Өткен аптада «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде аудан әкімінің орынбасары, партия мүшесі Әнуар Шәкіров аудан тұрғындарын қабылдады. Онда 5 тұрғынның өтініші тыңдалды.
Өтініш беруші тұрғынның бірі 4 «а» ықшамауданына балалар ойын алаңын салу мәселесі бойынша келіпті. Ә. Играшинұлы қала әкімі аппаратына тиісті тапсырма беруге және жеке бақылауына алатындығын жеткізді. Ал келесі кезекте келген жанның өтініші бойынша тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, автомобильдер жолдары және тұрғын-үй инспекциясы бөліміне
жүгіну ұсынылды. Әйелдің кезегі 441 нөміріне жетіпті. Сондай-ақ, ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға аудан әкімінің орынбасары тиісті әлеуметтік көмек көрсетілетіндігін жеткізді. Жалғызбасты, 3-топтағы мүгедек жан өз басындағы жұмыссыздық мәселесін шешуді сұрады. Бұл жөнінде сол жерде жергілікті мемлекеттік мекемемен байланыс орнатылып, медбике қызметіне тұрақты жұмысқа орналастырылып, мәселесі оң шешімін тапты.
Өзге де өтініш иелерінің қойған сұрақтарына Ә.Шәкіров қолданыстағы заңдар аясында түсініктеме беріп, өтініштері назарға алынып, өз тарапынан бақылау жүргізілетіндігін жеткізді.
Қоғамдық қабылдау – партияның тұрғындар арасындағы кері байланысы мен азаматтардың құқықтарын қорғаудың негізгі құралдарының бірі. Бүгінге дейін қоғамдық қабылдау бөлмесінде мәслихат депутаттары, партия филиалының төрағасы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, бірқатар жұмыстар атқарып, оң нәтижесін беріп келеді. «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау орнында тұрғындардың мәселелерін тыңдау, шешуге ықпал жасау алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
А. ЖҰМАБЕРГЕНҚЫЗЫ