Осыдан он шақты жыл бұрын маған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасы архивінен 30-40 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ісімен танысудың сәті түскен еді. Сол құжаттардан соғыстың алғашқы жылдарында кеңестік биліктің өрескел қателігінің кесірінен жаппай тұтқындалған немесе өз ықтиярынан тыс жағдайда, яғни ауыр жарақаттың зардабынан неміс әскерлерінің қолына түскен қырық шақты атыраулық азаматтың тағдырымен танысқан болатынмын. Олар Украина мен Польшаның аумағында орналасқан концентрациялық лагерьлерде қамауда болғанда фашистер ату жазасымен қорқытып, «Түркістан легионына» зорлап енгізген. Онда Жылыой ауданы бойынша төрт азаматтың істері сақталған екен. Олар – Құсайын Қыстауғалиев, Қашқынбай Нұртілеуов, Жұманазар Өтеуов, Өмірғали Сейітқалиев деген азаматтар.
АНАСЫНА БІР УЫС ТОПЫРАҚ ТА БҰЙЫРТПАДЫ
Бұл азаматтардың барлығы 1993 жылы 14 сәуірдегі Қазақстан Республикасы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» заңына сәйкес толық ақталды. Десек те, олардың өмір жолы өте мәнді, оны қазіргі жас ұрпақ білуі тиіс. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» немесе «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген халық мәтелінде айтылғандай, төртеуі де – өздерінің басына түскен адам айтқысыз тағдыр ауыртпалығын асқан қажырлылықпен көтеріп, адамгершілік асыл қасиеттерін сақтап қала алған туған жердің адал перзенттері. Соның арқасында екі бірдей лагерьдің азабын тартса да, қиындықты еңсеріп, артқа тастап Отанына оралып, отбасыларын құрған, алтын асықтай ұлдары мен қылықты қыздарын өмірге әкеліп, оларға тамаша білім мен тәрбие беріп, өсіріп жеткізді.
Солардың бірі - Өмірғали Сейтқалиев (1916-2008) бұрынғы Гурьев облысы, Тайпақ ауданында дүниеге келген. Қамауға алынғанға дейін Гурьев облысының Жилокоса ауданы, Құлсары кәсіпшілігінде тұрған. Ұлты қазақ, орта білімі бар, бұрын сотталмаған, кедей шаруа отбасынан шыққан. 1939 жылдан бастап РККА-да, 284-атқыштар полкінде жауынгер болған. Құлсары АРС-кәсіпшілігінің бас бухгалтері болып жұмыс істеді.
1949 жылы 16 қаңтарда РСФСР Қылмыстық кодексінің "б" тармағының 58-1-бабы бойынша 15 жылға бас бостандығынан айырылды, содан кейін 5 жыл мерзімге құқықтары шегерілді, мүлкі тәркіленбеді. Өмірғали Сейітқалиев 1941 жылғы 24 маусымда жау тұтқынына түскеннен кейін 1942 жылдың ақпанында "Түркістан легионына" өз еркімен қосылады. фашистік Германияға ант қабылдап, 450-батальон құрамында 1944 жылдың маусымына дейін бөлім командирі, содан кейін взвод жетекшісі болып қызмет еткені үшін әскери трибуналмен кінәлі деп танылды. Бірақ ол Қызыл Армияға қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан жоқ. Осы кезеңде ол гарнизондық қызмет атқарды, теміржол желілерін күзетіп тұрды. Іс материалдарынан Ө.Сейтқалиевтің немістер қоршауында қалып, жараланып, жауға қарсылық көрсете алмай тұтқынға түскені көрінеді. 1944 жылдың маусымында тұтқыннан қашып шығып, Қызыл Армияның жағына өтіп, содан кейін неміс-фашистік әскерлерге қарсы ерлікпен шайқасып, жараланады. Осы кезеңдегі ерлігі үшін Өмірғали Сейтқалиев Даңқ, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, бірнеше медальдармен наградталады.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, 1993 жылғы 14 сәуірдегі "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту туралы" Қазақстан Республикасының заңының 5-бабы "а" тармағының және "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының заңына толықтырулар енгізу туралы "1997 жылғы 22 шілдедегі заңының негізінде Өмірғали Сейітқалиев толық ақталды. Оның 1949 жылы жазықсыздан жазықсыз қалай ұсталғаны туралы оның балдызы кезінде былай деп жазған болатын:
- Менің туған апам Аманқыз 1947 жылы қаңтарда Құлсары кәсіпшілігінде тұратын Өмірғали Сейітқалиев деген азаматқа тұрмысқа шықты. Апамның мамандығы мұғалім болатын. Сол кезде Құлсарыдағы Абай атындағы мектепте оқытушы болып еңбек етті. Ал жездем Өмірғали соғыстан 1946 жылы оралғаннан кейін «Эмбанефть» мұнай өндіру басқармасына қарасты жұмысшыларды жабдықтау басқармасының есепшісі қызметінде болды. Мен апам мен жездемнің үйінде жатып оқыдым. Соғыстан кейінгі елдің тіршілігі белгілі ғой. «Біреуден ілгері, біреуден кейін» дегендей, қоңырқай өмір сүріп жаттық. Сол кездегі ол үйден менің балалық шақтан есімде қалғаны екі әже: Өмірғали жездемнің анасы Мәдина мен жеңгесі және кішкентай ұлы Сағынышпен бір үйде тұрғанымыз еді. Міне, осындай айрандай ұйып отырған отбасының тұрмыс-тіршілігі 1949 жылдың басындағы бір күнде астан-кестен болып бүлінді.
