«Тұғыры биік тәуелсіздік»

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйінде «Тұғыры биік тәуелсіздік» атты салтанатты шара болып өтті.

Мерекелік шараға аудан әкімі Халел Жамалов, аудандық мәслихат хатшысы Сайлаубай Таласов, аудан әкімінің орынбасарлары, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметшілер мен түрлі сала мамандары қатысты.

Мәдениет үйі сахнасының төріндегі салтанатты шара мен концерттік бағдарлама басталмас бұрын, ең алдымен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны шырқалды.
Шара шымылдығы аудан әкімі Халел Жамаловтың Тәуелсіздік тойына арналған құттықтау сөзімен ашылды. Өз кезегінде аудан басшысы егемен еліміздің ертеңіне үлкен сеніммен қарайтынын айтып, барша жерлестерін айтулы мерекемен құттықтады.

- Биыл Қазақстан мемлекетінің Тәуелсіздік бесігінде тербелгеніне – 30 жыл. Бүгін біздер үшін ең ұлы мейрам, ұлық мереке. Баршамыздың жүрегімізге жылылық, жүзімізге қуанышты күлкі сыйлайтын ерекше күн. Талай қилы заманды бастан кешу арқылы қол жеткізген бақытымыздың орны қашан да ерекше. Тәуелсіздік алған күннен бастап бостандық пен еркіндік біздің үкілеген үмітімізге айналды. Бодандықтың құрсауынан босап шығып, азаттықтың ақ таңы атқан алғашқы күннен кейін еліміз үшін жаңа мүмкіндіктер мен белестерге жол ашылды. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Біздің ендігі басты міндетіміз – егемендіктің қадірін біліп, Тәуелсіздігімізді мәңгілік сақтап қалу. Әрдайым бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болсын! Баршаңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын! – деді аудан әкімі Халел Жамалұлы.

Әкімнің құттықтау сөзінен соң кезек ауданның жан-жақты дамуына зор үлес қосып жүрген әртүрлі сала мамандарын марапаттауға берілді. Марапат иелеріне облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың, аудан әкімі Халел Жамаловтың атынан алғысхаттар табысталды. Сондай-ақ, еліміздің демографиялық ахуалын дамытып, қазақтың қара домалақтарының санын көбейтіп жүрген көпбалалы, батыр аналарға «Алтын Алқа» және «Күміс Алқа» медальдарын аудан басшысы өз қолымен табыстады.

Мерекелік жиын кезінде аудандық мәслихат хатшысы Сайлаубай Сұлтанғалиұлы да жылыойлықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен құттықтап, бірқатар азаматтарды алғысхатпен марапаттады.
Марапаттау шарасы өз мәресіне жеткен соң аудан өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Домбыраның қос шанағынан күмбірлеп күй де төгілді, Жылыойдың жезтаңдай әншілері шырқатып ән де салды, биші қыздар мың бұрала билеп, көрерменнің көзайымына айналды.

Шашу шашылды, мереке өзінің жоғарғы деңгейінде тойланды. Ең бастысы, екі жылдан астам уақыт індетпен алысқан жұрттың көңілі бір серпіліп қалды. Концерттік бағдарламадағы ең ерекше көрініс театрландырылған сахналық қойылым болды. Дәстүрлі әншілер ұлттық нақыштағы көз жауын алар киіммен сахнаға шығып, домбырамен жанды дауыста кезек-кезек ән салды.Шара соңында әншілер тобының орындауында Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні хормен шырқалып, көрермендердің көңіл көкжиегі бір кеңейіп қалды.

 

Шаттық ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT