтидің де табаны тиді

Өткен аптаның бейсенбісі күні ауданымызға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз бастаған дін өкілдері мен қонақтар арнайы іссапармен келді.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында еліміздің Бас мүфтиі аудан активімен, бұқара халықпен, жалпы дінбасылармен кездесті. Басқосуды аудан әкімінің орынбасары Нұрадин Өмірбаев жүргізіп, Серікбай қажы мен онымен бірге келген делегациямен таныстырды.

Дінбасымен бірге Жылыой топырағына айтыскер ақын Жакен Омаров, Бас мүфтидің көмекшісі Ербосын Орын, діни басқарманың теолог-ғалымы Бауыржан Әлиұлы, баспасөз хатшысы Ағабек Сыдықов болды.

Атырау қаласында болып, Доссор кентінің жұртшылығымен де жүздесіп, Жылыойға жеткен Бас мүфти Бекет Мырзағұлұлының кіндік қаны тамған топыраққа табаны тигеніне, әулиенің ұрпақтарымен жүздестіргені үшін Аллаға шүкіршілік етіп, өзін қуанышты сезініп отырғандығын жасырмады. Шетелде жоғары білім алып, бар саналы ғұмырын осы оқуын толықтыруға жұмсап келе жатқан Серікбай қажы қазіргі қазақ халқының да жаппай ілім-білімнен сусындап, руханият көшінен қалыспаған бүгінгі берекелі бірлікпен жасап жатқан тірлігіне шексіз ризашылығын білдірді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан кейін санаға сілкініс жасап, рухани құндылықтарға ден қойған заманда ішкі жан-дүниемізді де өзгертуіміз керектігін ескертті. Бұл ретте «Сіздер өздеріңіз өзгермейінше, сіздің айналаңыз, жанұяңыз өзгермейді» деген Құран аяттарын еске салды.

Әрине, Бас мүфти айтқандай, ата-бабамыз саналы түрде қабылдап, мойынсұнған ислам дінінен үйренеріміз көп. Мұсылманшылықтың тұтқасынан мықтап ұстанған қазақ халқы иманы кәміл, кемеліне келген мұсылман атанып, ондаған ғасырлар бойына дін мен дәстүрді сабақтастыра отырып, ұрпағына ұлағатты тәлім-тәрбие бере білді. Бүгінде сол дәстүрлі исламның алтын діңгегін түп тамырымен кескісі келіп жүрген жат ағымдар бүгінгі бейбіт тіршілігіміздің берекетін кетіргісі келген сыртқы күштердің әрекеті екенін әшкереледі Серікбай қажы. 70 жыл дінсіз қоғамда ғұмыр кешкен, діни сауаты жоқ жұрттың жастарын теріс жолға түсіру оңай болатындығын олар жақсы біледі. Сондықтан кең-байтақ даласы бар, бірақ халқының саны аз қазақтың жерін осындай «бейбіт жаулап алу» саясатымен алып қалуды көздейді. Сондықтан «Барлық нәрсе ниетке байланысты» деген пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мұхаммедтің өсиетін еске салған Бас мүфти ата-бабамыздай Аллаға деген ақ ниетімізге кір шалдырмай, дініміз бен дәстүріміздің діңгегін мықтап ұстануға шақырды. «Ой, ниет кіршіксіз таза болса, қызғаныш болмаса, бастаған ісіміз ілгерілеп, берекелі де баянды бірлікке бастайды» деген Бас мүфти бұл ретте жастарымызға бағыт-бағдар берер қарияларымызға зор сенім артатынын жасырмады. «Бата - бақыт бастауы», «Батасыз ұл жарымас, баталы құл арымас», ел ертеңінің жарқын болмағы ақсақалдың ақ батасы мен ақ жаулығын кір шалмаған асыл әжелердің ақыл-парасатына байланысты. «Қазақ даласына ислам күні кеше келгендей адасып жүрген жастарымызды теріс ағымнан арашалап, сыртқы күштерге төтеп берер - еліміздің қазыналы қариялары» деген Бас мүфти Маңғыстаудағы Бекет ата мен Шотан батыр рухына, Атырау аумағындағы ер Махамбеттей батырға зиярат етуге, әулиенің туған жері - қасиетті Жылыой жеріне тәу етуге жалғыз келмегенін жеткізді. Бұл ретте дін өкілдерін ғана ертіп жүрмей, жыршы-термешілерді де қасынан тастамай келген Серікбай қажы Ораз сөз кезегін Майлықожа ақынның ұрпағы,оның мақамдарын халыққа жеткізуші айтыскер ақын Жакен Омаровқа берді. Ол өз кезегінде мәжіліс мінбесіне көтеріліп, көп сөйлеп жатпады. Қазақтың қоңыр домбырасы мен сырлы әуенді сырнайын кезек-кезек алып жіберіп, Майлықожа ақынның ата-ана туралы, жаратылыс хақында жырлаған термелерін тебірене орындады.

Әсерлі де мәнді кездесу соңында Серікбай қажы Ораз аудан басшылығына естелік ретінде «Ұлы дала төсіндегі ислам» атты кітабын тарту етті. Аудан жұртшылығы атына қажылар қауымдастығының төрайымы Қалау қажы Қосқұлақова аналық алғысын арнады. Келелі кездесуден кейін Бас мүфти бастаған топ Құлсары қаласындағы Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің жұмысымен таныстырды. Екі мың адамға дейін кеңейтілген ғибадатхананың бүгінгі тыныс-тіршілігімен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкіл имамы Батыржан қажы Берденұлы таныстырды. Алланың үйінде болған қонақтар жанындағы кітапхана, неке залы, діни заттар дүкені, ас беретін арнайы зал мен мәжіліс бөлмесін көріп, осындай игілікті іс тындырған жылыойлық кәсіпкерлерге, әсіресе Сәлімжан Балжігітовтей тақуа азаматқа ризашылығын білдірді. Кешкісін Бас мүфти құптан намазының уақытында Жылыой жамағатымен жүздесіп, мұсылманның қадір-қасиеті хақында уағыз айтты.

Ербол ҚОШАҚАНОВ,

арнаулы тілшіміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521