ТЫҢ ЖОБАЛАР ӨРІСТЕСІН

Індет қаупі әлі сейіле қойған жоқ. Кеселдің зардабынан өлім құшқандар саны аз емес.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде Атырау облысының тәуелсіз Қазақстанның әл-ауқатын көтерудегі сүбелі үлесін, сондай-ақ, өңірдің әлемдік деңгейдегі бедел-биігін де айрықша атап өтті.

Күн санап қарқын-қауқары ұлғайған облысымыз ең үлкен индустриялық аймақ ретінде кең дүниеге танылып, келешегі зор жоба-жоспарларды сеніммен қолға алып, ойдағыдай еңсеруде. Халық шаруашылығының қай тұсы да барынша үдемелі сипат алып, ауқымды жұмыстар арнасы кеңеюде.

Облыс экономикасының өрге басуы әсіресе, Қазақстанның инвестициялық имиджін жоғарылатуда. Мұндай құптарлық қадам республикалық бюджетке және Ұлттық қорға құйылатын қаржы көлемін молайтуда.

Президент Қ.К.Тоқаев өткен кезеңде біршама татымды істерге өріс ашылғанмен түйінді жайлардың да аз еместігін алға тартып, келер күндерде шешілуге тиіс жеті міндетті атап көрсетті. Соның ішінде денсаулық сақтау жүйесін нығайтудың маңыздылығына да мән берді. Бұл ретте Жылыой ауданындағы жағдайдың жақсара түскенін қалаймыз.

Індет қаупі әлі сейіле қойған жоқ. Кеселдің зардабынан өлім құшқандар саны аз емес. Сын шақ басқа түскенде дәрі-дәрмек пен дәрігерлердің жетіспеушілігі, заманауи емдеу нысандарының тапшылығы анық сезілді. Рас, Құлсарыда еңселі емхана салынуда. Оны сапалы әрі тез аяқтап, емдеу-сауықтыру ісіне серпін берсек, елдің сауабын алар едік.

Сондай-ақ, медицина мамандарының тұрмыстық деңгейін, кәсіби шеберлігін көтеру де назардан тыс қалмасын. Бұл орайда мемлекет басшысының аталған сала қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасауды қатаң тапсырғанын ұмытпайық.

Көздеген меже мен тың жобалар кіршіксіз ниет пен ыстық ықылас сызатсыз сабақтасқанда ғана жемісін бермек.

Ә.Ж.Сисенбердиев,

Жылыой аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы,

ҚР Құрметті журналисі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521