Құтыру – қауіпті дерт

Қазіргі мезгілде дала аңдары мен бұралқы иттер, мысықтарда құтыру аурулары жиі болып тұрады.

Ауыл, қала ішіндегі иттерге даладан түлкі, қарсақ, қасқыр сияқты жануарлардан құтыру ауруы жүғуы мүмкін. Тұрғындардан құтырған ит қапқанда пайда болатын құтыру ауруынан сақтану жолдары туралы маман Зоя Тасболатованың кеңесін оқырмандарға ұсынамыз.

- Құтыру ауруы қалай жұғады? Толығырақ түсіндіріп өтсеңіз.

- Тұрғындар бағып отырған малдарынан, иттерден, мысықтардан құтыру ауруы белгілерін көргеннен-ақ ветеринарлық дәрігерге тез арада хабарлауы керек. Ауру белгісі бар жануарлар, иттер, мысықтар оқшауланбаса, мал, иттер, мысықтар өлекселері өртеліп, залалсыздандырылып көмілмесе жұқпалы аурулардың таралу қаупі бар. Егер адамды құтырған ит, мысық немесе үй жануарлары, дала аңдарының біреуі тістесе, ауру жұғады. Сондай-ақ, құтырған құстардың сілекейі адам терісінің жарақаттанған жеріне тиетін болса, адам ауырады. Кеселдің адам бойындағы дамуына дейінгі жасырын кезеңі (инкубациялық кезең) 15 күннен 2 айға дейін, кейде бір жылға дейін созылуы мүмкін.

- Алғашқы клиникалық белгілері қандай?

-  Науқастың көңіл күйі төмендейді, ұйқысы бұзылады, тістеген жердің айналасы ауырып, терісі күйіп қалған сияқты дуылдап, сезімталдығы артады. Дене қызуы жоғарлайды. Науқас ауаның жетіспеушілігіне, жұтына алмайтындығына шағымданады. Су көрсе немесе ағып жатқан судың даусын естігенде жұтқыншақ бұлшық еттері тырысып қалатын сияқты үрей пайда болады. Әрі-беріден соң жарық сәуледен, айналадағы дыбыстардан тырысып қала беретін болады. Көзінің мөлдір қабығын тітіркендірген кезде науқас кірпігін қақпайды. Ал тілінің түбін қасықпен немесе шпательмен басқан кезде лоқсымайды. Яғни түбірімен жұтыну рефлексі жоғалады. Ауру мазасызданып, орнынан ыршып түсіп, қашып кетуге әрекеттенеді, жанына жақындаған адамды тістеуге ұмтылады. Сөйлегенде тілі күрмеліп, сөздері түсініксіз болады. Көз алдында түрлі елестер көрініп, науқастың аузынан сілекейі ағып, бет әлпеті қорқынышты күйге түседі. Жүрек соғысы жиілеп, тахикардия пайда болады. Дәрігер келгенше науқасты оқшаулап, бақылаған жөн. Бүгінге дейін құтыруды емдейтін арнайы емі жоқ. Сондықтан құтырған малдармен немесе иттермен,мысықтармен, жабайы аңдармен қарым-қатынаста болған адамдардың құтыру ауруына қарсы дер кезінде егілулер қажет екендігін ұмытпағанымыз жөн.

-  Қалада иттерін бос қоя салатын тұрғындар көп. Тіпті адамға ұмтылатындарын да көріп жүрміз. Бұған қалай тосқауыл қоюға болады?

-  Итті тиісті ережелерге сай ұстамау Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 408 бабына сәйкес ит адам денсаулығына зиян келтірсе иттің иесіне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ит ұстау ережелері бұзылса (еш зиян келтірместен көшеде жүрсе, өткен адамдарға үріп мазаласа) 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде аудандық ішкі істер бөлімдерімен айыппұл салуға әкеп соғады.

-  Аурудың алдын алу шараларына тоқталсаңыз.

-  Құтыру ауруын болдырмау үшін жануарлардан зардап шеккен адамдар, құтырмаға күдікті немесе құтыру диагнозы зертханалық жолмен расталған жануарлармен қатынаста болған адамдар шұғыл медициналық көмекке келуі керек және осы ауруға қарсы екпелерді хирург-дәрігердің тағайындауына сәйкес алуы керек. Сондықтан, небары 5 екпе алып, өз денсаулығыңызды, өз өміріңізді аман алып қалыңыз.

- Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан: П.ҚИЗАТОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521