Әлі есімде, қыстың күні болатын. Таңертеңгі сағат 10-ның шамасында орталарында жездем бар екі милиция қызметкері үйге кіріп келді. Олардың аяқтарының тарсылынан пеш түбінде қатты ауырып жатқан Мәдина құдағай «Кім келді, кім келді?» - деп шошына сұрады. Мен: «Екі милиция келді» - дедім. Милиция қызметкерінің біреуі жездеме барлық құжаттарыңды шығарып, дереу көрсет деп бұйырды. Екінші милиция қызметкері үйдің есігінің алдында тұрды. Жездем кереуеттің астында жатқан чемоданды алып, ішіндегі қағаздарды көрсетті. Ол қағазға бірдеңелерді толтырды. Содан кейін жаңағы милиционер қатуланып, «Тез жинал, артық киімдерді алма, кетеміз», - деп бұйырды. Сол кезде анасы Мәдинаның жан дауысы шығып: «Балам-ау, мен болсам ауырып жатырмын, қайда барасың?» - деп жылады. Оған қосыла үйдегі бәріміз: 10 жастағы оқушы қыз – мен, кәрі жеңгесі және екі жастағы ұлы Сағыныш та бірге жылап жаттық. Өмірғали жездем: «Апа, мен енді келмейтін жерге кетіп барамын. Сенің де санаулы күндерің қалды. Басыңа менен бір уыс топырақ та бұйырмайтын болды-ау» - деді өкінішпен. Содан кейін жездемді аудан орталығы Қосшағылға, кейін Гурьевке апарғанын естідік. Онда біраз уақыт түрмеде отырған. Түрмеде болған кезінде менің ағам Айнеш Құлбаев түрменің бастығынан рұқсат алып, жездемді әйелі Аманқызбен және басқа да туысқандарымен жүздестіріпті. Одан кейінгі өмір жолы көрсеткендей, әскери трибунал жездемді 15 жылға лагерь жазасына кескен. Бірақ етінің тірлігі мен ерекше сауаттылығының арқасында ол 5 жыл отырып, еліне оралған еді.
Елге оралғаннан кейін айтқан әңгімесіне қарағанда басынан өткен жағдай былай болған: бірнеше мың тұтқыны бар Саратов лагерінде тұтқында жүргенде бір күні таңертең лагерь басшылары жұрттың бәрін қатарға тұрғызып, ерекше бір жаңалықпен таныстырыпты. 1954 жылдың қыркүйек айында КСРО Жоғарғы Кеңесі Пленумының Қаулысымен 15 жылға сотталған Өмірғали Сейтқалиевке қатысты Әскери Трибуналдың бұйрығы бұзылып, оны босату туралы шешім шыққан. Оны мыңдаған тұтқындардың алдында лагерь басшысы оқыпты. Жоғарғы Кеңестің Пленумының осындай жездем үшін оңды шешімінің шығуына И.В.Сталинге жазған хаты себеп болса керек. Содан кейін лагерьде қызмет етіп жүрген ұлты татар офицер жездемді үйіне апарып қондырып, ертеңіне Мақат станциясына баратын пойызға отырғызып, еліне аттандырып салған екен. Менің есімде қалғаны, лагерден оралған жездемді менің әкем мен ағам Құлсарыға өз отбасына үлкен қуанышпен апарып орналастырды. Кейін әкем қайтыс болғасын, жездем менің анамды қолына алып, бағып-қақты, арулап өз қолымен жерледі.
Жездем менің жеке басымның да үлкен азамат болып қалыптасуыма зор ықпал етті. Ол кісі жезде емес, әкемдей, туған ағамдай қамқорлық жасады. Кәмелет жасқа келгесін, мен тұрмысқа шықтым, ұл-қыз тәрбиеледім, 1997 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Махамбет ауданындағы «Зауральный» совхозында егін бригадасында звено меңгерушісі болып еңбек еттім. Сол кезде еңбекте алда болған озат қызметкерлер қатарында КПСС мүшесі атандым. Менің жездем жөнінде есімде қалғаны осы, ағайын. Ол кісі ешкімнің ала жібін аттамаған, ақ, адал, қайырымды да әділ, тура адам болды. Өз балаларын және мен сияқты туысқандарын осындай жақсы қасиеттерге тәрбиеледі. Сондықтан жездем Өмірғали біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
(жалғасы газетте)
Шахман НАҒЫМОВ, Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау университетінің профессоры, саяси-қуғын
сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның мүшесі,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегер